Бұл үш мемлекетте дүниежүзі жұртының 8,6 пайызы ғана өмір сүреді. Ал Еуропада коронавирустан көз жұмғандардың 60 пайызы – Италия, Испания мен Ұлыбритания тұрғындары. Солтүстік және Орталық Еуропада өлім көрсеткіші әлдеқайда төмен. Неге? Белгілі бір елдегі өлім-жітім деңгейіне басшылардың іскерлігі, пандемияға қарсы шаралардың реттілігі, аурухана төсектерінің болу-болмауы, халықтың жас мөлшері сияқты бірнеше фактор әсер етеді. Бірақ ең негізгі себеп – әлеуметтік теңсіздік. АҚШ, Бразилия, Мексикада байлар мен кедейлердің айырмасы жер мен көктей. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары Джини коэффициенті (қоғамдағы табыс теңсіздігін өлшеуге арналған сандық статистика) АҚШ-та – 41,4, Бразилияда – 53,5, Мексикада – 45,9-ға жетіпті. Дамыған елдер арасында Джини коэффиценті Америкада жоғары. Ал Бразилия мен Мексика әлеуметтік теңсіздік жөнінен бүкіл әлемнің алдына шығып кеткен. Италия (35,6), Испания (35,3) мен Ұлыбритания да (34,8) Еуропаның өзге өңірлерін басып озады. Мысалы, бұл көрсеткіш Финляндияда – 27,3, Норвегияда – 28,5, Данияда – 28,5, Австрияда – 30,3, Польшада – 30,5, Венгрияда – 30,5. Неліктен бұлай? Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік теңсіздік жұрттың жұдырықтай жұмылуына кедергі келтіреді. Билікке деген сенімге селкеу түсіреді. Мұның бәрі Үкіметтің үнін әлсіретіп, халықты бақылауға, пандемияға қарсы шараларды енгізуге бөгет жасайды. Теңсіздік кесірінен тазалықшы, кассир, күзетші, құрылысшы, жүкші, курьер сынды төменгі таптағы жұмысшылар вирус жұқтыру қатеріне қарамастан күнделікті қызметін атқаруға мәжбүр. Өйткені олар қауіпсіздік сақтаймыз деп үйде отырса, аш-жалаңаш қалады. Сондай-ақ көбі антисаниатрия жағдайында ғұмыр кешеді. Қазақстанда Джини коэффиценті 26,3 бірлікке тең. Иә, біреуден ілгері, біреуден кейінбіз. Бәрі бірдей бақуатты дей алмаймыз. Орта тап қалыптасып үлгермеген. Рас, адамның иммунитеті тұрмыс деңгейімен тікелей байланысты. «Ас – адамның арқауы» дегендей, нәрлі, құнарлы, ағзаға пайдалы тағамдар жеуге де ақша керек.Таяуда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирус жылдам тарап жатқан елдер санатына Қазақстанды қосты. Қазір елімізде 53 мыңнан астам азамат коронавирус жұқтырған. Мыңдаған адам пневмониямен ауырып жатыр. Одан қайтыс болғандар саны да мыңнан асты. Мәйітханалар алдында жақындарының сүйегін алуға барғандардың қарасы қалың. Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияға шалдыққандардың көбінен коронавирус анықталмағанын мәлімдесе де, COVID-19 хаттамасымен емдеп жатыр. Қысқасы, түсініксіз жағдай. Ауруханаларда төсек-орын жетіспейді, дәріханаларда ең қарапайым дәрі-дәрмектер тапшы. Жұрттың аузынан көп шығатын сөздер – осы. Тіпті, кейбіреулер аурханадағы орындарды парамен сатып ала бастапты.Өткен айда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қызметімен қоштасып, оның орнына Алексей Цой тағайындалған. Жаңа министр 2 шілдеде барлық дәріханаға дәрілер жеткізіледі деп уәдесін үйіп-төкті. Алайда дәрі таппай жүргендердің шағымы әлі де көп. 8 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасап, «Қазақстанның денсаулық саласы пандемияға дайын болмады» деп ашық мойындады. Тергеу жүргізілетінін, әкімдердің жұмысы тексерілетінін жеткізді.Мемлекет басшысы телеүндеу кезінде дүрбелеңге жол бермеу маңызды екенін ескертті.
– Кейбір арсыз кәсіпкерлер қиын жағдайды пайдаланып, пайдаға кенелгісі келеді. Олар жасанды толқуды тудырып, қажетті дәрі-дәрмекке бағаны әдейі көтереді. Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары алыпсатарларды жауапқа тарта бастады. Әкімдіктер рейдтерді өткізіп, осындай фактілерді анықтауы керек. Кейбіреулер саяси ойындарды ұйымдастырады, қауесеттерді таратады, жағдайды әртүрлі болжамдар мен үндеулермен қыздырады. Қоғамда жеккөрушілік тудыруға тырысады. Мұндай манипуляциялар өте қауіпті. Сондықтан оларға заңға сәйкес құқықтық баға беріледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалған ақпарат таратқандар, дәрі бағасын көтергендер де заң алдында жауапқа тартылады. Президенттің сөзінше, дәрі-дәрмек алуға, медқызметкерлерді қолдауға бюджеттен тағы 150 млрд теңге қарастырылады. Үкімет көктемде 13 млрд доллардан астам қаржы бөлген еді. Ол ендігі жерде қаражаттың тиімді жұмсалуын ерекше қадағалауды қадап тапсырды.Біз Мемлекет басшысының үндеуін түсіндіруді мақсат тұтпаймыз. Сондықтан жыпырлаған сандарды қайталап жазбай-ақ қояйық. Ең бастысы, Қасым-Жомарт Кемелұлы көптің көкейіндегі мәселені тамыршыдай тап басып таныды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп жылы сөзімен жігерлендірді. Қамкөңіл жұрттың үрейін сейілтіп, үмітіне қанат бітірді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» дегеннің бос сөз емес, нақты іске асатын тұжырымдама екенін анық аңғартты. Енді байлар мен кедейлер туралы манағы мәселе аяқсыз қалмауы қажет. «Жақыныңа жанашыр бол» дегендей әдемі әңгімелер тілге жеңіл, жүрекке жұмсақ тиетіні рас. «Қатаң санитарлық нормаларды сақтау», «әлеуметтік қашықтықты ұстану, «үйден шықпау» секілді Үкіметтің талаптары да орынды. Бірақ оны орындауға жағдай керек. 42 500 теңгенің жыры біткен. Бұдан былай жәрдемақы төленеді дегенге сену қиын. Бүгінде халық қиындықпен бетпе-бет ұшырасып, әркім өз білген әрекетімен жан сақтауда. Дәтке қуат қыларымыз – тағы да Президенттің уәдесі. Сайлаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының кедейленіп кеткенін ашық айтқан. Біраз несиені кешірген. «Байлар салықты көп төлесін, кедейлер аз төлесін» деп әлеуметтік әділдік мәселесін де көтерген. Иә, індеттің беті қайтар, өмір бәз-баяғы қалпына оралар, сол кезде Мемлекет басшысының оң бастамалары орайымен орнын табар.