Саумалға сұраныс артқаны соншалықты жаңа сауылған бие сүтін ішу үшін алматылықтар түнгі бірден бастап кезекте тұрады. Соның өзінде жетпей қалып жатады екен. Иммунитетті көтеруде пайдасы зор деген олар қала маңындағы бие ұстайтын шаруа қожалықтарына келеді. Оның арасында өзге ұлт өкілдері де бар.
– Түнгі бірден бастап келеді. Таңертеңгі алтыдан бастап келгендер 11-де саумалды әрең ішеді. Кезегімізді 5-6 сағаттап күтеміз,- дейді кезектегілердің бірі.Жайылымда жүрген жылқы таңғы жетіден бастап, әрбір екі сағат сайын кешкі жетіге дейін сауылады. Өткен жылы саумалдың литрі 500-600 теңге болса, бүгін 1000 теңгеге жетті.
– Саумалға екінің бірінің қолы жете бермейді. Оны белгілі бір қалыпта ұстап тұру да қиын. Бие сауғаннан кейін 10-15 минуттың ішінде ішілмесе, сүт өзгеріске ұшырайды. Ол сізге ем болмайды. 15-20 минуттан кейінгі сүт қышқылы көтерілуіне байланысты саумал асқазанға ауыр болуы да мүмкін. Оның құрамындағы витаминдердің өзгеруіне байланысты асқазандағы қышқыл көтеріледі де, адамның іші жүруі немесе құсуы мүмкін. Пандемия кезінде көптеген дәрінің баламасына айналған ұлттық сусынның қадірін халық енді түсінді. Сондықтан көпшілік табиғи таза өнімдердің қолжетімді болғанын қалайды, – дейді Қазақ-неміс қымыз ғылыми-зерттеу институтының директоры Айтуған Мұқашев.