Президент коронавирус пандемиясына байланысты елімізде қалыптасқан ахуалға баға бере отырып, атқарылатын бірқатар шараларды атап өтіп, қаймана жұртты сабырлы болуға, еңсені түсірмеуге шақырды. Әрі еліміздің COVID-19 індетімен күресте әлі де атқарар ісінің мол екенін, салғырттық танытуға болмайтынын айтты. Президент пандемияға байланысты Қазақстанда ғана емес, әлемдегі ахуал да күрделі екенін атап өтті. «Баршаңызға мәлім, қазір әлемдегі пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай күрделене түсуде. Коронавирустың таралуы бәсеңдемей отыр. Кейбір елдерде бұл індет қайтадан ушығып бара жатыр. Әлем бойынша осы вирусты жұқтырғандардың саны шамамен 12 миллионға жетті, соның салдарынан 500 мыңнан астам адам қайтыс болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан бірқатар елде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынасы қайтадан шектелген. Қазақстан да мұндай қадамға амалсыздан барып отыр. 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге күшейтілген карантин шаралары енгізілді. Бұл өз кезегінде жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізуі тиіс. Қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер көріне бастады.
Алдағы екі апта – шешуші кезең
Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, індет таралуын тежеуге карантиннің пайдалы болары анық. Оны Мемлекет басшысы да айтты. «Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ. Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты. Бұл – өте қауіпті, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт», – деді Президент. Сонымен қатар пандемия еліміздегі денсаулық сақтау саласына көп ауыртпалық түсіргенін айтты Қ.Тоқаев. Сонымен қатар ол мемлекеттің барлық қажетті шараларды қабылдағанын, медицина қызметкерлерінің жанкештілігінің арқасында емделіп шыққан азаматтар саны мол екенін де атап өтті.13 шілде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды
Мемлекет сонымен бірге елімізде қайтыс болып жатқан азаматтардың да аз емес екенін, әр азаматтың қазасы жанына бататынын айтты. «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», – деген Президент 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні ретінде жариялайтынын айтты. Осылайша, Қазақстан 1991 жылдан бері тоғызыншы рет Аза тұту күнін жариялады. Өкінішке қарай, алғаш рет 2006 жылдың 22 қыркүйегінде жарияланған Аза тұту күні соңғы жеті айда екінші рет қайталанып отыр. Бірақ Аза тұту күнін жариялау – амалсыз жасалған қадам. Өйткені елімізде коронавирус пандемиясынан қаза тапқандар саны соңғы бірер айда күрт өсіп кетті. Бұқараның арасында өлім-жітім көбейіп тұр. Халықтың көңіл-күйі түсіп кетті. Сондықтан бақиға аттанғандарды ел болып аза тұтып, әруақтарға құрмет көрсетудің артықтығы жоқ. Бұл қадам мемлекеттің өз халқымен бірге екенін бұқараға сезіндіру үшін де қажет.Күрес жалғаса береді
Президент індетпен күрестің жалғаса беретінін, алайда бұл індетті адамзат баласының жуық арада жеңе қоюы екіталай екенін айтты. Бірақ сары уайымға салынып, қайғыға батып, түрлі қауесетке сенудің, еңсені түсірудің қажеті жоқ. Сондықтан салмақты, сабырлы болмақ керек. Ол үшін ақпараттың жедел, деректердің ашық болмағы керек. Президент те осы жайды тұспалдады. «Біздің жұмысымыз айқын, қоғам алдында ешнәрсені жасырмай, ашық айтамыз. Болашақта да солай болады. Бүкіл күш-жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек. Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгіме тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда», – деді Мемлекет басшысы. Шамасы, Президент ел ішін кезген қауесеттерден, жалған ақпараттардан хабардар болса керек, мұндайға сенудің зиян екенін айтты. Расында да, қазір қоғамда жалған ақпарат көп. Адамдарға чип орнатудан бастап масондардың «қастандық теориясы», «аспаннан вирус шашуға» дейін түрлі ақпарат мессенджерлер мен интернетте шектеусіз тарап жатыр. Одан бөлек, ел ішінде өз бетінше адамдарды емдеуге талпынып жатқандар да бар. Дәрігерлер тарататын ақпараттың да бірізділігі жоқ. Мұның да кері әсері бар екені анық. «Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды.Алаңдауға негіз жоқ
