«Медицина мамандарының маңыздылығы қазір сезілуде» – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин
«Медицина мамандарының маңыздылығы қазір сезілуде» – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин
– Талғат Сейітжанұлы, Сіз басқарып отырған С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қызметкерлері төтенше жағдай кезінде және осы аралықта індетпен күрестің алдыңғы шебінде науқастарға күнделікті көмек көрсетуде. Жалпы алғанда, университет бұл бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр? – Біріншіден, дүниежүзін жайлаған індетпен күресте денсаулық сақтау жүйесінің басшылығы және ел басшылығы дұрыс әрі нақты шаралар қабыл­дағанын айтып өткім келеді. Еске сала кетсем, карантин енгізілгенге дейін шекаралар жабылып, қозғалысты шектеу бойынша шаралар қабылданған болатын. Атап айтқанда, шекараларда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтіліп, шетелден келгендерге медициналық бақылау жүргізілді. Барлық хаттамаларға сәйкес, инфекцияның зерт­ханалық диагностикасы жолға қойылды, шетелден келген адамдарды ранжирлеу әдістемесі әзірленді. Барлық қоғамдық орындарда санитарлық тәртіп күшейтілді. Қазірде науқастарды емдеуге қажетті вакциналар мен дәрі-дәрмектер әзірленуде. Осының арқасында инфекцияны тоқтату әлдеқайда оңай болмақ. Мемлекеттік комиссия індетке қарсы күрес жолында дұрыс шаралар қабылдауда. Дәрігерлерге 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін үстемеақы бөлу туралы уақытылы шешім қабылданды. Қандай жағдай болсын, ақ халатты абзал жандар әрдайым науқастардың жанынан табылмақ. Дәл қазір олар өз бастарын қауіпке тігуде, өйткені инфекция жұқтырғандармен үнемі байланыста. Осы ретте дәрігерлеріміздің еңбегі нағыз ерлік екенін атап өткім келеді. ҚазҰМУ резиденттері мен қызметкерлері Алматы ауруханаларының қызмет­керлерімен бірлесе отырып, волонтерлердің жедел шта­бының құрамына кірді. Университетіміздің жаңа жатақханасында арнайы госпиталь құрылып, онда кли­никалық кафедралардың оқы­тушылары, университет кли­никаларының дәрігерлері, студенттер мен университет қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етті. Біздің мамандар барлық сақтық нормаларын сақтай отырып, клиникалық базаларда оқытуды жалғастырды. Қазір профессорлар инфек­циялық стационарларда жұ­мыс істейді, ал резиденттер провизорлық және волонтерлік орталықтарда кезекшілік ету­де. Біз дәрігерлерімізге өз жатақханаларымыздан орын бөліп, вируспен күресуде қолдан келгенше көмек көрсетіп келеміз. – Жалпы, карантин енгізу ҚазҰМУ-да мамандарды даярлауға қаншалықты әсер етті? – ҚазҰМУ – бұл еліміздің дәрігерлерді дайындаудағы үз­дік альма-матері. Өзінің 90 жыл­дық бай тарихында киелі қара шаңырақтан 85 мыңнан астам дәрігер түлеп шыққан екен. Еліміздің әрбір үшінші медицина қызметкері біздің университеттің түлегі екенінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. ҚазҰМУ-дан шыққан 17 мыңнан астам маман шетелде жұмыс істеуде. Карантин енгізу болашақ дәрігерлерді дайындау сапасына ешқандай кері әсер етпейтінін атап өткім келеді. Қай кезде де тиісті дипломды лайықтысы ғана алмақ. Біз санға емес, са­паға баса назар аударамыз. Ка­рантин уақытша екенін түсіну керек. Бұл – өздігінен білім алуға, жаңа дағдыларды игеруге және жаңа әлемге дағдылануға тамаша мүмкіндік. Әлем енді бұрынғы қалпында болмайды. Әрқайсысымыз мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану керегін түсінуге тиіспіз. Эпидемияның басында қа­шықтан оқытуды ұйымдастыру мәселесі ерекше өткір болды. 16 наурыздан бастап Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес,  еліміздің барлық жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға көшті.  

Ең алдымен, коронавирус жұқпалы инфекция екенін естен шығармау қажет. Инфекцияны жұқтырып, сіз өз туыстарыңыз бен жақындарыңызға үлкен қауіп-қатер төндіресіз.

