Кино себетіндегі «миллиондар»

Кино себетіндегі «миллиондар»

Сатаевтың кинос­тудияны басқаруға өмір­баяны дәл келіп тұр. «Сатайфильмнің» негізін қа­ла­ған режиссердің бұған дейінгі киноиндустриядағы қа­дамы баршаға белгілі. Ол «Рэкетир», «Ағайындылар», «Ликвидатор», «Жаужүрек мың бала», «Томирис» фильм­дері арқылы көрерменге танымал болды. Кино әлемі режиссерге таң­сық емес шығар. Дегенмен бүгінгі қазақ индустриясының ендігі көшін сүйреу Сатаевтың маңдайына бұйырып тұр. Әң­гімеміздің әлқиссасын әріден бастасақ. Осыдан бірер апта бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында қазақ киносының дамуына кедергі келтіретін жайттарды атаған еді. Оның ішінде кино түсіру, оған бөлінетін қаражат, сапасыз фильмдер жайын сынға алған. «Қазақ тілінің мәртебесін арт­тыру жолында кинематогра­фияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріп­тейтін, қазіргі қоғамды да бей­нелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әр­дайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шы­ғармашылықты тұралататын жағдай» деген еді Президент.  

Киноны дамытуға аз қаржы бөлінбейді

Расында, киноиндустрияны дамытуға аз қаржы бөлінбейді. Жақында Ермек Тұрсынов Facebook парақшасында киноны дамытуға бөлінетін қаржының есебі туралы жазған еді. Ки­ногер Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына бөлінген миллиондаған қаржы туралы әңгіме қозғапты. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрағасына қатысты құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондықтан бұл іске қатысты алдын ала қандай да бір пікір айту ертерек шығар. Ол қаржының мән-жайы кейінірек айтыла жатар. Бізді қызықтырғаны ол емес. Тұрсыновтың сынынан кейін көп ұзамай жауап ретінде оның фильмдеріне бөлінген қаржының көлемі айтыла бастады. Әріптесі Айдархан Адильбаевтың сөзіне сүйенсек, 2 млрд 172 миллион теңге Тұрсыновтың фильмдерін түсіруге бөлінген. Әр жылғы курспен есептегенде бұл 13 жарым миллион доллардан асатын ақша екен. Бір ғана «Келін» фильміне 99 миллион 991 теңге алса, одан 3,5 миллион теңге табыс тауыпты. «Шал» фильміне 387 млн 100 мың теңге алса, табысы – 59 миллион теңге, «Кенжеге» бөлінген ақша – 505 млн теңге, кассалық түсім – 4 миллион теңге, «Шырақшы» фильміне 680 миллион теңге бөлініп, кассалық түсім 10 миллионнан аспаған. Бұл бір ғана мысал. Мемлекет есебінен түсірілетін фильмдерге жыл сайын бюджет есебінен қыруар қаржы бөлініп жатыр. Сол қыруар қаржының қайтарымы бар ма? Есеп комитеті 2010 жылдан бері бөлінген қаржының есебін шығарған. 2010 жылдан бері 48 сценарий бойынша қаржы бөлінген туынды жарыққа шық­пай қалыпты. Ал 10 жыл ішінде мемлекет бюджетіне түсірілген 325 фильмнің 185-і прокатқа шықпаған. Бұл жобаға кеткен қаражат құны – 19 млрд теңге. Яғни, осыншама қаржы желге ұшты деген сөз. Прокатқа шыққан күннің өзінде тапқан табысты салыстыруға келмейді. Яғни, мемлекет кино өндірісінен пайда көріп отырған жоқ. Есесіне, жеке кәсіпкердің қалтасынан шыққан ақшаның қайтарымы бар. Неге?  

Қоянбаев пен Адамбаевтың жолы болып тұр

Өткен жылдың қыркүйек айында Нұртас Адамбаевтың «Әкіміне» сұраныс өте жоғары болды. Үш апта бойы прокатта алдыңғы орынды ешкімге берген жоқ. Қаңтар айында көрерменге жол тартқан Нұрлан Қоянбаевтың «Кореядағы қазақша бизнесі» де екі апта бойы үздіктер қатарында болды. Одан кейін My love is Aisulu фильмінің де көрсеткіші жоғары болды. Бұл фильм про­каттың алғашқы аптасында-ақ 76 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Ал бюджетке түсірілген фильмдер арасынан «Томирис» қана топ жарды. Нұрлан Қоянбаевтың кез келген фильмінің бюджеті арзан емес. Оның туындыларының ішінде «Тайландтағы каникул» өте қымбатқа шыққан. Оның да себебі бар, барлық актерлер мен түсірілім тобын Қазақстаннан Тайландқа алып бару оңай емес. Қоянбаев әр фильміне кемінде 400 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсайды екен. Алғаш түсірілген «Қазақша бизнесі» оған 299 миллион теңге табыс әкеліпті. «Тайландтағы каникул» 286 миллион теңге пайда тапқан. «Америкадағы қазақша бизнесінен» 581 388 630 теңге түсіпті. Соңғы коме­дия қазақстандық прокат тари­хын­да алғаш рет голливудтық фильмдерді басып озған туынды болды. Ал «Кореядағы қазақша биз­нес» фильмі режиссерге 1 млрд 40 млн теңге пайда әкелді. Бұл – қазақ киносының тарихында бұ­рын-соңды болмаған жағдай. «Жеңіс құтты болсын, Ұлы дала елі! 2020 жылдың 23 қаңтары – біз үшін тарихи күн! Біздің отан­дық фильм «Кореядағы қа­зақша бизнес» алғаш рет гол­ливуд­тық фильмдердің алдын орады. Бұған дейін ең кассалық деп есептелген голливудтық «Мстители: Финал» фильмін басып оздық. Бізді қолдаған әрбір қазақстандық көрерменге алғысым шексіз. Рақмет сіздерге!» деп жазды Қоянбаев Instagram парақшасында. 2019 жылы үздіктер қатарынан көрінген 10 фильм де жекеменшік студияларға тиесілі. Яғни, жеке кәсіпкерлердің өнімі. Адамбаевтың да фильмдері кассалық түсім жөнінен жоғары орынға ие. Оның бір ғана «Тараз» фильмі кезінде бір апта ішінде 85 миллион теңге табыс тапқан. Осылайша, Қоянбаев та, Адамбаев та киноның «дәмін» сезіп алды. Олар өз өнімінің қыруар пайда тапқанын ғана қалайды. Яғни, кез келген продюсер фильмнің табыс көзіне айналғанын құп көреді. Бұл тұрғыда екеуі де ұтылған жоқ.  

Табыстың кілті қайда?

Киногерлер арзан, жеңіл, мән-мағынасы жоқ, кассалық фильмдер ғана табыс әкеледі деп санайды. Ойлы, оқырманын тәрбиелейтін туынды түсірсек дейтіндер де жоқ емес. Алайда кино саласына бөлініп жатқан миллиондаған қаржының қай­тарымы болуы керек емес пе? Кино өндірісінде негізгі қағида: кино өндіруші мен кинотеатрлар түскен табысты тең бөледі. Яғни, 50/50 деген сөз. Дистрибьютер соманың жартысын, ал кинотеатр жартысын алады. Бұл фильмнің ақысын төлеу үшін кем дегенде екі есе пайда табуы керек. Мәселен, картина 130 млн АҚШ долларына түсірілсе, ол кинокомпания 260 млн АҚШ долларын табуы тиіс. Онсыз ол шығынға батады. Орыс кино сыншысы Олег Бакланов: «Кинокомпаниялар тек бюджетті қайтарып алуды ойлайды. Олар сонымен бірге қосымша жобалар үшін де қаражат табуы керек. Егер жалға алу ақшасы жетпесе, онда үлкен экрандардан шыққаннан кейін фильм интернет-кино­тетрларда, теледидарда көрсету үшін сатылғаны дұрыс. Дегенмен басты кассаны кинотеатрлар жасайды. Негізгі кассада сәтті болмаса, онда басқа тарату әдістерінен пайда күтудің қажеті шамалы», – дейді. Туындыңыз сәтті болсын десеңіз, жақсы жарнама науқаны қажет. Ал маркетинг шығындары кей жағдайларда бюджеттің қалған бөлігінен жұмсалады. Маркетинг шығындар асып кетуі де мүмкін. Ал кинотеатрдағы жалға алу уақыты шектеулі. Сондықтан туындының өзі ақша әкеледі деп күтіп отыру – бекер. Әр туындының белгілі бір қаржылық шығыны бар. Авторлар оны бірінші кезекте бағалап отырады. Кез келген туынды белгілі бір уақыттың ішінде ғана кассалық түсім жасай алады. Ұзақ уақыт кинотеатрды жаулаймын десеңіз де, ұтыласыз. Өйткені кезек күтіп отырған келесі туынды бар. Қазақстандық киногерлердің көпшілігінің қателігі осында. Олар ең алдымен прокаттың мәселесін ғана сөз қылады. Ал жарнамалық науқан ұмыт қалады. Мемлекет бюджетінен түсірілетін фильмдердің тағдыры осыған саяды. Жарнама аз, кассалық түсім төмен. Кинотеатр басшылығы прокаттан жақсы түсім көрмегесін ондай фильмдерден іргесін аулақ салады. Сол бойы ол фильм көм­беге жетпеген күйі жарты жол­да қалады. Әйтпесе, көзін тапқанға қазақ киносына аз қаржы бөлініп жатқан жоқ.  

Киноиндустрия дамуы үшін не істеген жөн?

«Мосфильмге» де мемлекет есебінен қаржы бөлінеді. Отандық кинематографияны дамыту үшін жыл сайын 9 млрд-қа жуық қаржы береді. Бұл ақшаға кино түсіріп қана қоймайды, прокат мәселесін шешеді, жарнаманы реттейді, Ресейде ғана емес, шетелге де сатуды көздейді. «Мосфильм» концернінің жетекшісі Карен Шахназаров алғашқы болып YouTube желісінде онлайн-кинотеатр құрылғанын айтады. Ондағы көррермендердің көп бөлігі шетелдік иммигранттар емес. Бүкіл әлем соны қарап отыр. Сол арқылы отандық киноның табысын арттырып отыр. Бізде ше? Кинокомпания фильм түсіруге 550 миллион теңге бөледі де, одан 10-15 миллион пайда табады. Бұдан ұтқанымыз қайсы? Былтыр ұлттық киноның мәртебесін өсіретін «Кинема­тография туралы» заң қабы­л­дан­ды. Бұл заң киногерлерге көп жеңілдік алып келді. Мәселен, бұрын кинозалдарда төл туынды­ларымызды мемлекеттік тілде прайм-таймда уақытта көруге мүмкіндік болған жоқ. Қазір бұл мәселе оң шешімін тапқан. Әлеуметтік маңызы бар, елдің салт-дәстүрін, болмыс-бітімін, әдет-ғұрпын, философиялық ұстанымдарын дәріптейтін фильмдер мемлекет тарапынан қаржыландырылатыны бел­гілі. Ал басқа фильмдер мен ком­мерциялық жобалар фильм түсіру­шінің өз ақшасына түсіріледі. Кинематография саласында ең үлкен табысқа кенелген фильм Виктор Флемингтің «Жел айдаған жандар» туындысы екен. Бұл фильм 1939 жылы түсірілген. Сол уақыттың өзінде фильмнен түскен қаржы 390 млн АҚШ долларынан асыпты. Әрине, Голливудты қуып жете алмаспыз. Дегенмен Қоянбаев кино сала­сында табысты болудың жолын киногер қауымға дәлелдеп берді. Яғни, киноиндустриядан да табыс бар. Биыл да миллиардтаған қар­жы «Қазақфильм» АҚ ки­но-с­ту­­диясына бөлінді. Сол қаржы «ұс­та­ға­нның қолында, тістегеннің ау­зында» кетпесе болғаны. Бұған енді ки­нос­тудия тізгінін ұстаған Ақан Сатаев жауапты болмақ. Сатаев бас­қарған ұжым сапалы, көптің көңілінен шығатын, көрер­мен көптеп көретін фильмдер түсіреді деген үміт бар. Күтейік!  

Аяулым БЕКТҰР