– Талғат Сейітжанұлы, Сіз басқарып отырған С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қызметкерлері төтенше жағдай кезінде және осы аралықта індетпен күрестің алдыңғы шебінде науқастарға күнделікті көмек көрсетуде. Жалпы алғанда, университет бұл бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр? – Біріншіден, дүниежүзін жайлаған індетпен күресте денсаулық сақтау жүйесінің басшылығы және ел басшылығы дұрыс әрі нақты шаралар қабылдағанын айтып өткім келеді. Еске сала кетсем, карантин енгізілгенге дейін шекаралар жабылып, қозғалысты шектеу бойынша шаралар қабылданған болатын. Атап айтқанда, шекараларда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтіліп, шетелден келгендерге медициналық бақылау жүргізілді. Барлық хаттамаларға сәйкес, инфекцияның зертханалық диагностикасы жолға қойылды, шетелден келген адамдарды ранжирлеу әдістемесі әзірленді. Барлық қоғамдық орындарда санитарлық тәртіп күшейтілді. Қазірде науқастарды емдеуге қажетті вакциналар мен дәрі-дәрмектер әзірленуде. Осының арқасында инфекцияны тоқтату әлдеқайда оңай болмақ. Мемлекеттік комиссия індетке қарсы күрес жолында дұрыс шаралар қабылдауда. Дәрігерлерге 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін үстемеақы бөлу туралы уақытылы шешім қабылданды. Қандай жағдай болсын, ақ халатты абзал жандар әрдайым науқастардың жанынан табылмақ. Дәл қазір олар өз бастарын қауіпке тігуде, өйткені инфекция жұқтырғандармен үнемі байланыста. Осы ретте дәрігерлеріміздің еңбегі нағыз ерлік екенін атап өткім келеді. ҚазҰМУ резиденттері мен қызметкерлері Алматы ауруханаларының қызметкерлерімен бірлесе отырып, волонтерлердің жедел штабының құрамына кірді. Университетіміздің жаңа жатақханасында арнайы госпиталь құрылып, онда клиникалық кафедралардың оқытушылары, университет клиникаларының дәрігерлері, студенттер мен университет қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етті. Біздің мамандар барлық сақтық нормаларын сақтай отырып, клиникалық базаларда оқытуды жалғастырды. Қазір профессорлар инфекциялық стационарларда жұмыс істейді, ал резиденттер провизорлық және волонтерлік орталықтарда кезекшілік етуде. Біз дәрігерлерімізге өз жатақханаларымыздан орын бөліп, вируспен күресуде қолдан келгенше көмек көрсетіп келеміз. – Жалпы, карантин енгізу ҚазҰМУ-да мамандарды даярлауға қаншалықты әсер етті? – ҚазҰМУ – бұл еліміздің дәрігерлерді дайындаудағы үздік альма-матері. Өзінің 90 жылдық бай тарихында киелі қара шаңырақтан 85 мыңнан астам дәрігер түлеп шыққан екен. Еліміздің әрбір үшінші медицина қызметкері біздің университеттің түлегі екенінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. ҚазҰМУ-дан шыққан 17 мыңнан астам маман шетелде жұмыс істеуде. Карантин енгізу болашақ дәрігерлерді дайындау сапасына ешқандай кері әсер етпейтінін атап өткім келеді. Қай кезде де тиісті дипломды лайықтысы ғана алмақ. Біз санға емес, сапаға баса назар аударамыз. Карантин уақытша екенін түсіну керек. Бұл – өздігінен білім алуға, жаңа дағдыларды игеруге және жаңа әлемге дағдылануға тамаша мүмкіндік. Әлем енді бұрынғы қалпында болмайды. Әрқайсысымыз мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану керегін түсінуге тиіспіз. Эпидемияның басында қашықтан оқытуды ұйымдастыру мәселесі ерекше өткір болды. 16 наурыздан бастап Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, еліміздің барлық жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға көшті.
Ең алдымен, коронавирус жұқпалы инфекция екенін естен шығармау қажет. Инфекцияны жұқтырып, сіз өз туыстарыңыз бен жақындарыңызға үлкен қауіп-қатер төндіресіз.
