Мигранттар көшіне министр «бата беріпті»
Мигранттар көшіне министр «бата беріпті»
136
оқылды
Өйткені кәсіпорындар жабылып, экономика салалары жаппай тоқыраған шақта шетелдік мигрант түгіл, мемлекеттің өз азаматтарына жұмыс тауып беруі мұң. Осы орайда, Еңбек министрлігінің 400 мыңдай келімсек жұмысшыны әкелуге рұқсат етуі сарапшыларды айран-асыр етті.   

Жаһандағы барлық жұмыссызға есік ашық

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің ха­барлауынша, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адам­дар­дың Қазақстанда жұмысқа ор­наласуы жеңілдетілді. Атап айтқанда, олар енді елімізде жұ­мысқа тұру үшін дүние­жүзі­нің кез келген түкпірінен анық­­таманы онлайн ала алады! Салыстыра кетсек, тіпті де­мок­ратиясы терең, экономикасы кемел елдердің өзі мигранттан шекаралық және басқа да бақылау мен тексерулерден өтіп келіп, жұмысқа рұқсат алуын талап етеді. «Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі «Шет­елдікке немесе азамат­ты­ғы жоқ адамға өз бетінше жұ­мысқа орналасу үшін білік­тілік сәйкестігі туралы анық­тама беру немесе ұзарту» қыз­метін онлайн режимге ауыстырды. Бұдан былай шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар әлгі қызметті әлемнің кез келген же­рі­нен ғаламтор көмегімен ала алады. 2020 жылғы 16 мау­сым­нан бастап бұрынғыдай ХҚКО-ға барып, жеке тұлғасын рас­тап, өзінің өтініш беруі енді талап етілмейді. Бұл қызмет алу­шының да, қызмет беруші­нің да уақыты мен қаражатын айтарлықтай үнемдейді» деп мәлім етті министрлік. Ведомство басшылығы осы қа­дамға пандемия өршіп, жаһан жұртшылығы қиын­дық­қа душар болуына байланысты барып отырғанын жеткізді. – Әлемде қалыптасқан қа­зіргі жағдайда барлық өзара іс-қимылды онлайн форматта жүзеге асыру маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан біз қыз­метімізді жоспарлы түрде элект­ронды түрге ауыстырып жа­тырмыз. Мысалы, шетелдік­тер де, азаматтығы жоқтар да Қазақстанда жұмысқа орналасу үшін қажетті анықтаманы egov.kz порталы арқылы ала алады. Ол үшін «Электронды үкімет» порталында «Азаматтық, көші-қон және иммиграция» бөлі­мін­­де қызметті таңдап, «Он­лайн тапсырыс беру» батыр­ма­сын басу керек. Ашылған те­резедегі кестеде толық аты-жө­ні, телефоны, e-mail секілді де­­­­ректерін толтырса, сондай-ақ білімін, еңбек өтілін рас­тайтын және жеке басын куә­ландыратын құжаттарының сканерленген көшірмелерін тіркесе, жеткілікті, – деп мақ­та­нады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-ми­нистрі Нариман Мұқышев. Осы орайда, жатжұрттықтан не тұрғылықты мекені жоқтар­дан электронды цифрлы қол­таңба да талап етілмейді: те­лефонына бірреттік пароль жі­береді, соны көрсетсе-ақ «қо­л­ын қойды» болып есеп­те­леді. Мұндай игілік көптеген қыз­­мет түрі бойынша, тіпті қа­зақ­стандықтарға да қолже­тім­сіз. Әр министрліктегі ше­неу­ніктер өз азаматтары­мыз­дан он­лайн қызмет көрсетпес бұрын, ең алдымен ХҚКО-ға жү­гініп, ЭЦҚ алуды талап ете­ді. Оның машақаты көп екенін алғ­ан адамдар біледі. Ал өзге елдің тұрғындары Қа­зақстанда жұмыс істеймін десе, біздің министрлік қажетті анықтамасын ғаламтор арқылы небәрі 3 күнде даярлап береді. Рас, құжаты толық болмаса, 21 күнге созылуы мүмкін. Шетелдіктерді жарылқауға асыққан еңбек ведомствосы қа­зақстандықтарды індет кү­шейген кезде кеңсе жағалаудан құтқармай отыр: 2019 жылдың қорытындысы бойынша Ең­бекминінің электронды түрде көрсетілетін қызметтерінің үлесі небәрі 80%-ды құрады. Бар­лық қызметін е-форматқа кө­шіруді ол тек жыл соңына жоспарлапты.  

