– Бұл заманнан қазақ елі жалғыз COVID-19 ғана емес, мемлекетіміздің дамуын кері тартқан өзге де кеселдерден арылып шығуы қажет. Коронавируспен күрес сондай-ақ елдегі жемқорлыққа тегеурінді соққы беруі керек. Онсыз ешбір іс ілгері баспайды. Бұл ретте кешегі үндеуінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз», – деп нықтап айтты. Бұл бойға сенім құяды. Адам шығынына соқтырған жүйелі қателіктерге жол берген лауазымды шенеуніктер жазасын алуы тиіс. Бұл – халықтың талабы. Жақсы билеуші жұрт кенелген мерейге ғана емес, ел басына түскен қайғыға да ортақ болып, елмен бірге еңсереді. Мемлекет басшысы онсыз да аз қазақ халқының қырғынға кезігуі жанына батқанын жеткізді. – «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын, – дей келе, Қ.Тоқаев дүйсенбі, 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Ел Президентінің бұл қадамы бекер емес. Қазақстанда жағдай қатты алаңдатады. Ресми дерек бойынша, КВИ-ден 264 қазақстандық дүние салды. Олардың туған-туысына қайғырып, көңіл айтқым келеді. Сондай-ақ осы індеттен қаза болғандар санағын дұрыс жүргізуге де мән берген жөн. Мысалы, ауыл-аймақтан хабарласып жатыр. Ресми дерекке сәйкес, бір ауданда коронавирустан екі-үш адам ғана қаза тапқан, ал жергілікті мешітке 53 адамның жаназасын шығаруды сұраған өтініш түсіпті. Бәлкім, басқа бір ауруы ушыққан адамдарға уақытылы көмек көрсетілмеген болуы мүмкін. Бұл мәселе де назардан тыс қалмағаны жөн. Қазақ – кең тынысты, кесек мінезді, қайсар халық. Ұлтымыз тұмандай тұтасып, күннің көзін жасырып жоңғар-жау қаптаған, 150 жыл қан-қасап соғыс болған заманды да өткерді, аман қалды, Елбасының бастауымен жаңа, тәуелсіз мемлекет құрды. Қазіргі пандемия жаһан соғысына теңелгенімен, оны жеңу халқымыздың қолынан келеді. Ол үшін қамқор Президентіміз, мемлекеттің қаржы-қоры бар. Дүрбелеңге, уайым-қайғыға берілмейік, рухымызды биік ұстайық, індетке қарсы шараларды сақтайық, дәрігерлер берген кеңесті ұстанайық! Жарқын өмірге деген үміт шырағын сөндірмейік, ағайын! Өйткені үмітін жойып алған халық үшін өмірдің мән-мағынасы да жоғалады. Ал алға, асыл армандарға ұмтылған ел арайлап атар таңға жетеді, жаны жадырап, қуаныш пен шаттыққа бөленеді.
Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты