Тапшы дәріні сатқан жансақтау бөлімінің меңгерушісі ұсталды
Тапшы дәріні сатқан жансақтау бөлімінің меңгерушісі ұсталды
5,122
оқылды
Алматы қаласының Криминалдық полициясына жедел ақпарат келіп түсті. Алматы облысы аудандарының біріндегі ауруханада халыққа тапшы дәріні жан сақтау бөлімінің меңгерушісі сатқаны туралы ақпарат дерегі бойынша дереу іс ашылды. Осыдан кейін дәрігер Алматы қаласындағы Райымбек пен Сейфуллин даңғылдарының қиылысындағы арнайы іс-шара кезінде ұсталды.
Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеке тексеру барысында севофлуран, цефтриаксон, меобактрин, альбунорм, неоцитотект, октагам, архимакс, меропенем, годовист және пропофол сияқты 90 құты дәрі тәркіленді.
Сонымен қатар, іздестіру шаралары кезінде дәрігердің бұрын сатылған дәрі-дәрмектерден түскен қаражаты 1 млн 370 мың теңге болды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