Қаржысы мол, қайтарымы «шөл»
Қаржысы мол, қайтарымы «шөл»
136
оқылды
Коронавирус індетімен күрес мақсатында алғаш рет бетпе-бет емес, бетперде киіп, бейне­бай­ла­ныс арқылы өткен Үкіметтің кеңей­тілген жиынына Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қо­шанов, сондай-ақ өз кабинет­терінен – Үкімет басшысы Асқар Мамин, министрлер, облыстар мен үш мегаполистің әкімдері, орталық меморгандар мен ұлттық компаниялардың басшылары қо­сылып, қатысты.  

Арзан ұпай елді аздырар

Неге екені белгісіз, жыл сайын ел басшылығы дәстүрлі түрде Үкі­меттің кең құрылтайын шақырған сайын сарапшылар мен саясат­тану­шылар дәстүрлі түрде Ми­нистр­лер кабинетінің отставкаға кетуін күтеді. Әйткенмен, Қазақ­стан Президенті қызуқанды пі­кірлер мен бөгде пиғылды топ­тар­дың қанжығасында кетпей­тінін, шұғыл қимыл қажет етілетін ке­зеңде мембасқару жүйесін дүр­­белеңге түсірмейтінін анық аң­­­ғартты. – Ашығын айтайын, осы оты­рысқа дайындалу кезінде бір­неше өңірдің әкімін, ведомстволардың басшыларын қызметінен қууға, тіпті Үкіметті толығымен отстав­каға жіберуге кеңес берілді. Өйт­кені мұндай қадамды қоғам жақ­сы қабылдайтындықтан арзан ұпай жинап алады екенмін. Бірақ маған ұпай жинаудың еш қажеті жоқ. Мен кез келген жауапты адам­ды тыңдауға, ұсынысына құ­лақ қоюға дайынмын. Ал қызық қуған жұртшылықтың жетегінде кете алмаймын. Ондай жастан да, жағдайдан да кеткенмін! – деп нықтады Мемлекет басшысы. Дегенмен ол Үкімет мүшелері мен әкімдердің жұмысына көңілі толмайтынын білдірді. Елде қиын жағ­дайдың қалыптасуына олар­дың бәрі де кінәлі. – Бірқатар әкімдерге осының ал­дында сөгіс берілді, ескерту жа­сал­ды. Сайып келгенде, басқа бас­шылар да сондай жазаға лайық. Біз әлеуметтік-эконо­ми­калық дамудың сын кезеңінде тұр­мыз. Алда тек ушыға түсетін дағ­дарыстан шығу үшін Үкімет пен әкімдер ұтымды, жанкешті іс-қи­мыл танытуы қажет. Десек те, бұл резервтегі кадрлар іске қо­сылмайды деген сөз емес. Пан­демиямен күрес бүкіл күшті жұ­мылдыруды, бастама­шыл­дық­ты, көшбасшылықты және өзіне жауапкершілік алуды талап ете-ді, – деді Қ.Тоқаев. Ол ұлттық экономиканың тиім­ділігін және бәсекеге қабі­лет­­тілігін арттыру үшін құрылым­дық реформалар уақыты туғанын жария етті. Басқаша айтқанда, Үкімет пен меморгандар эко­номиканы халыққа бағдарлауы қажет. Бүкіл атрибуты жан-жақты пысықталған жаңа бағдар керек. Президент ТЖ режимі кезінде бюд­жетті қалыптастыру, мемле­кет­тік сатып алу секілді салаларда бю­рократиялық рәсімдерді жеңіл­детуге бағытталған жедел ше­шімдер қабылданғанына, бүгін­де олар өз нәтижесін беріп жат­қа­ны­на назар аудартты. – Стандартты рәсімдер тәрті-бі – тыныш, бейқам уақытқа ар­нал­ған. Қазіргі кезде біз соғыс жағ­дайындамыз! Сондықтан әр­бір басшы жедел мәселелерді ше­шуде және тапсырмаларды іске асыруда барынша тиімділік көр­сетуі керек. Жауапкершіліктен бас­ты ала қашу, бюрократиялық сер­гелдеңге салу енді жарамайды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мемлекет басшысы Үкіметке 5 күн ішінде коронавирус панде­мия­сымен және оның салдарымен кү­рес бойынша жедел шешімдер қа­былдаудың құқықтық алгоритмін әзірлеуді жүктеді. – Осындай шұғыл шешімдер бір тәулік, әрі кеткенде  екі тәулік мерзімде қабылданып, жүзеге асырылуы тиіс. Қазіргі өмір шын­дығы құқық қорғау органдарынан да нақты шешімдер мен тиімді іс-қимылды талап етеді. Қиын шақ­та бар күш-жігерді бюджетке, экономикаға және азаматтардың қауіпсіздігіне шынайы залал-зардап келтіретін қылмыстарға шо­ғырландырған жөн. Құқық­бұзу­шы­лықтардың алдын алу жұмысы жүйелі жолға қойылуы керек, – деді Қазақстан Прези­денті. Ол шенеуніктерге бұдан бы­лай аптадағы демалыс, жыл сайын­ғы еңбек демалысы секілді сөз­дерді еске алмауды тапсырды. – Жаздың жартысы артта қал­ды. Министрлер, әкімдер, Пре­зидент Әкімшілігінің қызмет­кер­лері – бәріңізге әзірше ешқандай еңбек демалысы берілмейді. Өйт­кені жағдайдың өзі төтенше. Де­малу, тынығу деген сөздерді ұмы­тыңыздар! – деді Қ.Тоқаев.  

