Жайылымға жарымай жүрміз
Жайылымға жарымай жүрміз
209
оқылды

«Ата кәсіптен қол үзген қазақ». Қазіргі мал шаруашылығының ахуалын дәл осы сөздер анық сипаттайтындай.

Тіпті, саладағы барлық проблеманың бір шешімі болса, ол да осы көшпенді өмірдің ережелерінде жасырулы тұрғандай. Бүгінгі тілмен айтқанда, жыл өткен сайын жайылым жерлерге қатысты дау өршіп келеді. Ауылдағы ағайын қорасындағы бірді-екілі малын жаятын жер жоқ деп даурықса, кооперативке біріккен көпшілік те мемлекеттік көмектен қайран болмай отыр деп мұңын шақты. Ал отандық ғалымдар жылдар бойы жайылым жерлер құрып барады деуден қажыған. Бұл аралықта ауыл шаруашылығы министрлігі талай бағдарлама қабылдап, Үкімет «сектордың әлеуеті артып келеді» деп талай есеп беріп үлгерді. Тек «қағаздағы картина» ауыл өмірінің нағыз келбетімен келіспей-ақ тұр. Қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 45 пайызы – мал шаруа­шылығының үлесінде. Ми­нистр­ліктің ресми мәліметіне сүйенсек, елімізде 180 млн гектарға жуық жайылым болса, оның 58 млн гектары қолданыста көрінеді. Ал ауыл халқының 1,3 млн адамы ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған. Дегенмен осы уақыт­қа дейін бірде-бір облыста ауыл шаруашылығының қауымдас­тығына шабындық немесе жайы­лым жер берілмеген екен. Мұны депутаттардың жақында Үкіметке жолдаған сауалынан көреміз. «Өз ауласында мал бағып отырған ағайын ішкі нарықтағы сүттің – 74,5 пайызын, еттің 56 пайызын беріп отыр. Солай бола тұра жер ресурстарының 0,14 пайызын ға­на пайдаланады. Жеке шаруалар дәнді-дақыл өсіретін компания­лардан пішеннің 1 тоннасын 25 мың теңгеге сатып алады. Ал оның негізгі бағасы – 4 мың теңге ғана. Малдың жем-шөбі қара­пайым халыққа өз бағасынан 3-4 есе қымбатқа өткізіледі. Жем-шөбі жұтаң болғандықтан 1993 жыл­дан бері ауыл халқының қолындағы мал басы өскен жоқ. Ал сүт өндірісі осы уақыт аралы­ғында 40 тоннаға немесе 7,9 па­йыз­­ға өсті» делінген сауал­хатта.

Депутаттардың айтуынша, нарықта сүт өнімдерінің бағасы литріне 400 теңге болса, ауылдағы шаруаның қолына соның 60-65 теңгесі, яғни бөлшектік бағаның 15-16 пайызы ғана тиеді. Мұндай жағдай өнім өндірушілердің еңбегіне деген құрметсіздік, шын мәнінде оларға сатылымнан түскен қаражаттың жартысынан көбі тиесілі болуы қажет. Сонда ғана өндіріс көлемі ұлғаймақ. Елімізде шабындық және жайы­лым жерлердің көп бөлігі – астық компанияларының иелігінде, ал 10 млн гектар жыртылған жер қаңы­рап бос жатыр. Осы жерлер «Жайылымдар туралы» заңда көрсетілгендей қорасында малы бар халыққа берілсе.

Үкімет есеп бергенде ауыл шаруашылығының ахуалын асыра айтады. Бірақ ауылдағы өмірдің шынайы бейнесіне үңіле бермейді. Өйткені онда жұмыс жоқ, өндіре алған өнімін өз баға­сының үштен бір бөлігіне ғана өткізеді, ал жем-шөп пен жанар-жағармай үшін нарықтағы толық құнын төлейді. Жеке үй-жайла­рында мал өсіретін ағайынның шаруасы механикалық техника­мен қамтылмаған, алғашқы адам­зат қауымы секілді қол еңбегіне жүгінеді.

– Бұл жағдайдан шығудың бір ғана амалы бар, – дейді депутаттар. – Шабындық пен жайылым жерлерді ауылдағы қауымдас­тықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне беру және бұл процеске кедергі болатын сан түрлі амал-тәсілдердің болмауын қадағалау.

Мәселенің мәнін білмек үшін Жетісу өндірістік кооперативінің басшысы Жанат Исақұловқа хабарластық. Ол жайылым жерлер ауылдарды жағалай орналасқанын және оның барлығын ауыл әкім­дері жеке тұрғын үй құры­лысы мен қосалқы шаруашылыққа бөліп тастағанын айтты.

