Жәрдемақы еңбек қабілеттігін жоғалту дәрежесі бойынша және бұрын бекітілген топтар негізінде беріледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар денсаулығына байланысты бұрын бекітілген мүгедектік мерзімін қайта куәландыра алады. Мүгедектікке алғаш рет өтініш беруші жандар табанын тоздырмай тіркелуіне жақсы мүмкіндік. Алайда онсыз да жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін келіп-кетер пайдасы шамалы болса керек.
Мүгедек жандардың жәрдемақысы өсті...
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақы мөлшері күнкөріс минимумы мен республикалық бюджет туралы заңға сәйкес беріледі. Сонымен қатар мүгедектіктің себебі мен тобы да ескеріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, биыл жәрдемақы мөлшері екі рет өскен. «2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляцияның болжамды 5 пайыздық деңгейін ескере отырып, жәрдемақылардың жыл сайынғы кезекті индексациясы жүргізілген болатын. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 31 наурызда берген тапсырмасын орындау мақсатында мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын 10 пайызға индекстеледі» делінген Еңбек министрлігінің ақпаратында. Сөйтіп, мамыр айынан бастап мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар жоғарылатылған мөлшерде беріле бастады. Енді жәрдемақының мөлшеріне тоқталсақ. I топ – 62 723 теңге, II топ – 49 983 теңге, III топ – 33 975 теңге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар – 45 736 теңге, І топтағы бала кезінен мүгедектер – 62 723 теңге, ІІ топтағы бала кезінен мүгедектер – 51 943 теңге, ІІІ топтағы бала кезінен мүгедектер – 39 202 теңгені құрайды. I және II топтағы мүгедектерге арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері – 4 140 теңге, III топтағы мүгедектерге – 1 778 теңге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 2 667 теңге. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға берілетін жәрдемақы 45 736 теңге мөлшерінде белгіленген. Ал бала кезінен I топтағы мүгедектің күтімі бойынша жәрдемақы –45 736 теңге. Коронавирус пандемиясына байланысты Төтенше жағдай кезінде мүгедектерге тамақ пен тұрмыстық пакет немесе 2 АЕК мөлшерінде ақшалай өтемақы берілді. 132 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жанға және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға Birgemiz қоғамдық қорынан 50 000 теңге көлемінде ақшалай көмек те көрсетілді. Сонымен қатар мүгедектерге, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соғыс ардагерлеріне теңестірілген адамдарға және басқа санаттағы азаматтарға 15 000 теңге көлемінде ақшалай өтемақы берілгенін де айта кеткен жөн. Алайда қазіргідей қатаң карантин жағдайында, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың үнемі қабылдауы тиіс дәрі-дәрмегін ескерсек қосымша көмек қажет екені айтпаса да түсінікті.Онлайн қызметтің мүмкіндігін пайдалану маңызды
Елдегі эпидемиологиялық аухалға байланысты медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу механизмдері қайта қарастырылғанын айттық. Жұмыстар «Электронды үкімет» веб-порталындағы электронды өтінім негізінде регламенттелген. №109 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, мүгедектік мерзімін автоматты түрде ұзарту құқығы 1 сәуірден бастап берілді. Мүгедектікке қатысты кез келген сұрақ онлайн шешімін тапқаны жөн. Жыл басынан бері мүгедектерге арналған әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істеп келеді. Онда мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарын өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік бар. Мүгедектерді оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбаларды ұсынуды қамтиды. Қазіргі уақытта порталда оңалтудың техникалық құралдарының 55 түрі бар. Оның 24-і қолжетімді. Осы уақытқа дейін 3 мыңға жуық оңалту техникалық құралы беріліпті. Порталды пайдалану бойынша кеңестерді Call-орталықтан 1411 нөмірі бойынша алуға болатыны айта кетейік. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жан өздерінің мүгедек екенін онлайн форматта дәлелдей алады. Қазақстанда жыл сайын 250 мыңнан астам азамат медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтеді екен. Мәселен, 2019 жылы мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қорғау шараларын анықтау қызметін 251 909 адам алған. Ал біз сөз еткен жайттар тек карантинді сақтау мақсатында жүргізілген шаралардың бір парасы іспетті ғана көрінеді. Ал мүгедектерді әлеуметтік қолдауды жетілдіру мен карантин кезінде көмек беру жайлы тиісті ведомстволар әзірге үнсіз.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