Бұл жағдайда біздің университет те тез жинақталды, өйткені оқытушыларымыз жыл басынан бастап дистанциялық платформада жұмыс істеуге үйренген болатын. Сонымен қатар қашықтан оқыту форматында қосымша білім беру бойынша, сондай-ақ қысқартылған оқыту түрлері бойынша сабақ жүргізетіндер үшін модульдер өткізілді. Қашықтан жұмыс істеу жағдайында қазіргі уақытта қашықтан білім берудің әртүрлі тақырыптары бойынша оқыту ZOOM қосымшасы арқылы вебинар түрінде жүргізіледі. Университеттің академиялық саясатына сәйкес, барлық пәндер бойынша контент, атап айтқанда, тақырыптар, тақырыптар бойынша тапсырмалар, кейстер, ситуациялық есептер, зертханалық есептер, чек-парақтар, практикалық дағдылар алгоритмдері, оқытылатын әдебиеттер тізімі пәндердің силлабустарында жазылған. Барлық силлабустар оқу жылының басында «Сириус» ҚазҰМУ ақпараттық жүйесінің «Оқу-әдістемелік қамтамасыз ету» модулінде орналастырылды. Барлық студенттерге өз жеке кабинеті арқылы қажетті силлабустарды жүктеуге мүмкіндік бар. «Сириус» ҚазҰМУ ақпараттық жүйесі Moodle платформасындағы университеттің қашықтан порталымен біріктірілген. Сондықтан барлық студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамы сол логин, парольмен дистанциондық порталға кіре алады. – Нақты қанша адам қашықтан оқып жатыр? – Қазір 9 000-нан астам студент, оның ішінде 1 280 шетелдік студент, 300-ге жуық магистранттар мен докторанттар қашықтан білім алуда. Ал оқытуға 1 000-нан астам оқытушы-профессорлар құрамы жұмылдырылды. Оқытушылар жаңа жұмыс тәртібіне көшуді лайықты орындап, икемділік пен жан-жақтылық көрсете алды, оқыту бейнероликтерін жасап, бейнеконференциялар өткізіп, клиникалық кейстер этиологиясын, патогенезін, аурулардың клиникалық суретін, диагностика мен емдеу хаттамаларын және тағы басқа талдаумен онлайн талқылауды жүргізе алды. Студенттер барлық қажетті ақпаратты уақытында алады. Мысалы, «аралық бақылау, аралық және қорытынды аттестация қалай өткізіледі, интернет байланысы нашар студенттерге не істеу керек?» және тағы басқалар. Емтихандарды сапалы тапсыруға және академиялық адалдық кодексін сақтауға кепілдік беру мақсатында университет онлайн прокторинг жүйесін сатып алды: емтихан сессиясы кезінде білім алушының компьютер/ноутбук экраны, сондай-ақ емтихан тапсыру кезіндегі студенттің барлық әрекеттері жазылады. Барлық жазылған видеоларды қарайтын бақылау комиссиясы құрылады. – Пандемия әлемнің барлық елін қамтып отыр. Сіздің ойыңызша, осындай кезде халықаралық ынтымақтастықты дамыту қаншалықты маңызды? – Пандемиямен күресте жеңіске жету үшін халықаралық ынтымақтастық өте маңызды. Осылайша, 20-22 сәуір аралығында ҚазҰМУ-ға коронавируспен күресуде үлкен тәжірибесі бар Қытай Халық Республикасы дәрігерлерінің делегациясы келген болатын. Аталмыш шара «Шеврон» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды. Қытай әріптестеріміздің тәжірибесі еліміз үшін өте маңызды. Індетпен күрес бірлесе жүргізілуі керек. Біз Қытайдың коронавирус инфекциясының таралуын қалай тоқтатқанын көрдік, көп ұзамай біз де вирус бойынша жеңіске жетеміз деп сенеміз. 3 күндік сапар аясында олар әртүрлі сала дәрігерлеріне, сондай-ақ медициналық университеттердің оқытушыларына және денсаулық сақтау басқармасына онлайн-тренингтер өткізген болатын. – Карантинді жалғастыру қажеттілігін қалай бағалайсыз? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда коронавирус пандемиясы геометриялық прогрессияда өсе бермейді және жағдай биліктің бақылауында. Бұл – ел аумағында уақытылы енгізілген карантин шараларының нәтижесі. Дегенмен кейбір өңірлерде коронавирус жұқтырған науқастардың қатары азаймай тұр. Демек, аурудың таралу қаупі өте жоғары. Президентіміз «Біздің басты міндетіміз – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау» деген болатын, мен мұнымен толықтай келісемін. Дәл осы үшін мыңдаған медицина қызметкерлері, медбикелер, волонтерлер, ғалымдар және басқа да мамандар қауіпті індетпен күресуде. Осы қиын кезеңде қазақстандықтар коронавирусты мүмкіндігінше тезірек жеңу үшін шыдамдылық танытып, өзін-өзі оқшаулану режимін сақтауы қажет. Мемлекет халықты қолдау бойынша теңдессіз шаралар қолдануда: ақшалай төлемдер, жәрдемақыларды ұлғайту, несиелік және салықтық демалыстар, медиктерге төлемдер және басқа да көптеген көмек түрлері. Осының барлығы азаматтардың үйде қалуы және өз денсаулығына қауіп төндірмеуі үшін жасалып жатыр.Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