Есіркі қылмысына қатысы бар деген күдікке Петропавл қаласында тұратын 18 жастағы бойжеткен ілікті. Әсері күшті әрі аса қауіпті есірткілердің бірі Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет анықталып отыр. – Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жедел іс-шаралар, оның ішінде күдіктінің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді. Пәтерде есірткіге ұқсас зат салынған түйіншек табылды. Жүргізілген сот-химиялық сараптама заттың мефедрон екенін растады, – деді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев. Сондай-ақ полицейлер буып-түйетін материалдар, ноутбук, таразы және басқа да есірткіні растайтын заттарды тапқан. Сотқа дейінгі тергеу материалдарынан күдіктінің бірнеше ай бойы интернет-дүкен арқылы есірткі сатып алып, аса қауіпті затты жасырып, байланыссыз тәсіл арқылы саудалағаны белгілі болды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру шарасы жүргізіліп, сот сараптамасы тағайындалды.
М.ТӨЛЕУ