Жомарттық жолыңды ашар
Жомарттық жолыңды ашар
209
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы ұсынылған күннен бастап ізгілікті мұрат еткен, руханиятты жандандыруға ұмтылған жобалардың саны артып, ел арасында жақсы ісімен көзге түскен азаматтардың қатары артып келеді. Биыл да осы үрдіс жалғасын тауып, Таразда «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлері анықталды.

Шара бизнес-құрылым өкіл­де­рін, кәсіпкерлер мен меценат­тар­ды, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді ынталандыру, көтермелеу, азаматтар бел­сен­­ділігінің үздік тәжірибесін паш ету, қайырымдылық пен мейір­бандық идеяларын наси­хат­тау мақсатында ұйымдас­тырыл­ды. Атаулы оқиғаның тө­рі­нен табылған қала әкімі Қайрат До­саев мұндай мазмұндағы игі ша­раның маңызына кеңі­нен тоқ­талып өтті.

– Рухани жаңғыру қағидат­тары­ның негізі болған қасиетті ұғымдардың бірі – туған жер. Бұл ба­ғытта елімізде «Туған жер» жо­басы жүзеге асырылып, жомарт жан­дар өзінің туған өлкесіне шарапатын тигізіп, қайы­рым­ды­лық іс-шаралар жасауға үлкен үле­с қосты. Бүгінде «Туған жер­ге туыңды тік» ұранына қол­дау білдіріп, қалада әлеуметтік-мә­дени ғимараттарды, саябақтар мен музейлерді қалпына келтіру мен құрылысын жүргізу бағытын­да ауқымды істер атқарылып жатыр. «Ру­хани жаңғыру» бағдар­ламасы ая­сында қалада 2 саябақ қалпына келтіріліп, қайта жаң­ғыртылды. Бір мәдениет нысаны, 4 әмбебап спорт алаңшасы пай­далануға бе­рілді. Меценат­тары­мыз көпба­ла­лы отбасыларға екі пәтер кілтін табыстаса, спорт чем­пионы мү­ге­дек бала асырап отыр­ған от­ба­сына автокөлік табыс етті. Биыл да мұқтаж жан­дарға қол ұшын созып, көмек көрсететін азамат­тар саны арта түседі деп сенемін, – деді Қайрат Әскербекұлы.

Жиында марапатталған­дар­дың барлығы – өз саласында бел­гілі бір белесті бағындырып, бұ­қараның көңілінен орын алған жан­дар. Жылдағы дәстүр бойын­ша биыл да «Жыл меценаты» ата­лымының жеңімпазы анық­талды. Бұл сыйлық «Та­разэ­нер­гоорталық» АҚ президенті Бақ­берген Мәуленовке табыс­тал­ды. Бақберген Бөлдешұлы жағ­дайы төмен, көпбалалы отбасылардың 50 миллион теңге кө­леміндегі ком­муналдық тө­ле­мақы қарыз­дары мен өсімпұлда­ры­на қайырым­дылық көмек көр­сет­кен. Өзінің туған жерінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ар­налған ескерткіш орнатып, то­ғызқұмалақ ойынының дамуы­на үлес қосқан. Ал «Жыл тұл­­ға­сы» аталымы «Агроспецст­рой» ЖШС директоры Марат Ра­хим­бер­диев­ке бұйырды. Ол өз құрылыс ком­па­ниясымен көп­те­ген ірі құры­лыс нысанда­рын са­лып, пай­да­лануға берген. Серік­тес­тік жыл сайын қарттар үйіне, же­тім және ата-анасының қам­қор­лығынан айырылған бала­лар­ға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымды­лық көмек көрсетеді. Ауған соғы­сы­ның ардагері қала тұрғыны А.Можаровтың тұрғын үйін күр­делі жөндеуден өткізіп бер­ді. Сон­дай-ақ мекеме жұмыс­шы­ларының баспаналы болуына ықпалын тигізді. «Жеңіс» сая­бағының абаттандырылуына де­меуші ретінде үлес қосты. «Туған өлке» аталымымен «Мейірім» ме­дициналық орталығының құ­рылтайшысы Гүлдара Нұрымова, «Жүректен жүрекке» аталымымен жеке кәсіпкер Меруерт Лештаева, «Жылдың үздік ұйымы» аталы­мы­мен Тараз қалалық №1 ауру­ханасының бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев, «Ерен еріктілік» ата­лымымен «Жасыл ел» еңбек отря­дының белсендісі, волонтер Ма­риям Кенжемұратова, «Батыл жү­рек» аталымымен Тараз қала­лық полиция басқармасы жер­гі­лік­ті полиция қызметінің учас­келік полиция инспекторы, по­ли­ция капитаны Данияр Заурбек марапатталды. Шарада «Жүрек­тен жүрекке» аталымы бойынша үздік деп танылған Меруерт Леш­таева өзін осындай биік ма­рапатқа лайық деп тапқан ұйым­дастырушыларға алғыс білдірді.

– Қайырымдылық жасау кә­сібімнің алға басуының негізгі сыры деп білемін. Бұл ізгі қадам бол­маса, ісіміз алға баспас еді. Биз­неске аяқ басқан күннен бас­тап ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған балаларға, мүмкіндігі шек­теулі жандарға шама-шар­қым жеткенше қолдау көрсетіп ке­лемін. Мұнымен қоса ұжы­мым­да 10 жылдан аса жұмыс іс­те­ген қызметкерлерге пәтер сый­­ладым. Биыл осындай үш бір­­дей қызметкерге пәтер беруді жос­парлап отырмын. Сонымен қа­тар Қ.Сарымолдаев атындағы «Өмір­лік қиын жағдайға тап бол­ған балаларды қолдау» орта­лы­ғында тәлім алып, оқуға түскен екі баланы шәкіртақымен қамта­масыз етіп отырмын. Осы ретте ізімнен еріп келе жатқан жас кәсіпкерлерді әрдайым тапқан та­быстарының 10 пайызын қайырымдылыққа жұмсауға ша­қырамын. Бұл – адами тұрғыдан да, бизнес тұрғысынан да жақсы­лық­қа бастайтын іс, – деп ағынан жа­рылды Меруерт Кәттабайқызы.

 

Тараз қаласы