«Қазақстан мыңдаған мигранттар мекені»

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі қы­зықты құжатты қоғамдық талқы­лауға шығарды. Ол «Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 2020 жылға арналған кво­таны белгілеу және оны облыстар, республикалық маңызы бар қала­лар, астана арасында бөлу туралы» деп аталатын министр Б.Нұрым­бетовтің бұйрығының жобасы. Құжат биыл шетелдік жұ­мыс күшін тартуға квотаны жер­гі­лікті жұмыс күшінің 0,32%-ы мөл­шерінде бекітеді. Бұл Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес келеді. 2019 жылғы 20 желтоқсанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында Президент Қ.Тоқаев 2020 жылы шетелдік жұмыс қолын тартуға берілетін квотаны 40%-ға – был­тыр­ғы 49 мыңнан биыл 29 мыңға дейін қысқартуды тапсырды. Міндет орындалды. – Жұмыс берушілерге респуб­ликада еңбек ету үшін 2020 жылы шақыруға рұқсат берілген шетелдік жұмыс күшінің ең жоғарғы саны 29 мың 292 адамды құрайтын болады. Бұл жергілікті жұмыс күшінің 0,32%-ына тең. Квота 2019 жылғы 48 мың 700 адам көрсеткішінен бірден 40%-ға азайтылып отыр, – деп баяндады еңбек ведомствосы. Квотаның көбі – 10 мың 567-сі мұнайлы Атырау облысына берілмек. Басқа облыстарға кел­сек, Маңғыстауға жалпы саны 2 530, Алматы облысына – 2 238, ШҚО-ға – 2 189, БҚО-ға – 1 440, Ақтөбе облысына – 1 305, Қара­­­ғанды об­лысына – 1 192, Жам­был облысына – 801, Пав­лодар облысына – 717, Түр­кіс­тан об­лысына – 376, Қы­зылор­да облысына – 356, Ақмола облысы­на – 161, Қостанай об­лы­сына – 111, СҚО-ға 55 шетелдік жұмыс күшін таратуға жол ашық. Ал үш мегаполис жайына келсек, Алматы қаласы – 1 897, Нұр-Сұлтан – 1 843, Шымкент 583 жұ­мысшыны сырттан алғыза алады. Республикалық маңызды үш қалаға биыл маусымдық жұ­мыс­шыны шекараның ар жа­ғы­нан шақыруға тыйым салынды. Ондай жұмыс орындары тек жер­гі­лікті тұрғындарға ұсынылуы тиіс. Қазақстанда келімсектердің 60%-ы құрылыс, ауыл шаруа­шылығы және тау-кен саласында жұмыс істейді. Қорыта айтқанда, қатары күрт сел­діреген 29,2 мың жұмысшы – уа­қытша ғана жұмыс істеуге келе­тін, бір маусым бойы, не бір жоба аяқталғанша қызмет етіп, табыс тапқан соң еліне тайып тұратын мигранттар. Жаңа құжатта бұдан басқа екінші квота назар аудартады. Ол – «еңбекші иммигранттарды тартуға арналған квота» деп аталады. Біржан Нұрымбетовтің бұл бұйрығы жобасына сәйкес, биыл еліміздің барлық 17 өңіріне шетелдік 360 мың иммигрант ағылуы мүмкін.  