– Сондықтан жайылым жерлер қысқарып жатыр. Айдамалы жерлер бар, бірақ малды 5-6 ша­қырым жерге дейін айдауға тура келеді. Нәтижесінде күніне сонша шақырым жүретін мал не сүт, не ет бермейді. Сол үшін қазір мал шаруашылығымен айналыса­тындар жем-шөпті сырттан сатып алуға мәжбүр немесе айдамалы жерге жоңышқа егіп, соны қысы­мен мал азығына пайдала­нады. Ол жалғыз біздің ауылдық ок­ругтегі жағдай емес, аудан бойын­ша ахуал осындай. Мемлекеттен бір көмек бола ма деп кооператив құрдық, сонда да не жайылым, не субсидия алуға мүмкіндік болмай отыр. Жыл сайын қаражат бө­лінеді, бірақ оның қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Бір жолы агропаркке келген министр­дің орынбасарына да осы сауалды қойдым. Бірақ мардымды жауап ала алмадым, – дейді ол.



– Бұрын совхоз болып тұрғанда 4-5 мың гектар жайылым жеріміз бар еді. Қазір ол да жоқ, барлығын тұрғын үй құрылысына бөліп тастады, – деп сөзін жалғады коопе­ратив басшысы. – Мұның шешімі біреу ғана, яғни аймақ­тардағы атқарушы билікке жайы­лым жерлерді ауыл шаруашылы­ғымен айналысатын халыққа беру туралы бұйрық беру керек.

Ал ауыл шаруашылығы ғылым­дарының докторы, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің профессоры Нұрлан Серікбаевтың айтуынша, бізде жайылымдар туралы заң бар, бірақ құрылған жайылым коми­теттері дұрыс жұмыс істемей тұр.

– Бізде 182 млн гектар жайылым жердің 26 миллиондай гектары тап­талып, тозып кеткен деуге бо­лады. Олардың көбісі ауыл-ай­мақтардың маңайында орналас­қан. Елімізде жайылымға арнал­ған жер жеткілікті болғанымен, пайдаланылмайды. Өйткені елді­мекендерден шалғайда жатыр. Екіншіден, сумен қамтамасыз етілмеген, бір сөзбен айтқанда суландыру қажет. Бұрынғы құ­дықтардың барлығы жабылып қалған. Солардың бәрін қайта қалпына келтірген жөн. Жеке шаруалардың көбі малды үй-жайындағы қораларда ұстап, ауыл маңайында жаяды. Мал саны жылдан-жылға көбейіп жат­қа­нымен, жайылым жердің көлемі сол қалпында қалып отыр. Сол себепті жайылым сыйымдылығы өте тығыз. Осының әсерінен ауыл маңайындағы 5-6 шақырым радиустағы аумақ уақыт өткен сайын тозып барады. Ал шалғайға айдап бағу, яғни отарлы мал шаруашылығымен айналысуға бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Одан бөлек, малды суаруға қажетті құдықтар да жоқтың қасы, – дейді ол.

Ғалымның айтуынша, проб­леманы түпкілікті шешу үшін осы мәселенің барлығын қамтыған мемлекеттік деңгейдегі арнаулы бағдарлама жұмыс істегені дұрыс. Мұны қалпына келтіру үшін Ауыл шаруашылығы мен Білім және ғылым министрліктерінің қол­дауымен ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр, ұсыныстар да жеткілікті. Тозған, тапталған жайылымдарды өңдеу және жақ­сарту технологияларының ғы­лыми түрде дәлелденген ұсы­ныстары бар. Тек оны іске асыру жағы ақсап жатыр. Мұның бар­лығын жергілікті атқарушы билік қолға алып, жұмыс істеуі қажет.

Жайылым жерлердің қол­жетімсіздігінің тағы бір себебі ондағы инфрақұрылымның жоқ­тығынан дейді мамандар. Ал оған қарапайым құдық қазу ісі, элек­тростанция немесе күн энергия­сының панельдері, су тартатын және сақтайтын құрылғы және шопанға арналған киіз үй немесе жылжымалы баспана жатады. Қазір мемлекет аталған шаруаға кеткен қаражаттың 80 пайызына субсидия бөлген. Тек оны алудың амалы қиын болып тұр. Бірақ 
бұл – өзге зерттеуді қажет ететін өзекті тақырып.


Кәмила ДҮЙСЕН