Саяси реформа пісіп-жетілді

Ел Президенті мемлекеттік басқаруды қайта құру жүргізі­летінін мәлімдеді. Ол саяси ре­форма аясында қолға алынады. – Дағдарыс қазақстандық қоғамда әлеуметтік үйлесімсіздік белең алғанын, азаматтардың жергілікті және орталық билікке сенбейтінін, оның ісі мен сө­зіне күмәнмен қарайтынын көр­сетті. Мемлекеттік аппарат, жал­пы мемлекеттік басқару жүйесі заман ағымынан көп арт­­та қалды. Идеологиялық аппа­ратқа да білім, тәжірибе, жасам­паздық және өжеттік же­тіс­пейді. Мембасқаруды қайта құру керек. Бұл саяси рефор­маның бір бөлігіне айнала­ды. Қайта құрылымдау бары­сында жергілікті өзін-өзі бас­­қару елеулі түрде күшейті­ле­тін болады. Мұндай рефор­ма­сыз елдің әлеуметтік-эконо­микалық өркендеуіне шын мәнінде пәрменді серпін бере алмайтынымызға сенімдімін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Реформаның мән-жайына ол Қазақстан халқына биылғы Жолдауында егжей-тегжейлі тоқталады. Ukimet Бүгінде сапалық тұрғыдан жаңа міндеттерді орындауға қабілетті кадрлардың жаңа формациясын іріктеу міндеті барған сайын маңызды бола түсуде. – Біз белгілеген жаңа бағдар жаңа орындаушыларды – білімді, батыл, бастамашыл, іскер және адал тұлғаларды қажет етеді. Бізде мұндай азаматтар саны жеткілікті ме? Енді ойласыңыздар: осы жиналып отырған команда әлгі критерийлерге сәйкес келе ме? Үкімет мүшелері, әкімдер өз мүм­кіндіктері мен әлеуетін саналы, парасатты түрде бағалайды деген ойдамын. Рас, өзін-өзі сы­нау деген бізде көп кездесе бер­мейтін қат дүние. Қалай бол­ғанда, бәріңіз мемлекет мүд­десі тұрғысынан шешім қабыл­дай­сыздар деген үміттемін, – деді Мемлекет басшысы.  

Кім жазаланды?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, Қазақстан экономикасы -1,8% төмендеген. Жыл басынан бері ұлттық экономика қиын жағдайда. Елі­міздегі эпидемиологиялық ахуал күрделі болып қалуда. Прези­денттің тап­сырмасы бойынша коро­навирус­пен күрестің шұғыл мә­селелерін шешу үшін қо­сымша 150 мил­лиард теңге бөлінеді. Басты мақсат – коронавирус инфекциясының таралуын тоқ­тату және нау­қастарды емдеу ісінде нақты нәтижелерге қол жеткізу. Полиция және сани­тарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ толыққанды меди­циналық көмек көрсету және қажетті дәрі-дәрмектер­мен қамту да маңызды міндет. – Денсаулық сақтау ми­нистрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қателік жіберді. Әкім­дердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады. Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет! Бұл комиссия бүгінгі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тек­серіс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек. Тергеу жүргізілсін, СҚ-Фармация басшылығы жұмыстан босатылсын! Соңғы кездері Міндетті медициналық сақтандыру қорына қатысты сын көп. Қорға байланысты түрлі қауесеттер мен өсек әңгімелер болмауы үшін оның басшылығын ауыстырып, сөздің емес, істің адамын қою керек. Үкімет қор жұмысына талдау жасауы тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Президент Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа СҚ-Фармация ұйы­мы­ның жұ­мысында сыбайлас жем­қор­лық көріністерінің бар-жоғын тек­серуді жүктеді. Сонымен қатар Қ.Тоқаев барлық өңірді тез арада дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, індет кезінде дәрі сатып пайда тапқысы келгендерді қатаң жауап­­қа тартуды тапсырды. Ме­­­моргандар аса қажетті дәрі-дәрмектердің және медициналық бұйымдардың жеткілікті қорын қалыптастыруға міндеттелді. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. – Қазақстанда дәрі мен ме­дициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?! – деді Мемлекет басшысы. Жиын барысында ол Үкіметке ескерту жасады: егер екі аптада елде жағдай жақсармаса, Асқар Мамин Үкіметі отставкаға кетуі мүмкін. – Пандемия кезінде Денсау­лық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзыретке ие деп есептеңіздер. Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпа­раттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тап­сырамын. Қалыптасқан ахуал 2 аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Қаржысы мол, қайтарымы «шөл»

