Ем іздеуге әркімнің бар таласы
Ем іздеуге әркімнің бар таласы
254
оқылды
Шындығында, науқастардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі үйінде емделіп жатқандар жетерлік. Олардың әрқайсысы әртүрлі әдіспен ем қабылдап жатыр. Сондықтан науқастарды емдеу әдісі бір ізге түспей отыр. Бұл жайында пікір көп, талас та еселенді.  

Дәрігер шағымданды,  министр қайтпек?

Жуырда шымкенттік реа­билитолог Айна Бакеева вирусты емдеу әдісі толық жолға қойылмағанын айтып, Президентке ұсыныс жолдаған болатын. Реабилитологтің бей­нежазбасы әлеуметтік желіде резонанс тудырып, ізін ала халық та дәрігерлерге деген сенімін жоғалтты. 7 шілде күні Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Айна Бакеевамен сөйлесіп, мәселенің шешілетінін баяндады. Осы орайда, елдің бас дәрігері науқастарды емдеу әдісін ресми бекіткенін мәлім етті. Енді Қазақстанда коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу хаттамасы қайта өзгермек. Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованың айтуынша, амбулатория кезеңінде емдеуге гидроксихлорохин, лопинавир секілді дәрілер қосылады. Аталған дәрілер Жапония мен Ресейде инфекция басталған кезден бері қолданылады екен. Бірақ министрлік бұл дәрілерді ұзақ  уақыттан кейін неге енді ғана емдеуге қосып жатқаны белгісіз.  

 Жалған  ақпарат  жарға соқпасын

Әлеуметтік желіні шолып шықсаңыз, дәрігері бар, қарапайым адамы бар, індеттен үй жағдайында сауығудың түрлі әдісін ұсынып әлек. Тіпті, қарама-қайшылыққа толып жатыр. Біреуі организм өзі күресуі керек десе, енді біреуі антибиотиктерді ұсынады. Келесі біреу дәрігерлерге мүлде сенбеу керегін айтып жар салады. Ол ақпараттардың ақиқатын білу қиын. Сонда «дәйексіз емге жүгінем деп адамдар ауруын асқындырып алмай ма? деген күмән туындайды. Ең әуелі бір нәрсені ескерген жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да коронавирусты емдеуде септігін тигізеді деп нақты дәрі-дәрмектің тізімін ұсынбаған. Тек жуырда Англияда сынақтан өткен дексаметазон дәрісі науқастардың 1/5-не көмегін тигізіп, кішігірім нәтиже көрсеткен. Ал Қытайда індеттің сәл де болсын бәсеңдеуіне дәрігердің ерекше емдеу әдісі емес, халық арасында «Айдаһардың бақылауы» немесе «Мао стиліндегі әлеуметтік бақылау» деп аталатын қатаң карантин себепші болған  көрінеді.  

Мамандар  қалай емделгенді  жөн санайды?

  DayrenbekДәуренбек МЫРЗАШҰЛЫ, медицина ғылымдарының кан­дидаты: – Вирус қарқын ала бас­тағаннан үздіксіз бақылап, әлем елдерінің тәжірибесін ескеріп отырдым. Адамнан коронавирус анықталып, ыстық көтеріле бастағанда бәрі дене қызуын түсіруді ойлайды. Шынында,  ол адам организмінің вируспен күресіп жатқаны. Қызуды түсіріп тастап, антибиотиктер қабылдай бастасаңыз, организм вируспен күресуді бірден тоқтатады. Сондықтан қызумен күреспей, адам өзінің денесіне мүмкіндік берген жөн. Көбі қан сұйылту керек деп тамырға қан сұйылтатын дәрі айдап жатыр. Ол болмайды. Егер адамның қан қысымы жоғары болса, көп мөлшерде сұйылып кетсе миға қан кетеді. Кей кезде ішкі организмнен қан кетіп тоқтамауы мүмкін. Дұрысы, басынан бастап парацетамол ішіп, дене қызуымен әуре болмаған жөн. Сұйықтықты  көп ішіп, ет пен жеміс-жидекті жиі жеу керек. Бәрінен бұрын, өзінше емделмей дәрігермен кеңескен тиімді. Басқа ауруы болса ескерткен жөн. Бір жағынан дәрігерлердің үлгере алмай жатқаны да түрлі ақпаратқа себепші болып отыр. Оларды түсінуге болады, қауырт тірліктен әр науқасқа көңіл бөлу қиын. Қазақстанда вирустың өршіп кетуіне тағы бір себеп бар. Қытай вирусологтерінің айтуынша, емделіп шыққан науқастардың 50 пайызы 45 күнге дейін басқаларға індет жұқтырады екен. Меніңше, жазылып шыққан адамды еркіне жібермей, оларды да қатаң бақылауға алған жөн. Ал вакцина табуға кемі 1,5 жыл уақыт кетеді десек, вирус мутацияға ұшырап, күрделеніп кетуі мүмкін. Сондықтан вакцинаны күткеннен бұрын,  гигиенаны сақтау маңызды.   BatirbekБатырбек АЙТЖАНОВ, виру­солог: – Вирус ең алдымен ағзаны әлсіретеді. Ағза әлсіреген жерде басқа аурулар бас көтереді. Қазір вирустан бұрын пневмония өршіп тұр. Менің болжауымша, пневмонияның 90 пайызы осы коронавирустың әсерінен. Қоректік орта деген болады. Ол жерде вирус өсіп тұр ма, әлде бактерия өсіп тұр ма, анықтауға ұзақ уақыт керек. Сол себепті дәрігерлер адам ағзасы әлсіреген соң антибиотик пен С витаминін егіп жатыр. Антибиотик пнев­мония бактериядан болса жеңіп шығуға көмектеседі. Ал вирустан болса арбидол деген секілді дәрі егіледі. Жаңа айттым, қоректік ортада бактерия немесе вирус тұрғанын анықтауға кемі 1 апта керек. Ал науқастар көп, сондықтан дәрігерлер амалсыз осы дәрілерді салып жатыр. Себебі ағза не де болса әлсіремеу керек. Қан сұйылтуға келер болсақ, вирус жұқтырғандарда қан қоюланып, тромбоциттер тұралап қалады. Оны сұйылту керек. Әйтпесе, миға оттегі жетпей қалады. Сондықтан гепарин, кардиомагнил секілді дәрілер беріледі. Немесе аспиринді майдалап ішкен жөн. Дәрігерлерге өте ауыр, сондықтан емнің тұрақты әдісін белгілеу қиын. Әркімнің әртүрлі сырқаты бар. Меніңше, Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан 3 миллионға жуық адам ауырып тұрды.  

 Мадияр ТӨЛЕУОВ