Тегін заңгерлік көмек көрсетеді

Тегін заңгерлік көмек көрсетеді

Елімізде қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жедел әрекет ету мақсатында жалпыұлттық «Халыққа көмек» жобасы құрылған болатын. Бүгінде жаңа бастаманы Nur Otan партиясы мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп іске асыруда.

Қостанай облысы Денисов ауданында «Халыққа көмек» партиялық жобасын жүзеге асыру аясында Nur Otan партия­сының жергілікті филиалының қоғамдық қабылдауы жанынан «Заңгерлік кеңес беру орталығы» ашылды. Мұнда адво­каттар мен медиаторлар, нотариустар мен прокуратура қызметкерлері тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетеді. Сонымен қатар орталықта азаматтар өздерін тол­ғандырған заңгерлік, құқықтық мәселелер бойынша көмек ала алады. Ал шалғай ауылдардың тұрғындары скайп немесе бейнебайланыс арқылы құқық қорғау саласының мамандарына тікелей сауал жолдайды.

Ауданда алғаш рет ашылып отырған орталық аудандық сот ғимаратында орналасқан. Жоба жетекшілері бұл жоба азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуде ыңғайлы әрі тиімді құрал бо­латынына сенімді.

– Орталықтың мақсаты – медиа­цияның артықшылықтарын түсіндіру, жергілікті тұрғындарды заңдағы енгізіліп жатқан өзгерістерден хабардар ету және даулы мәселелерді сотқа дейін шешу, – дейді Денисов аудандық сотының тө­рағасы Нұрбол Мұқанов.

Жобаның жетекшісі Nur Otan пар­тиясы Денисов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Бектемесованың сөзінше, бұған дейін жергілікті тұрғындар құзырлы орган, сот өкілдеріне қабылдауға жазылу үшін кезек күтіп келген. «Бұл бастама халықтың уа­қытын үнемдеп, жүйелі жұмыс жасауға септігін тигізеді» дейді ол.

– Жобаны Nur Otan партиясының Саяси менеджмент академиясында оқып жүргенде қолға алдым. Кейін оны сәтті қорғап шығып, облыстық сот төрағасына көрсетіп, қолдау таптық. Денисов ауда­нының сот төрағасы да игі бастамаға қол­ғабыс танытты, – дейді Айгүл Бектемесова.

Орталықтың ашы­ла­тынын естіген тұрғындар қабылдауға жазылып, судья мен прокуратура ма­мандарынан тұщымды жауап алды. Айта кету керек, бұл – Қос­танай облысы бойынша ашылған тұңғыш орталық. Жоба жетекшілері алдағы уақыттта осы бастаманы өзге өңірлерде іске асыра­тынына сенімді.