Мәйіт доноры болуға дайынсыз ба?
Мәйіт доноры болуға дайынсыз ба?
162
оқылды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласының күрмеулі мәселелерін шешеді деген бағдарламалардың орындалу барысын сараптаған алқа мәжілісін өткізіп, елең еткізер мәлімдемелер жасады. Осы жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстар көңіліне қонбады білем, министр облыстық денсаулық сақтау басқармаларын облыс әкімдерінен алып, министрлікке бағындыру мәселесін көтерді. Ол қызды-қыздымен Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетіне қарайтын күрежолдардағы медициналық-құтқару бекеттерін де өзі басқаратын министрлікке алуға мүдделі екенін білдірді.

Министрдің айтуынша, халық денсаулығын сақтау мен медици­на­лық көмек сапасын арттырудың не­гізгі мәселелері жергілікті ат­қару органдар құзырында, бұл мақ­­сатта бөлінген қаражат та жет­кілікті, сөйте тұра, мемлекеттік бағ­дарламалар өңірлерде орын­дал­май отыр.

«Жабдықтауға 49 млрд теңге бө­лінеді. Кейбір әкімдіктер жы­лына 1-6 млрд теңгені ғана мате­риалдық жабдықтауға жұмсайды. Қаражат пен нормативті-құ­қық­тық база бар, ЖОО бар, бірақ ат­қару тәртібі жөнінде мәселе туын­дай береді. Олай болса, ден­саулық сақтау басқармаларын Ден­саулық сақтау министрлігіне қай­та бағындыру мәселесін кө­тере­міз. Мұны Үкімет пен Пре­зи­дент әкімшілігіне дейін жеткіземіз. Ке­лесіде мемлекеттік бағдарла­ма­лар­дың неге орындалмағаны тура­лы сіздерден сұрап отырғымыз кел­мейді. Денсаулық сақтау бас­қармаларының басшысын ми­нистрлік тағайындайтын бұрынғы жүйені қайтару керек», – деді Елжан Біртанов алқа мәжілісінде.

Министр өңірлердегі бас­қар­малар жұмысынан бөлек, жол бойындағы құтқару бекеттерінің жұ­мысын да сынға алып, бұл бе­кеттер облыстық денсаулық сақ­тау басқармаларына, оның ішінде же­дел жәрдем стансаларына берілуі тиіс деп санайды. Егер бұл ұсы­ныс жүзеге асса, қаржыландыру мәсе­лесін Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорымен бірлесіп шеш­пек ниетте. Министр жол бойын­дағы медициналық-құтқару бекеттерінің аты ғана қалғанын ай­тып, өзі ат басын тіреген бекет­тердегі көргендерін «нағыз дегра­дация» деп атады.

«Көліктері қираған, маман­дары әлсіз, тіпті ауруды басатын және әсері күшті препараттарға ли­цензиясы жоқ. Шокқа қарсы ша­раны қалай жасайтындары тү­сініксіз», – дейді министр.

...Біз, әдетте, емханаға тіркелу ке­зінде күтпеген келеңсіздікпен жиі кездесеміз. Мәселен, басың ауырып, балтырың сыздаса, ем­делу үшін емхананы бетке ала­сыз. Ал ондағылар сіздің басқа қа­лада тіркеліп тұрғаныңызды айтады. Ол жақтан тіркеуден шығып, тұрғылықты қаланың емханасына тіркелемін дегенше 2-3 күн жо­ғал­туға тура келеді. Мұны естігенде қан қысымыңыз көтеріліп, дүние төңкерілгендей күй кешесіз. Бір­ден министр мен министрлікті кінәлап, жеті атасын түгелдеп шы­ғасыз. Ең қызығы, Денсаулық сақ­тау министрі де дәл осындай жағ­дайды бастан кешіпті. Мұны ес­тігенде не күлерімізді, не күйі­нерімізді білмедік.

«Біз қағаз жүзінде тіркеуден бас тарттық, себебі онда кемшілік көп болды. Тұрғындардың өзіне айт­пай, сыртынан тіркеп жібе­ретін сәттер болды. Өзім де сондай оқиғаның құрбаны болдым. Мені басқа облысқа тіркеп қойған», – деген министр енді емханаға тір­келу арқылы халық бірнеше мә­селені қатар шеше алатынын айтады.

«Әрбір емханада халықтың E-gov арқылы тіркелуіне көмекте­сетін адам отырады. Ол адамдар электронды цифрлық қолтаңбаны қолдана алмайтындар мен ем­ханаға тіркелуде көмек сұраған­дарға көмектеседі. E-gov порта­лына кірсеңіздер, «Электронды құжат» терезесі пайда болады. Онда қай емханаға, қай дәрігерге тіркелгеніңізді көре аласыз. Әзірге жылына екі рет қайта тіркелу мүмкіндігін беріп отырмыз», – деді Елжан Біртанов. Емханаға тіркелуге екі рет мүмкіндік беру емделуші үшін тиімді. Себебі, қыркүйек-қараша арасында тіркеліп үлгермегендер тіркелу үшін келесі жылдың қыркүйегін күтуге мәжбүр болатын. Бұл мәселе оң шешілгені жөн болған.

Алқа мәжілісінде айтылған мәйіт донорлығына қатысты ақпарат та елең етерлік. Шыны керек, бүгіндері бақилық болған адамның ағзасын донор ретінде пайдалануға марқұмның туыстары үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Келісім берушілер ілуде біреу ғана. Енді бұл мәселені кез келген адам көзі тірісінде нақтылай алады. Алдағы уақытта электронды денсаулық паспортына донорлық туралы арнайы баған енгізіледі. Яғни, емханаға тіркелерде кез келген адамнан қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімі сұ­ралады. Бас тартса, жауабы элек­тронды құжатта көрсетіледі. До­норлықтан бас тарту үшін адамдар емханаға арнайы келуі тиіс екен. Егер мәйіт донорлығына келісім берсе, ол адам қайтыс болғанда, туыстары ешқандай дау шығара алмайды, оған құқы да болмайды.

Сонымен, электронды денсау­лық паспортындағы жаңа бағанға қандай жауап жазасыз, мәйіт доноры болуға дайынсыз ба?


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