  Бұл жағдайда біздің уни­верситет те тез жинақталды, өйткені оқытушыларымыз жыл басынан бастап дистанциялық платформада жұмыс істеуге үйренген болатын. Сонымен қатар қашықтан оқыту форматында қосымша білім беру бойынша, сондай-ақ қысқартылған оқы­ту түрлері бойынша сабақ жүргізетіндер үшін модульдер өткізілді. Қашықтан жұмыс істеу жағдайында қазіргі уақытта қашықтан білім берудің әртүрлі тақырыптары бойынша оқыту ZOOM қосымшасы арқылы вебинар түрінде жүргізіледі. Университеттің академиялық саясатына сәйкес, барлық пәндер бойынша контент, атап айтқан­да, тақырыптар, тақырыптар бойынша тапсырмалар, кейс­тер, ситуациялық есептер, зертханалық есептер, чек-парақтар, практикалық дағды­лар алгоритмдері, оқытылатын әдебиеттер тізімі пәндердің силлабустарында жазылған. Барлық силлабустар оқу жылы­ның басында «Сириус» ҚазҰМУ ақпараттық жүйесінің «Оқу-әдістемелік қамтамасыз ету» модулінде орналастырылды. Барлық студенттерге өз жеке кабинеті арқылы қажетті силла­бустарды жүктеуге мүмкіндік бар. «Сириус» ҚазҰМУ ақпараттық жүйесі Moodle платформасындағы университеттің қашықтан пор­талымен біріктірілген. Сондықтан барлық студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамы сол логин, парольмен дистанциондық пор­талға кіре алады. – Нақты қанша адам қашықтан оқып жатыр? – Қазір 9 000-нан астам студент, оның ішінде 1 280 шетелдік студент, 300-ге жуық магистранттар мен докторанттар қашықтан білім алуда. Ал оқытуға 1 000-нан астам оқытушы-профессорлар құрамы жұмылдырылды. Оқытушылар жаңа жұмыс тәртібіне көшуді лайықты орындап, икемділік пен жан-жақтылық көрсете алды, оқыту бейнероликтерін жасап, бейнеконференциялар өткізіп, клиникалық кейстер этиологиясын, патогенезін, аурулардың кли­никалық суретін, диагностика мен емдеу хаттамаларын және тағы басқа талдаумен онлайн талқылауды жүргізе алды. Студенттер барлық қажетті ақпаратты уақытында алады. Мысалы, «аралық бақылау, аралық және қорытынды аттестация қалай өткізіледі,  интернет байланысы нашар студенттерге не істеу керек?» және тағы басқалар. Емтихандарды сапалы тап­сыруға және академиялық адалдық кодексін сақтауға кепілдік беру мақсатында университет онлайн прокторинг жүйесін сатып алды: емтихан сессиясы кезінде білім алушының компьютер/ноутбук экраны, сондай-ақ емтихан тапсыру кезіндегі студенттің барлық әрекеттері жазылады. Барлық жазылған видеоларды қарайтын бақылау комиссиясы құрылады. – Пандемия әлемнің барлық елін қамтып отыр. Сіздің ойыңызша, осындай кезде халықаралық ынты­мақтастықты дамыту қанша­лықты маңызды? – Пандемиямен күресте же­ңіске жету үшін халықаралық ынтымақтастық өте маңызды. Осылайша, 20-22 сәуір ара­лығында ҚазҰМУ-ға корона­вируспен күресуде үлкен тәжірибесі бар Қытай Халық Республикасы дәрігерлерінің делегациясы келген болатын. Аталмыш шара «Шеврон» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды. Қытай әріп­тестеріміздің тәжірибесі еліміз үшін өте маңызды. Індетпен күрес бірлесе жүргізілуі керек. Біз Қытайдың коронавирус инфекциясының таралуын қалай тоқтатқанын көрдік, көп ұзамай біз де вирус бойынша жеңіске жетеміз деп сенеміз. 3 күндік сапар аясында олар әртүрлі сала дәрігерлеріне, сондай-ақ медициналық университеттердің оқытушыларына және денсаулық сақтау басқармасына онлайн-тренингтер өткізген болатын. – Карантинді жалғастыру қажеттілігін қалай бағалайсыз? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда   коронавирус   пандемиясы геометриялық прогрессияда өсе бермейді және жағдай биліктің бақылауында. Бұл – ел аумағында уақытылы енгізілген карантин шараларының нәтижесі. Дегенмен кейбір өңірлерде коронавирус жұқтырған науқастардың қатары азаймай тұр. Демек, аурудың таралу қаупі өте жоғары. Пре­зидентіміз «Біздің басты міндетіміз – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау» деген болатын, мен мұнымен толықтай келісемін. Дәл осы үшін мыңдаған медицина қызметкерлері, мед­бикелер, волонтерлер, ғалымдар және басқа да мамандар қауіпті індетпен күресуде. Осы қиын кезеңде қазақстандықтар корона­вирусты мүмкіндігінше тезірек жеңу үшін шыдамдылық танытып, өзін-өзі оқшаулану режимін сақтауы қажет. Мемлекет халықты қолдау бойынша теңдессіз шаралар қолдануда: ақшалай төлемдер, жәрдемақыларды ұлғайту, несиелік және салықтық демалыстар, медиктерге төлемдер және басқа да көптеген көмек түрлері. Осының барлығы азаматтардың үйде қалуы және өз денсаулығына қауіп төндірмеуі үшін жасалып жатыр. mediki Өздеріңіз білетіндей, ТЖ режимі 11 мамырда аяқталды. Дегенмен коронавирустың екінші толқынының қаупі сақталады. Біз барлығымыз сақтық таны­туымыз қажет. Жағдайдың өте тез өзгеретінін ұмытпаған жөн. Сондықтан өңірлердің бас санитарлық дәрігерлеріне кең өкілеттіктер берілген болатын. – Коронавирусты жұқ­тырудан аулақ болу үшін қазір жұмыс орындарына шыққан қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз? – Ең алдымен, коронавирус жұқпалы инфекция екенін естен шығармау қажет. Инфекцияны жұқтырып, сіз өз туыстарыңыз бен жақындарыңызды үлкен қауіп-қатерге төндіресіз. Сон­дықтан  міндеттелген барлық сақтық шараларын қолдану, әлеуметтік қашықтықты сақтау және адамдармен өзара қарым-қатынасты мұқият қадағалау қажет. Сондай-ақ коронавирусқа тестілеуден өтіп тұруды ұсынамын. Денсаулығымызға үлкен жауап­кершілікпен қарауымыз керек. – Коронавирус эпидемиясы кезеңінде денсаулық сақтау жүйе­сінің жұмысын қалай баға­лайсыз және пациенттер үшін бола­шақта не өзгеруі мүмкін? – Менің ойымша, қазіргі жағдайға байланысты денсаулық сақтау жүйесі үлкен тәжірибе алды, келешекте мұны еліміздің игілігіне қолданбақ. IT жүйелерді жаңарту мүмкіндігі үлкен маңызға ие. Сондай-ақ тест жүйелер мен вакциналар жасау бойынша зертханаларды дамыту бағытында үлкен қадамдар жасалды. Бұл тек коронавируспен ғана емес, басқа да қауіпті инфекциялармен күресуге мүмкіндік берді. Пандемия кезінде медицинаны дамытуға салынған қаражат міндетті түрде ақталады. Жалпы алғанда, дәрігер мамандығының беделі одан әрі арта түседі деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың денсаулығына жағымды әсер етпек. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске қол қойды. Жалпы, медицина қызметкерлеріне кодекс не береді? – Қазіргі уақытта меди­цина және фармацевтика қыз­меткерлерінің мәртебесін арт­тыру – айтарлықтай өзекті мәселе. Қолданыстағы жүйеге жасалған талдау саладағы мамандарды ынталандырудың тиімді тетіктерінің жоқтығын, медицина қызметкерлері үшін құқықтар мен әлеуметтік кепіл­діктерді қорғаудағы кемшіліктерді көрсетеді. Осыған байланысты жаңа Кодексте олардың мәртебесін күшейтуге, кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде жауапкершілікті арттыруға баса назар аудара отырып, медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін қайта қарауға байланысты нормалар көзделген. Денсаулық сақтау жүйесіндегі барлық қызметтер мен ұйым­дардың тиімді қызметін қам­тамасыз етудің негізгі  шарт­тарының бірі – саланы барлық деңгейде қажетті біліктілік деңгейі бар кадрлармен уақытылы қамтамасыз ету. Медицина сала­сында жұмыс істейтін кадрлар бойынша бірыңғай және же­дел жаңартылған базаның (тіркелімнің) болмауы аталмыш саланы кадрлармен қамтамасыз етудегі кемшіліктердің негізгі себебі екенін айтқым келеді. Жаңа Кодексте медицина қызмет­керлерінің тіркелімін жүргізу, медицина қызметкерлерін тір­келімде міндетті тіркеу және денсаулық сақтау кадрларын есепке алу көзделген. Саланы қажетті кадрлар саны­мен қамтамасыз ету проблемасымен қатар әрбір маманның біліктілігіне қойылатын талаптарды нақты айқындау, денсаулық сақтау қызметкерлерінің осы құзыреттерін қолдау және дамыту – маңызды шарт. Осыған орай, жаңа Кодексте салалық біліктілік жүйе­сін жетілдіру мәселесі толыққанды қарас­тырылған. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