Судан құтқару қызметі қазір барлық өңірде түгелдей күшейтілген кесте бойынша қызметтеріне кіріскен. Жыл сайын демалыс орындарының қызметкерлері барлық қажетті санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейтіп, тұрғындарға қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауды ескертеді. Алайда кейінгі уақытта жағажайда демалушылар арасында суға кетіп, абайсызда ажал құшқандар көп.
Мұның бәрі немқұрайдылық пен жауапсыздықтың салдарынан болатыны аз айтылып жүрген жоқ. Суға шомылу кезінде азаматтар қарапайым ережелерді сақтамағандықтан келеңсіз жағдайларға тап болады. Биылғы суға түсу маусымы да қайғылы оқиғалармен басталды.
Мереке күндері Ақтөбе, Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарындағы су айдындарында 15 адам суға батып кеткені белгілі болды. Олардың 7-еуі – жасөспірім балалар. Өкініштісі, үлкендердің қарауынсыз қалған балалар тілсіз жаудың құрбанына айналды.
Павлодар облысы Шарбақты ауданы Есілбай ауылында жеке тұрғын үйге қарама-қарсы су құбыры құдығына (тереңдігі – 3 метр, 1,5 метрі сумен толтырылған) ересектердің қарауынсыз қалған 2018 жылы туған бала құлап, тұншығып қалған. Одан бөлек, Ақтөбе облысы Алға ауданы Қарақобда ауылының шетіндегі Қарақобда өзеніне 2008 жылы туған жеткіншек батып кетті. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқұр ауылынан 45 шақырым жердегі Сағыз өзенінде 2005 жылы туған жасөспірім суға кетті. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы БАК 753 Түрген Дюкер шлюз арнасында 2005 жылы туған жеткіншек көз жұмды. Алматы облысы Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылынан 0,1 шақырым жердегі тоғанға 2010 жылы туған қыз бала батып кетті. Құтқарушылар келгенше куәгерлер оның 2008 жылы туған әпкесін құтқарып қалған. Екі қыз тоғанда үлкендердің қарауынсыз шомылған.
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы аумағындағы Рыбцех ауылының шетіндегі Шаған өзенінде де 2014 жылы туған балдырған мерт болды. Артынша Оралдағы Желаево елді мекенінің маңындағы жасанды айдында 2004 жылы туған бозбаланы су жұтты. Байқоңыр қаласының жанындағы Сырдария өзенінде де қайғылы оқиға тіркелді. 2007 жылы туған қыз баланың ажалы судан болды. Мұның бәрі мереке қарсаңында болған қайғылы оқиғалар. Аз күнде қаншама өлім тіркелді. Алдағы маусымды елестетудің өзі қорқынышты. Сондықтан әр тұрғын үшін бірінші кезекте балаларды қараусыз қалдырмай, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауды қолға алған маңызды болып тұр.
Мамандардың айтуынша, суға шомылатындардың көпшілігі рұқсат етілмеген жерде, құтқару жасағы жоқ жерлерде суға түседі екен. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың қайталануына жағажайларда алкогольді ішімдік ішу, өз күшін бағаламау және ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы себеп болады. Қазіргі кезде департамент мамандары тұрғындарды су қоймаларының арнайы жабдықталмаған жерінде суға түсуден сақтандырып отыр. Бұл да болса апаттың алдын алуға үлкен жәрдемін тигізеді.
Түркістан облысы Сайрам ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ғалым Сопбек те суға шомылу маусымында тұрғындарға қажетті бірқатар ескертпені атап өтті.
– Біріншіден, арнайы рұқсаты және құтқару қызметі бар жабдықталған жағажайларда және басқа да шомылуға арналған орындарда ғана шомылған абзал. Жүзе білмесеңіз, белден жоғары су деңгейінде шомылмаған жөн. Суға шомылу кезінде жасөспірім балаларды көзден таса қылмау керек. Ең маңызды ескертулердің бірі, жағалаудан алысқа, яғни қоршау белгілерінен ары жүзбеу қажет. Сондай-ақ жүзе білмесеңіз, жүзу үшін шеңберді, үрлемелі матрастарды пайдаланбаңыз. Қайықтан, көпірден және айлақтардан суға секіру де адам өміріне қауіп төндіретінін естен шығармаңыз, – дейді Ғ.Досжанұлы.
Айтпақшы, суға шомылу маусымы басталғалы бері өңірлердегі су айдындарында бірқатар балықшылардың суға кетіп қалғаны туралы да БАҚ беттерінде бірнеше рет жазылды. Сол себепті ТЖД мамандары тұрғындарға балық аулау кезінде де барынша сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Не дегенмен қауіпсіздік ережелері судағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектесетін бірден-бір жол екені рас.
Обалы не керек, әр суға шомылу маусымы басталар тұста қауіпсіздік мәселелеріне қатысты түрлі хабарландырулар жарияланып, ескертпелер айтылып, сақтық шаралары қолға алынып жатады. Бірақ суға кету оқиғалары жыл сайын аз тіркеліп отырған жоқ. Яғни, нәтиже тым төмен. Сондықтан әлі де құтқарушы мамандардың санын арттырып, судағы қауіпсіздік шараларының қатаңдығын тексергеніміз жөн шығар.
Абылайхан ЖҰМАШ