Алматыға дәрі-дәрмектің ірі партиясы жеткізілді

Алматыға дәрі-дәрмектің ірі партиясы жеткізілді

Алматы қаласының халықаралық әуежайына дәрілік препараттары бар бірінші әуе рейсі келіп қонды. Бүгін екі рейспен Ресейден 55 тонна медикамент жеткізіледі. Жүк құрамында әлеуметтік маңызды 10-нан астам препарат атауы бойынша шамамен 3 миллион қаптама, соның ішінде, дене қызуын түсіретін және COVID-19-ға қарсы басқа да дәрілік құралдар бар. Тізімде – азитромицин, цефтазидим, ибупрофен, фраксипарин, метронидазол, цефтриаксон, гепарин, нимесулид, левофлоксацин, меропенем ұнтағы, эноксапарин – бинергия және басқалары бар. Дәрілік препараттарды азаматтық авиация комитетінің арнайы борттарымен жедел жеткізу – ҚР Үкіметінің нарықты әлдеқайда сұранысқа ие дәрілермен шұғыл толықтыруда жүзеге асырып отырған шараларының бірі. Осындай рейстер тұрақты түрде дәрілік нарықты қамтамасыз ету үшін және дәріхана желілерін қажетті препараттармен үнемі толықтырып отыру үшін  жүзеге асырылады. Алматы қаласы әкімдігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен аталған медикаменттерді жедел алу мен жүзеге асыруға жәрдемдесуде барлық шаралар қолға алынды. Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметтері бойынша дәрілік құралдар мен препараттар декларациялау жолымен үш күн ішінде сертификатталады.

«Біздің тарапымыздан ҚР Үкіметіне препараттарды сертификаттау, жаңа препараттарды жедел тіркеу және тез жеткізу процедураларын жеңілдету ұсынысы жасалды. Бұл ұсынысты Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия қолдады. Осылайша, біз медициналық препараттарды сертификаттау мен оларды жеткізудегі процедуралардың жеңілдетілуіне қол жеткіздік. Осы шаралардың бәрі қаланы дәрімен қамтамасыз етуге және жедел жеткізуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің қаланы дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев.
Сонымен бірге, ағымдағы жылдың шілде айының ортасында Үндістаннан тағы екі партия дәрі-дәрмек келеді деп күтілуде. Дәрілік препараттар төрт ірі фармацевтикалық компания арасында одан ары дәріханаларға жеткізу үшін бөлінеді. Бұл «Медсервис плюс» КФК ЖШС, «Химфарм» АҚ, «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ, INKAR желілері. «Химфарм» АҚ атап өткендей, вирусқа қарсы препараттары бар жүк мемлекеттің жедел әуе жеткізілімінің арқасында Қазақстанға жетті.
«Компания барлық қажетті шараларды қолға алды және тек өз кәсіпорнында дәрі өндіру көлемін ұлғайтып қана қойған жоқ, сонымен бірге, Ресейдегі өз серіктестерімен – вирусқа қарсы препараттар шығаратын «Акрихин» компаниясымен байланысқа шықты. Олар өндіретін вирусқа қарсы препараттар қазақстандық «Химфарм» АҚ-да шығарылмайды. Осы серіктестіктің және Мәскеуден транспорттық әуе бортын ұйымдастыруда екі мемлекеттің көрсеткен жедел қолдауының арқасында Қазақстанға бүгін вирусқа қарсы «Осельтамивир» препатының үлкен партиясы бар рейс келді. Аталған препарат дистрибьюторлық компанияларға дереу тиеліп, еліміздің дәріханаларына жақын күндері жеткізіледі», – деп хабарлады «Химфарм» АҚ.
Атап өтерлік жайт, Ресейден келетін жүктен өзге Алматыға шілденің соңына дейін әлеуметтік маңызы бар шамамен 4,2 млн қаптама дәрі-дәрмек жеткізіледі деп күтілуде.
«Бүгін біз Үкіметтің қолдауы арқасында Ресейден екі ұшақтың келуін күтудеміз. Ең қажет препараттар жеткізіледі. Біз өте қажет дәрі-дәрмектің 13 түрін жабамыз. Олар – азитромицин, цефтриаксон, ибупрофен және басқалары. Үндістаннан да жеткізілім жоспарланған. Ұшақтар коронавирус инфекциясын емдейтін препараттарды ғана бізге тасымалдайды», –  деді «INKAR» ЖШС бас директоры Әлия Ерімбетова.
Өз кезегінде «НОБЕЛ Алматинская фармацевтическая фабрика» АҚ шұғыл түрде жеткізілген препараттардың барлығының пандемияға қатысты екенін атап өтті. Олардың ішінде кең ауқымды антибиотиктер бар. Жеткізілген препараттар одан әрі тасымалдау үшін дистрибьтерлерге берілетін болады. Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша дәрі-дәрмектерді іркіліссіз жеткізу үшін өндірушілермен, ірі жеткізушілермен және дәрі-дәрмек дистрибьютерлерімен белсенді жұмыстар жүргізілуде. Барлық фармкомпаниялар 1 шілдеден бастап дәріханаларға әлеуметтік маңызы бар 581 мың дана препараттарды жөнелтті. Олардың ішінде парацетамол, аспирин, ингавирин, ибупрофен, азитромицин және басқа дәрілер, сонымен қатар термометрлер бар. Дәрі-дәрмекке деген сұраныстың артуы барысында қала әкімдігі, жеткізушілер мен дәріханалар желісі өзара келісімге қол қойып, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектің 41 түрі дереу жеткізілетін 105 дәріхана анықталған болатын. Осының арқасында дәрі-дәрмектерді жеткізу, олардың бағасын көтермеу және бір қолға үш қаптамадан артық дәрі бермеу мәселелері ретке келтірілуде. Аталған 105 дәріханада дәрілердің өтуіне, олардың 10 түрінің және термометрлердің қанша қалғанына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Бұдан өзге, бүгін қала әкімі Б.Сағынтаев хабарлағандай, Алматыда дәрі дәрмектің тұрақты қорын құру үшін 5 млрд теңге бөлінді. Қаржы жеткізушілердің ағымдағы баға бойынша 6-8 айға дәрі-дәрмек сатып алуына және оларды біртіндеп құбылмалы нарық барысында өткізулеріне бағытталған.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