Соңғы кездері қоғам дәрі-дәрмек пен ауруханаларда орынның жетіспей жатқаны жайлы ақпараттардан дүрлігіп тұрған еді. Дәрі-дәрмек тапшылығына қатысты мәліметтер еліміздің барлық аймағында тіркеліп жатыр. Дегенмен бұл жағдай да реттеле бастады. Президенттің тапсырмасы бойынша алыпсатарлармен күрес күшейіп, дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізу жолға қойыла бастады. «Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай тиісті қор жасақталған. Төсек-орындар да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі», – деді Президент. Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде азаматтарды үйде емдеу үшін 400 әмбебап мобильді бригада құрылған. Шілденің аяғына дейін олардың саны 3,5 мыңға жетеді. Ауруханалардағы орындарды көбейту шарасы да қабылданды. Президент арнайы тапсырма берген соң коронавирус жұқтырғандарды емдеуге арналған орындар саны 70 пайызға өсіп, 43 мың орынға жетті. Сонымен қатар қазір індетпен күреске әскери дәрігерлер мен Қарулы күштердің ресурстары да жұмылдырылған. Соның нәтижесінде қосымша 500 орын әзірленді. Жұмыс істеп тұрған лабораторияларға қосымша 20 ПТР-анализатор сатып алынды. ПТР тестін өткізетін 8 мобильді орталық құрылып жатыр. Олардың бірқатары ауылды жерлерде орналаспақ. Мұның барлығы тест мөлшерін тәулігіне 40 мың данаға дейін өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Одан бөлек, дәрілерге сертификат беру мерзімі де қысқарған. Президент сертификат беру процедурасының қысқартылуы елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру үшін жасалғанын айтты. Сонымен қатар вирусқа қарсы дәрілерді елге әкелу де жеңілдетілді. Жаңа дәріні тіркеу де оңай болмақ. Ал Үкімет пен әкімдер ауруханалар мен стационарларды дәрі-дәрмекпен қамтуға жедел түрде кірісіп кетті. Қазірдің өзінде ауруханаға түскен 30 мың адамды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің мүмкіндігі бар. Бұл қазір емделіп жатқан адамдар санынан біршама көп. Бүгінде ауруханалар мен стационарларда шамамен 18 мың адам ем-дом алып жатыр. Демек, Президент індет таралу деңгейі қазіргіден де күшейер болса, соған дайын болуды тапсырды деген сөз. Яғни, өрт шыққанда су таситын шелек іздегеннен гөрі, суы бар ыдыс даярлап қою, оның алдын алумен айналысу тәрізді іс бұл. Ал біз пандемиямен күрес кезінде су таситын шелек іздегендей күй кештік. Сондықтан Мемлекет басшысы алдағы күндерге даяр болуды ескертті. Әрі мемлекеттің жасап жатқан шараларын бұқараға өз аузымен айтып берді. Президенттің сөзінен ұққанымыз – атышулы парацетамол дәрісінен тапшылық көрмейміз. 800 мың қорап дәрі қазірдің өзінде дәріхана желілеріне жеткізілді. Аптаның аяғына дейін тағы 900 мың қорап дәрі келеді. Одан бөлек, 150 мың қорап антибиотик дәріханаларға таратылған. Жуық арада дәрі-дәрмек мәселесі толық шешілмек. Дәрі-дәрмек сатып, өкпені жасанды жолмен желдету аппараттарын сатып алуға, медперсоналды ынталандыруға және басқа да мақсаттар үшін 150 млрд теңге бөлініпті.Қателік жасағандардың ісіне баға беріледі
Мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы күресте қапы қалдырған факторларды да атады. Президент денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болмағанын айтты. «Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз», – деді ол. Президенттің сөзіне қарағанда, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы жүйелі қателер жіберген. Оған әкімдердің жайбасарлығы мен салғырттығы да қосылды. Соның салдарынан коронавирус індетінің екінші толқынына ұрындық. Оған алыпсатарлардың қылығы, қолдан жасалған дүрбелең, бұқараның бейқамдығы да қосылды. Әрине, Президент халықтың бейқамдығын айтқан жоқ. Бірақ біздің той-томалақ пен өлім-жітімге көбірек барып, «өлімнен ұят күшті» қағидасын басшылыққа алған кездеріміз болды. Алайда қазір тұтас елдің қауіпсіздігі үшін көңіл жықпастықтан аулақ болу керек. Ал өзгесін мемлекет реттеуге мықтап кіріскені байқалады. Бастысы, бүгінгі ұрпақ қиындыққа төтеп беруі керек. Президент оны қадап айтты. «Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз. «Денсаулық – зор байлық» деген халқымыздың дана сөзінің қадірін білейік. Әр азаматтың амандығы үшін күресейік!», – деді Мемлекет басшысы.