Магистратура мен докторантураға түсу үшін өтініш қабылданып жатыр
Магистратура мен докторантураға түсу үшін өтініш қабылданып жатыр
фото: ашық дереккөз
192
оқылды
Магистратура мен докторантураға түсу үшін өтініш қабылданып жатыр, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігі. Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштер 15 маусымнан 15 шілдеге дейін қабылданады. Тестілеу электронды форматта 1 - 15 тамыз аралығында өткізіледі. Магистратура бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер 16 - 20 тамыз аралығында қабылданады. Ал докторантураға түсуге өтініштерді қабылдау 3 шілдеден 3 тамызға дейін жүргізіледі. Докторантураға түсу емтихандары 4 - 20 тамыз аралығында өткізіледі. Өтініштерді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы ЖОО қабылдау комиссиялары қабылдайды. Пандемияға байланысты Білім және ғылым министрлігі магистратура мен докторантураға түсу үшін Duolingo және IELTS INDICATOR онлайн тестілердің сертификаттарын қабылдауға рұқсат берді. Duolingo English Test және IETLS Indicator прокторингтің заманауи жүйелерін пайдаланады. Тестілеу көшіріп алуға мүмкіндік бермейтін ақпараттық жүйелер арқылы өткізіледі. Магистратураға түсу үшін халықаралық сертификаттарды ұсынуға немесе кешенді тестілеу (КТ) барысында шет тілінен тест тапсыруға болады. IELTS INDICATOR бойынша шекті балл 6,0-дан кем емес, Duolingo English Test бойынша – 95-тен кем емес болуы қажет. Докторантураға түсу үшін шет тілін меңгергендігін растайтын сертификат міндетті.  IELTS INDICATOR бойынша шекті балл – 5,5-тен кем емес, Duolingo English Test бойынша – 85-тен кем емес болуы қажет. IELTS INDICATOR сертификатының қолданылу мерзімі 2 жылды құрайды, ал Duolingo English Test сертификаты 1 жылға дейін жарамды.