Мемлекет басшысы ішкі нарықты маңызды отандық өнімдермен молықтыру үшін іске қосылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру ісін сынға алды. Оған 1 триллион теңге қаражат төгілуде. Нәтиже шамалы. Тауар қымбаттауда. – Аталған бағдарлама им­портты алмастыру және жұмыс­пен қамту үшін маңызды бастама ретінде қолға алынды. Бірақ 1,5 жыл ішінде бағдарламаның шарттары 6 рет қаралған. Бас­тапқыда бөлінген 200 миллиард теңгеден астам қаржының тек бестен бірі ғана игерілген. Өңдеу өнеркәсібіндегі субьектілердің саны және халық тұтынатын тауарлар импортының үлесі бұрынғы деңгейде қалды. Осылай нақты мақсаттар мен жауапкершілікті айқындап алмай, ақша бөлеміз. Атауы ғана жақсы басқа бағдарламалар сияқты «Қарапайым заттар экономикасына» да сәтсіздікке ұшырау қаупі төнді. Осыдан қорытынды шығарыңыздар! – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол 1 триллион теңге қаржы бөлінген Жұмыспен қамту жол картасының жүзеге асырылуы да сын көтермейтінін жеткізді. – Жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жуық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені – жөндеу жұмыстары. Бұл бастамалар азаматтарды биылғы қазан айы­на дейін уақытша жұмыспен қам­тыр. Ары қарай не істейміз? – деді Президент. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдер алдына шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісу міндетін қойды. Бюджет тұрақтылығын сақ­тау үшін тиімсіз шығындарды қысқартқан жөн. Экономика үшін пайдасы аз салықтық жеңіл­діктерді жойса, қосымша ре­зервтер пайда болады. Қ.Тоқаев МЖӘ жобаларын жүзеге асыру барысында мемлекеттің мін­деттемелеріне, бұған қоса мемле­кеттік инфрақұрылымдық бағ­дар­ламалар аясында жергілікті маз­мұнды өсіруге қатысты мәселе барын айтты. –  Аталған мембағдарламалар­ға жыл сайын 2,8 триллион тең­геге жуық қаржы жұмсалады. Яғни, экономикамызға 2,5 трил­­лион теңге құйылуы тиіс. Мұ­ның жұ­мыспен қамтуға және са­лыққа оң ықпалы болар еді. Іс жүзін­де меморгандар мен бас мер­дігерлерде жоспарлаудың бірың­­ғай жүйесі, есептілік пен есепке алу, қатаң жауапкершілік жоқ. Отандық өнім жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысы көбінесе көзбояушылыққа толы. Бизнес жоспарланған жұмыстың ауқымын, қажетті тауарлардың тізімін білмейді. Отандық өнімді есепке ала отырып, бекітілген жобалық-сметалық құжаттар бірнеше рет өзгереді. Соңында бәрі­бір шетелден сатып алынады, – деді Мемлекет басшысы.  

Ауылға қашан интернет келеді?

2021 жылы Елбасы тұсын­да Жер кодексінің кейбір норма­ларына қойылған мораторий аяқталады. Қ.Тоқаев бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қа­был­дауымыз қажет деді. – Негізгі мәселені айқындап алдық: жер шетелдіктерге са­тыл­майды! Бұл мәселеге енді орал­маймыз. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін инвестиция мен технология тартуға тиіспіз. Осыған орай, жерді тиімді пайдалану мәселесін фермерлер қоғамдастығымен бірге кеңінен талқылау керек. Барлық ұсыныс жария, ашық талқылануы тиіс. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша Үкіметке Жер кодексіне түзетулер енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті. Пандемия елдегі цифрлы эко­номикадағы елеулі кемші­ліктер мен олқылықтарды жа­лаңаш­тады. Мемлекет басшысы Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасындағы кемшілікті тегіс түзетіп, жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауыл­дарды сапалы интернетпен жабдықтау туралы тапсырма берді. – Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20%-дан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғасын қашықтан тиімді оқыта алмады. Мектептер балан­сындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40% ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен БҒМ жұмысына баға. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайын­далып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауы тиіс. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Министрліктің бұған толық дайын екеніне күмәнім бар, – деп түйді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Айхан ШӘРІП