Ел елордаға қарай тартылады. Бұл – заңдылық. Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері астанамызға 60 155 адам көшіп келіп, 49 586 адам көшіп кеткен екен. Дәл қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы халқының саны 1 099 053 адам, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда қала тұрғындарының саны 53 916 адамға, яғни 5,2 пайызға өсіпті.
Бірақ еліміздің солтүстік өңірлері адам капиталына зәру. Қазақстанның ішкі миграциясы оң бағыт алуы керек. Бұрынғыдай емес, қазір оңтүстік өңірлерден орталық және солтүстік жаққа қарай қоныс аударатындар қатары көбейе бастады. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан облысынан еліміздің солтүстік өңірлеріне 206 отбасы қоныс аударыпты.
Жылы жақтан Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына көшіп барған азаматтардың көбі – еңбекке жарамды тұрғындар. Қоныс аударғандардан 204 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, кейбіреулері өз кәсібін ашып, тіршілік жасап жатыр екен. Кәсіппен айналысуды жөн көргендер жеңілдетілген шарттармен жер учаскесін және бос тұрған ғимарат алуға мүмкіндік алады.
Түркістан облысының Жетісай ауданында халық тығыз орналасқаны белгілі. Аймақаралық бос орындар жәрмеңкесінде жұмыссыз жүрген азаматтарға Қазақстанның солтүстік өңірлерінен 4 мыңдай жұмыс орны ұсынылған. Негізінен білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласындағы мамандарға сұраныс жоғары. Солтүстік Қазақстанға барғысы келетіндерге өте қолайлы жағдайлар жасалған екен. Онда тұрғын үй салу үшін 3 млрд теңге арнайы бөлінген. Әрбір көшіп келген отбасы мүшесіне 88 мың теңге көлемінде біржолғы төлем жасалады. Бір жыл бойына пәтер жалдағаны және коммуналдық қызмет төлемі үшін әр отбасыға 77 мың теңгеден жәрдем беріледі. 5 адамнан кем емес жұмыс берушілердің әрбіріне 1 миллион теңгеден астам қаражат бөлу ісі де қарастырылған.
Нұр-Сұлтан қаласына келгенмен, не нақты жұмысы, не баспанасы жоқ азаматтар көбіне тығырыққа тіреліп қалады. Осыған дейін 103 көпбалалы отбасы Павлодар облысындағы Екібастұз қаласына көшірілген. Жылдың соңына дейін тағы 200 отбасын Екібастұз қаласына көшіру жұмысы жүріп жатыр екен. Белгіленген жоспар бойынша 2 253 отбасы немесе 10 мың адам сол жаққа қоныс аударуы керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 4 000 адам, яғни 1 050 отбасы осы уақытқа дейін сонда қоныс аударып, оның 2 000-ы жұмысқа орналасыпты. Жас баласы барлар балабақшамен қамтамасыз етілген.
Жыл басынан бері бір мыңнан астам көпбалалы отбасы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына түпкілікті қоныс аударған екен.
«Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар» дегендей, таңдаған бағытың – шын бақытың шығар, кім білсін?!.