Ипотекалық несие қалай беріледі?
Ипотекалық несие қалай беріледі?
248
оқылды

Қарағандыда «7–20–25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй жәрмеңкесі өтті. Шара кезінде 13 құрылыс компаниясы мен «Баспана» ипотекалық ұйымының 8 серіктес банкі тұрғындарға ипотекалық несие алу жолдарын түсіндірді.

«Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметінше, аталған бағдарлама арқылы жаңа пәтерлерге 7 пайызбен – 20 жылға, ал екінші нарықтағы баспанаға 7,75 па­йыз­бен 15 жылға несие беріледі. Тіпті жа­лақысы төмен азаматтардың өзі ипотека рәсімдей алады.

Жәрмеңкеге қатысқан қарағандылық тұрғын Жұлдызай Қарабекова 3 жылдан бері пәтер жалдап тұратынын айтты. Жас отбасы шараға жинаған азын-аулақ ақ­ша­сымен қалай баспанаға тезірек қол жет­кізуге болатынын білу мақсатында келген.

– Табысымыздың басым бөлігі үй жалдауға кететіндіктен, баспанаға мар­дым­ды қаржы жинау қиын болып тұр. Сон­дықтан өз жағдайымызға қарай екі бөл­мелі үй қарастырып жүрміз, – дейді ол.

Ал Eurazia Building ЖШС Қарағанды көппәтерлі тұрғын үй кешенінің директоры Дархан Сәдуақас Қарағандыда «7–20–25» бағдарламасымен барлық әлеуметтік топқа ыңғайлы пәтерлер салы­натынын жеткізді. Оның айтуынша, бизнес санаттағы және қолжетімді баға­дағы пәтерлер салу да жоспарда бар.

Жаңа пәтерлерді құрылыс компа­ния­ларынан тікелей алуға болады. Олар үйлерді салуды біткеннен кейін саты­лымға шығарады. Бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Ал мұндай қолжетімді баспананың сапасын Nur Otan партия­сы­ның арнайы комиссиясы қадағалайтын болады.

Кездесу барысында Nur Otan пар­тиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қадиша Оспанова арнайы комиссия «7–20–25» бағдарламасының жүзеге асуын ғана емес, үйлердің сапасын да жіті қадаға­лайтынын атап өтті.

– Құрылысқа қандай материалдар қолданылды? Үй қалай салынып жатыр? Қажетті инфрақұрылымы бар ма? Осы сияқты талаптар бойынша тексеріп, қажет жағдайда өзгерістер мен ұсыныстар айтамыз. Мәселен, осы үйлердің бірінші қабатында егде жастағы адамдардың көңіл көтеру орталығы мен балабақша орналасса деген ұсыныс жасап отырмыз, – дейді Қадиша Базарбайқызы.

Айта кетейік, бүгінде Қарағанды қаласының болашақ орталығы оңтүстік шығыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осы жәрмеңкеде ипоте­камен баспана алғысы келген 450 адам 4,5 млрд теңгеге тапсырыс берген.