Бүкіл ТМД көлемінде, Орталық Азияда және түркі әлемінде ірі қаржы орталығының жоқтығы байқалып, олқы соғып тұрды. АХҚО-ның құрылуы сол орынды толтырғандай. Ол әлемдік ең озық қаржы орталықтарының үздік тәжірибесі мен қазіргі заманғы мүмкіндіктерін біріктіретін бірегей орталыққа айналуы тиіс.
Орталық мақсатына жете алды ма?
Алдымен орталық ұсынар игіліктерге тоқталсақ. АХҚО елге инвестиция тартуы, сонымен қатар ірі қаржылық, өндірістік және сауда корпорацияларына, нарыққа алғаш рет шыққан компанияларға олардың дамуы мен өсуі үшін қосымша мүмкіндік-ресурстар ұсынады. Қазақстан осы орталық арқылы өңірде алғаш болып Англия мен Уэльс құқығының қағидаттары, нормалары мен прецеденттеріне және жетекші әлемдік қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген, бизнес үшін ең қолайлы заң режимін ұсынып отыр. Оның соты өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстанның сот жүйесінің бір бөлігі болып саналмайды. Ол І сатыдағы соттан (150 мың АҚШ долларына дейінгі сомаға талап-арыздарды қараудың арнайы жеделдетілген рәсімі бар) және апелляциялық соттан тұрады. Орталықтың жаңа биржасы – Astana International Exchange (AIX) ең заманауи шешімдер негізінде және тәжірибелі, беделді халықаралық ойыншылардың қолдауымен құрылған. АХҚО биржасының басқарма төрағасы Тим Беннеттің айтуынша, осы орталық биржасы арқылы инвесторлар өз ісін өркендетіп, акционерлік капиталын толтыруға 18 ай ішінде 290 миллион доллар тартыпты. AIX алаңында 2,8 миллиард доллар сомаға – жариялы борыштық құнды қағаздар және 4,3 миллиард долларға – жеке борыштық құнды қағаздар (private placement) листингтен өткен. Елордалық биржада сауда көлемі де айтарлықтай артты: ол алдыңғы жылғыдан 2,7 есеге өсті. 2019 жылы биржа жұмысы «Қазатомөнеркәсіптің» құнды қағаздарын саудалаудан басталған болатын. Содан бері жеке инвесторлар тарапынан сұраныс 5 есеге ұлғайыпты. АХҚО биржасы алдағы екі айда ұялы қосымшасын іске қоспақ. Бұл жеке инвесторларға, қазақстандықтарға құнды қағаздар сатып алудың жылдам әрі қолайлы тәсілін ұсынып, белсенділігін арттыру үшін қажет.Жарты жылда 4 млрд жұмсалған жоба
Бірнеше жыл бұрын Үкімет Астананы жаһанға танымал қаржы орталығы ету үшін бас қаладан әлемнің басты орталықтарына тікелей әуе рейстерін ашуға ұйғарды. Сонда кез келген инвестор не алпауыт бизнесмен жолай ұшақтан-ұшаққа кіріп-шығып қиналмай-ақ төрткүл дүниенің жетекші орталықтарынан елордамызға тура жете алмақ.Бұлардың бәрінің еңбекақысын төлеуге, әкімшілік шығыстарын өтеуге қанша қаражат кетеді? Ол шығынның көлемін атаудан АХҚО төрағасы Қайрат Келімбетов о бастан тоқтаусыз бас тартып келеді. Тек қазақстандық кадрлардың миллион теңге айналасында жалақы алатынын мәлім еткені есте.
Алайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің дерегіне жүгінсек, Нұр-Сұлтан–Токио бағыты сұранысқа ие болмапты. Бұрын дәл осы комитет төрағасының орынбасары лауазымын атқарған Серік Мұхтыбаев қазіргі әріптесіне «Күншығыс еліне» ашылған әуе рейске қатысты сұрақ қойып, мән-жайын білді. Қос азиялық мемлекеттің астаналары арасында әуеқатынасы былтыр, пандемия қарсаңында жолға қойылыпты. – Нұр-Сұлтан–Токио әуебағдарына 2019 жылдың 5 айында, сондай-ақ 2020 жылдың басында жалпы алғанда 4 миллиард теңге жұмсалды. Мемлекет субсидиялайтын осы бағдар іске қосылғаннан уақытша тоқтатылғанға дейінгі аралықта 2 751 жолаушы тасымалданды. Рейстер дүниежүзінде COVID-19 пандемиясының өршуіне байланысты доғарылды, – деп қысқаша жауап қатты Азаматтық авиация комитеті төрағасының қазіргі орынбасары Салтанат Томпиева. Яғни, небәрі 2,5 мыңдай ғана жолаушыны жеткізу үшін 4 миллиард ел қаржысы кеткен. Және оның қызығын жалғыз ғана компания көргенге ұқсайды. Мұны ведомство басшысының тағы бір орынбасарының жауабынан білдік.Жолаушы жоқ, SCAT дайын!
