Есмағамбетова әріптесінің қазасына орай көңіл айтты
Есмағамбетова әріптесінің қазасына орай көңіл айтты
© сурет интернеттен алынды
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова әріптесі Қайрат Баймұхамбетовтің қазасына  көңіл айтты. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында жазды. Есмағамбетова айтуынша, ол марқұммен 15 жыл бірге жұмыс істеген. Қайрат Баймұхамбетов теміржол бекетінде СЭС қызметінің басшысынан тұтас облыстың бас санитарына дейін өскен.
«Күнде таңертең COVID-19-дан қаза тапқан адамдар туралы ақпаратты есігенде жүрегім езіледі. Бірақ бүгін Алматы облысының Бас мемлекеттік санитары Қайрат Қажыманұлының қазасы жаныма қатты  батты», - деп жазды ол.
Айжан Есмағамбетова марқұмның отбасы мен балаларына елдің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі атынан көңіл айтты. Сондай-ақ, қазақстандықтарға «ұят» ұғымын қоя тұрып, өмір үшін күресу керек екенін айтады.
 «Құрметті отандастарым. Сізденден өтініп сұраймын. Карантин талаптарын сақтаңыздар. Өздеріңізді күтіңіздер. Той, құдалық, басқа да дәстүрлі шараларды өткізуге итермелейтін біздің белгілі «ұят» деген ұғымның қазір маңызы жоқ. Қазір тек өмір мен өлім бар. Адам өледі, одан кейін бәрі кеш», - деп жазды бас санитар.
Еске салайық, бүгін Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов көз жұмды.