«Ресей азаматымын, Отаным – Қазақстан»

29 мың шетелдік жұмыс кү­шінен айырмашылығы сол, бұл 360 мың адам еңбек ету үшін Қа­зақстанға тұрақты көшіп келген­дер, біраз жыл тұрып жат­қан экс­паттар. Елімізде жасы­рын им­мигранттар да бар және олар­дың жалпы саны жүздеген мың болуы ғажап емес. Әңгіме өзге мемлекеттің азаматтығын жасырын алып, Қазақстан аза­ма­тының жеке куәлігімен жұмыс істеп жүргендер жайын­да. Бұ­ларға өзге елдің азаматтығын қабыл­дағанын ашық жариялағандарды қосыңыз. Бұл екі топтың басым көпшілігі Ресей азаматтары. Көгілдір құжатты тәрк етіп, солтүстік көршінің қоңыр түсті төлқұжатын төстеріне басқан экс-қазақстандықтар Ресейге кетуді мақсат тұтпайды. Қай­та Қазақстанда қалып, өз аза­мат­тарымызға арналған жұмыс орындарын иеленеді. Ұлттық заң­на­маның солқылдақтығы оларға осын­дай мүмкіндік береді. Елі­мізде қазақстандықтар мен ресей­ліктерге тең еңбек жағдайлары жа­сал­ғанын көрген адамдар, әсі­ресе өзге этнос өкілдері РФ азамат­тығын алуға ден қойып жатыр. Бұл ретте таяуда Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қыз­меті комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің атына Ирина Ивано­вадан келіп түскен хат көп жайттан хабар береді. «Мен Ресей азаматтығын алғым келеді. Содан кейін Қа­зақстанда тұру ықтиярхатын рә­сімдемекпін. Республикада тұрақ­ты тұруды растайтын құ­жатты жеңілдетілген тәртіппен бе­ресіздер деп естідім. Себебі менің Қазақстанда пәтерім бар. Ресейде тұрақты тұру құжаттарын рәсімдемеймін: азаматтықты ауыстырғаныммен, Қазақстаннан кету ойымда жоқ. Ресей азамат­тығын алғаннан кейін Қазақ­стан­да жеке кәсіпкерлігімді аш­пақпын. Өмір бойы осында тұрып, жұмыс істеуді қалаймын. Қария анам да осында, жүруден қалып барады, оған да күтім ке­рек. Коронавирус пандемиясы тоқта­ған­нан кейін осының бәрін рәсім­деуге кіріспекпін», – дейді Ирина. Көші-қон қызметі комитетінің басшысы жауап хатында Ресей аза­маттығын алғандар елімізде тұ­рақты тұру үшін рұқсат қағазын қа­лай рәсімдей алатынын түсін­діреді. Ол әлдеқайда жеңіл кө­рінеді. Айта кетер жайт, егер адам Қа­зақстан азаматтығынан бас тар­­тып, өзге елге тұруға кетсе, бірақ оны жерсінбей кері қайтып, аза­мат­тығымызды алмай-ақ еліміз­­де жұмыс істегісі келсе, тұру ықтияр­ха­­тын алуы біраз күрделі көрінеді. «Мұндай жағдайда біріншіден, өтініш-анкета толтыруы, екін­шіден, ұлттық паспортының түп­нұсқасы мен көшірмесін ұсы­нуы, үшіншіден, өмірбаянын тәптіш­пей жазып тапсыруы, төртіншіден және ең бастысы – шетелдікті меди­циналық куәландыру ту­ралы анық­тама алуы тиіс. Ол анық­тамада тұру ықтиярхатынан үміт­ті адам­ның бойында шетелдік­тер мен аза­маттығы жоқ адамдар­дың Қазақстанға кіруіне тыйым са­лынатын аурулардың жоқ­ты­ғы көрсетіледі. Өйткені наша­қор­лығы; психикалық бұзылу­шы­лықтары; түберкулезі; алапес (лепра немесе Гансен ауруы); соз-сифилис, лимфогранулема (донованоз), шанкроид секілді жы­ныстық жолмен берілетін ин­фекциялары; тұмаудан басқа өткір инфекциялық аурулары болса, ондай шетелдіктің Қазақстанға енуіне жол берілмейді», – деді ко­ми­тет төрағасы Мұрат Қабденов. Сарапшылар бұл тізімді АИТВ, ЖИТС, коронавирус ин­фекциясы және басқа да ауыр ін­деттермен толықтырып, бойын­­да ондай кеселдері бар шетел­­діктердің қазақ жеріне аяқ ба­суына тосқауыл қоюды ұсынады. Әйт­песе, оларды ем­деу отандық меди­циналық меке­мелерге басы артық жүктеме түсіреді, ел бюджетінен шығын шығаруды талап етеді.  

Елдос СЕНБАЙ