Жуырда ұқсас сауалмен меморганға туризм жөніндегі менеджер Жанаргүл Тойымбаева жүгінді: «Бірінші санаттағы елдер қатарындағы Жапония еліне қашан әуе рейс қайта ашылады?» деп сұрады. Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, тура 1 жыл бұрын, 2019 жылғы 6 шілдеден бастап SCAT әуекомпаниясы аптасына 2 рейс жиілігімен Нұр-Сұлтан–Токио–Нұр-Сұлтан аралығында тікелей рейстерді орындауға кірісті және бюджеттен субсидия қаражат алды. – Алайда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты және ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссияның шешімі негізінде 2020 жылғы 3 ақпаннан бастап 98 халықаралық маршрут бойынша аптасына 440 рейс немесе барлық халықаралық ұшулардың 99%-ы қысқартылды. Енді халықаралық жолаушылар әуетасымалын қалпына келтіру туралы шешімді Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) қабылдайды, – деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов. Нәтижесінде, ВАК-тың осы жылғы 11 маусымдағы шешіміне сәйкес, сондай-ақ ДСМ ұсынымдарын, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемдегі эпидемиологиялық жағдай жөніндегі картасын ескере отырып, Қазақстан биылғы 20 маусымнан бастап Түркия, Оңтүстік Корея, Грузия, Таиланд, Қытай және Жапония мемлекеттеріне халықаралық рейстерді біртіндеп қайта ашуға бел буды. Рас, республикамызда індеттің өршігенін байқаған Түркия бізбен әуеқатынасын тыйып, қазақстандық жолаушылар үшін әуе қақпаларын жауып тастады. Ал Жапонияға ұшудан Қазақстанның өзі бас тартыпты.АХҚО соты 5 іс қараған
Жақында, 8 шілдеде АХҚО соты шетелден жаңа төраға жалдады, сол үшін ант беру салтанаты ұйымдастырылып, Лорд Манс Қазақстанға адал қызмет етуге уәде етті. Жалпы, осы орган Жақып Асанов басқаратын отандық сот жүйесіне ұлағатты үлгі болып, озық тәжірибеге үйретіп, Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи, кәсіби және тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс болатын. Қайтарымы қайда? Осының алдында, былтырғы 30 қарашада «Астана» қаржы орталығының сотына жаңа судьялар тағайындалды. Өкінішке қарай, бұрынғы жоғары жалақы алған судьялардың не бітіргені туралы еш есеп берілмеді. Бірақ АХҚО сотына шетелден ең білікті кадрлар шақырылады. Атап айтқанда, Лорд Манс осыған дейін Ұлыбритания Жоғарғы соты төрағасының орынбасары болған. Нұр-Сұлтанда білдей лауазым иеленгенімен ол Ұлыбританияның Лордтар палатасының Этика жөніндегі комитетінің төрағасы қызметінде қалған. Мұның сыртында Манс мырза – Өзін-өзі жұмыспен қамтыған ағылшын барристерлерінің жауапкершілігін сақтандыру қорының директоры. Сонымен қатар Лондондағы банкке қатысты апелляциялық даулар бойынша әртүрлі трибуналдарға төрағалық етеді. Елорда қаржы орталығы сотының тағы бір жаңа судьясы Алан Маклин – Blackstone барристерлер палатасының іс басындағы корольдік адвокаты. Үшінші жаңа судьясы – Чарльз Баннер болса, Landmark барристерлер палатасы атынан Лондон мен Бирмингемде, сондай-ақ Уэльс пен Солтүстік Ирландияда қатарынан іс жүргізетін барристер-адвокат. Демек, барлығы да қоса атқаратын секілді. Бұлардың бәрінің еңбекақысын төлеуге, әкімшілік шығыстарын өтеуге қанша қаражат кетеді? Ол шығынның көлемін атаудан АХҚО төрағасы Қайрат Келімбетов о бастан тоқтаусыз бас тартып келеді. Тек қазақстандық кадрлардың миллион теңге айналасында жалақы алатынын мәлім еткені есте. «Астана» қаржы орталығының айтуынша, 2019 жылы АХҚО соты және АХҚО Халықаралық арбитраж орталығы әзірге тек 5 істі қарады. Негізі, қаржы орталығы 2015 жылы құрылғаны белгілі. Іле-шала соты да қалыптастырылды. Бірақ оның соты тұңғыш отырысын тек 2019 жылы ғана өткізіп, сонда бірінші сот шешімін шығарды. Оның өзінде АХҚО-да тіркелген жергілікті компания мен шетелдік компания арасындағы көрсетілген қызметтің ақысын төлемеуге қатысты, сомасы шағын дау қаралыпты. Бұдан басқа, арбитраж көмегімен 1 дау және медиация арқылы 3 іс пысықталған. Коронавируспен күресу үшін мемлекеттің ТЖ және шектеу шараларын енгізуі салдарынан көптеген кәсіпкер мен компания тендер мен келісімшарттар аясында міндеттемелерін уақытылы орындай алмады, тауарларды дер кезінде жеткізбеді, белгіленген күні қызмет көрсетпеді. Сол үшін қарсы тарап – контрагенті миллиондап айыппұл салуда. Содан соттардағы талас-тартыс саны көбейген. Бизнес омбудсмен Рустам Жүрсіновтің айтуынша, тек қызмет көрсету саласында ғана 838 мың компания, 1,5 миллионға жуық адам зардап шекті. Қазақстанда 2020 жыл басталғалы 4,5 миллиондай мәміле жасалды, біразы орындалмады. Кесірінен, бұл 1 миллионнан астам сот өндірісіне соқтыруы мүмкін. Сондықтан соттар алапат салмақ астында езіліп қалмауы үшін Жоғарғы сот төтенше жағдайды «форс-мажор» деп танып, кәсіпкерлерді міндеттемені орындаудан босатты. Олай болса, осындай қиын шақта отандық сот жүйесіне АХҚО соты көмекке келіп, орасан зор іс ауқымының бір бөлігін өз мойнына алып, жүктемені жеңілдетсе, игі.Елдос СЕНБАЙ