Елге «екінші тыныс» керек

Елге «екінші тыныс» керек

Дәрі-дәр­мек тапшылығын әлеуметтік желі арқылы шешіп, үйіндегі артық дәріні таратып берді. Түрлі қайырымдылық қоры сауапты іске жолбасшы бол­ды. Ал қазір белгілі кәсіп­кер­лер Түркия асып, жасанды тыныс алу аппаратын сатып алып жатыр. Елде індет тарала бастағанда-ақ қайырымды жандар халық игілігі үшін іске кіріскен-ді. Сәуір айында Мақтаарал ауданындағы «Астана Строй-проект» ЖШС директоры аудандық ауруханаларға құны 1 миллион теңге тұратын 2 жасанды тыныс алу аппаратын сыйлаған еді. Өйткені коронавирус инфекциясы асқынған кезде тыныс алу жол­дарын зақымдайды. Науқасқа от­тегі жетіспей қиналады. Осы тұста тыныс алу аппаратының маңызы зор. Дегенмен бұл шақта еліміз­де жағдай қазіргідей емес-ті. Кейін­нен екінші толқын басталып, жұрт әбігерге түсті. Дәрі таппай, дем жетпей қалғанда жасанды тыныс алу аппаратының да жет­кілікті емесін түсіндік. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтің бірінде Денсау­лық сақтау министрі ауруханаларда 3 294 тыныс алу аппаратының бар еке­нін айтты. Кейінгі айда 978 ап­парат сатып алған. Министр Алексей Цойдың есебінше, әлі мың­ға жуық аппарат сатып алу керек. Осыдан кейін жеке кәсіпкерлер облыс пен аудан ауруханаларына жасанды тыныс алу аппаратын сыйлауды бастады. Шілде айында батысқазақстандық кәсіпкер Қанат Жанғазиев облыстық көп­бейінді ауруханаға үш жаңа ты­ныс алу аппаратын – оттегі кон­центраторын тарту етті. Атыраулық кәсіпкерлер облыстық ауруханаға 2 оттегі аппаратын сыйлады. Әлеуметтік желіде белсенді бло­герлер де бас көтеріп, зама­науи асар ұйымдастырды. Сең қозғағандардың бірі белгілі айтыс­кер ақын – Айнұр Тұрсынбаева. «Айдың нұры» қоры алғашында ақша жинап, 20 оттегі аппаратын сатып алмақ болған. Кейіннен халық 50 қондырғының ақшасын жинаған екен. Ақынның әлеуметтік желідегі жазбасынан соң игі іске атсалысқысы келетіндер көбейген. Сонымен, инста-асарды жиі ұйымдастыратын Эльмира Ешниязова 10 жасанды тыныс алу аппаратына 2 млн 800 мың теңге аударған. Журналист Жанат Бақыт Түркиядан 5 қондырғыға тапсырыс берген. «Халыққа оттегі керек» дейтін блогердің бірі Дәулет Төлеутайұлы да айтыскер бастамасын қолдап, Instagram-дағы оқырмандары 5 сағат ішінде 12 миллион теңге жинаған. Блогер бұл бастаманы «Екінші тыныс» деп атаған. Оның мәлімдеуінше, әлі де ақша аударып жатқан оқырмандары бар екен. Айнұр Тұрсынбаева арқылы «Дәулеттен» қоры 63 аппаратқа тапсырыс берген. Оттегі құралының жалпы құны – 14,5 миллион теңге. Бір аппараттың бағасы шамамен 225-230 мың теңге екен. Осылайша, екі қордың атсалысуымен Түркиядан 125 тыныс алу аппараты келеді. Қондырғылардың елге жетуіне Түркиядағы Қазақстан елшілігі көмек қолын созған. Заманауи асар арқылы елге келетін аппараттарды «Дәулеттен» қоры таратады. Қондырғыларды географиялық статусқа қарай бөледі. Аймақтарды қосу да қолға алынған. Қала мен облысты қос­пағанда, Абай, Арқалық, Жаңатас, Жетісай, Жымпиты, Зайсан, Сарыөзек, Үшарал, Үржар, Шалқар, Шардара елді ме­кен­деріне де жедел тыныс алу ап­параты жеткізілмек. Қор толық тізімді 14 шілде күні әлеуметтік желіде жариялайды. Жоғарыда ел қолда бар дәрісін бір-бірімен бөлісіп жатқанын жаздық. Қордың тағы бір сауапты ісі – тегін дәрі-дәрмек тарату. Instagram-дағы «Дәулеттен» қоры парақшасында жұрт үйінде бар, артық дәрі-дәрмекпен бөлісіп жатыр. Шарты – қарапайым. Егер үйде артық ауыз дәрі-дәрмек болса, қордың Instagram-дағы парақ­шасына суретін жолдап, мекен­жайыңыз­ды жазып жібересіз. Мұқ­таж жан бар болса, сіз көр­сеткен жерге барып, алып кетеді. Атал­ған акцияны әлеуметтік желі мен WhatsApp-тағы топтар іліп әкетті. Instagram арқылы оттегі кон­центраторын сатып алуға ақша жинап жатқандардың бірі – Қайрат Жолдыбай. Ол қондырғыны Түркиядан емес, Қытай елінен алдыруды жоспарлап отыр. Оның мәлімдеуінше, зауыт Қытайдың Гуанджоу қаласында орналасқан. Елдегі ең ірі зауыттардың үштігіне кіреді. Белгілі дінтанушының бас­тамасына қосылып, ауыл мен ауданына қондырғы алып бергісі келетін қалталы азаматтар көп екен. Қайрат Жолдыбайдың ай­туынша, құрылғы бағасы ұшақ­пен жеткізу құнын қосқанда 170 мың теңге шамасында. Қажетті сома жиналса, 1 аптаның ішінде оттегі концентраторы елге келеді. Ал Көкшетаудағы авиацияға қажет қосалқы бөлшек шығара­тын зауыт 360 жасанды тыныс алу аппаратын өндірді. 80 қон­дыр­ғыны Денсаулық сақтау министр­лігіне тегін берді. Жақын күндері тағы 100 шақты аппарат­ты сыйға тартқалы жатыр. Кәсіп­орын қалған 245 аппаратты облыс­тағы ауруханаларға сатқан екен. Бұрын­дары зауыт айына 30 қондырғы өндіретін. Өндіріс орны елдегі індеттің таралуы көбейген соң жұмыс күшін арттырған. Айта кетерлігі, «Көкшетау-4П» қон­дырғысы электр жүйесіне қосыл­маса да автономды түрде жұмыс істейді. Игі істерді тізбелегенде Жем­­қорлыққа қарсы күрес қыз­метінде өткен брифингте Айгүл Соловьеваның мәлімдемесі еске түсті. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы құрамы PR-компания жұмысы мен видеороликтерге 600 миллион теңге бөлген. Ал блогерлер 14,5 миллион теңгеге 63 жасанды тыныс алу аппаратын сатып алған.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