Қапез әндеріндегі айқын ақиқат
Қапез әндеріндегі айқын ақиқат
387
оқылды

Жергілікті жердегі Алаш қайраткерлерінің бірі – Қапез Байғабылұлы. Ол ауыл молдасынан сауат ашқан; медреседен тәлім көрген; Стамбұлда білім алған; Алматыда екі мәрте мұғалімдердің білімін жетілдіру курсын үздік бітірген; ауылына келіп, бала оқытқан; мұғалім болған; барған жерінің бәрінде мектеп салған; мұғалімдердің білімін жетілдіру курсын ашып, дәріс оқып, «ұстаздардың ұстазы» атанған; аштық жылдары аш-жалаңаштарды жиып ашына ас, жалаңашына киім тауып беріп, «Облатком» деген ауыл құрған; өмірінің соңында «халық жауы» деген жаламен итжеккенге айдалған. 1939 жылы, яғни бар-жоғы 43 жасында Коми АССР-інің Ухта қаласында қаза тапқан.

Оның бізге жеткен әндерінің әр жолына көңіл қойсаңыз бүкіл бір ұлттың тарихын көз алдыңызға елес­тете аласыз. Мысалға, ел бі­ле­тін «Меркі» деген әнін алалық.

Осы әннің мәтініндегі айқын ақи­қаттарға көңіл тоқтаталық.

«Біздің ауыл шұрайлы Тоғыз­бұ­лақ...» Шындығында, тау бөк­те­рін­дегі осы ауылға ат басын тіреп көр­діңіз бе? Айтса, айтқандай-ақ, құй­қасы шұрайлы, сипаты шы­рай­лы ерекше жаратылған табиғатты көріп тамсанасыз. Саф ауа, салқын самал, мың түрлі гүл көмкерген тау бөктеріндегі сыңсыған қарағай мен шыршалар қыр-жоталардың ұшар басына жарыса ұмтылып бара жатқандай, әр бұтағы жаны бар секілді өз-өзінен ырғала жыл­жи­тындай елестейді көз алдыңа. Ты­ғыз да нығыз өскен көгорай шал­ғын ат тілерсегін орап, адымын ал­шаң бастырмайды. Бұрқыраған жұ­пар иіс кеңсірігіңді кеңейтіп, кеу­деңді кере түскізеді.

«Семірген тұра алмайды өгіз құлап...» Шындығында, мына май­саға тұмсығы бір малынған мал атау­лы басын көтермеген күйі бір ор­нында тұрып-ақ семіретіндей. Се­мірген соң өзін-өзі көтере алмай құ­лайтыны да анық. Құлаған соң бі­реу келіп демеп жібермесе, өз­дігінен май басқан жамбасын кө­теріп тұрып кете алмайтындай-ақ бар.

«Білім алдым Стамбұл қала­сы­нан...» Қапездің атасы Бейбіт әжі Меккеге барған сапарында түр­кия­лық оқымыстылармен таныс боп қалады. Жөн сұрасқаннан соң олардың түркі қандас бауырларына білім беруге құштар екенін біледі. Қажы өзінің немересін айтқанда, түркиялық ұстаздар «жалғыз бол­ма­сын, шамасы келсе, бес-алты бала боп келсін. Жапанда жалғыз жүру қиын болады, бірігіп келсін» дегенді айтады. Сол кездегі ірі бай, аузы дуалы, сөзі уәлі Уәлибай Юл­да­шев арқылы Түркиядан келген адамдармен жеңұшынан жалғасып, Қапезді Стамбұлға оқуға жіберудің жолын табады. Қапездің өзі ғана емес Сауытақын деген ұйғыр ба­ла­сы, Шәршікен деген Қапездің ауыл­дасы, тағы екі бала қосылып, бе­сеуі Стамбұлға оқуға аттанған. Бұл 1911 жылдар шамасы. Стам­бұл­дан Қапез, Шәршікен, Сауы­та­қын үшеуі елге аман оралады.

«Тәлім бердім Алаштың бала­сы­на...» Қапез діни сауаты терең­деп, түрікше, парсыша, шағатайша, арабша тіл біліп, өзге елдің өрке­ниетін өз көзімен көріп келеді. Ке­леді де бала оқытуды қолға ала­ды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін біротала ағартушылық жолға тү­сіп, мұғалімдікпен айналысады. Осы бағытта кәсіби білігін жетіл­діру мақсатында екі мәрте (1920-21 және 1927-28 жылдары) Алматы­да­ғ­ы мұғалімдер      білімін жетіл­ді­ретін курсты бітірді. Сол кездегі ондай оқуды бітірген мұғалім ең білімді саналған. Ол қатардағы қа­рапайым көп мұғалімнің бірі емес, қайраткер-ағартушы болды. Қай­рат­керлігі сол – мұғалім болып бар­­ған жерінің бәрінде – Жа­лаңаш­та, Торайғырда, Сүмбеде, Екашада, Ақтоғайда, Тоғыз­бұлақ­та, Подгорныйда (Қырғызсайда) Кегенде міндетті түрде мектеп салу­­ды қолға алған адам. Және сал­ған мектебінде өзі сабақ берген. Мұ­нан бөлек ол Қарқара жәр­мең­кесінің қасынан аудан мұғалім­дері­нің білімін жетілдіретін курс ашып, әдіскер ұстаз ретінде дәріс оқы­ған.

«Он жасымда қайтейін бала бол­дым...» Қапез он жасқа келген­де әлі бала болғандығын айтып, «қай­тейін» деп шарасыздық таны­тып, өкінетіндей не болып еді? Егер он жас емес, одан ересектеу бол­са қайтпек еді?

Қазақтың арғы-бергі тарихы­нан сауаты бар, көзі ашық, көкірегі ояу Қапез 1906 жылдың ақпанында Се­мейде қазақтардың съезі өткен­ді­гін, онда патшалық Ресейден ке­лімсектердің қоныс аударуын тоқ­тату, жерді қазақ халқының ата-ба­баларынан бері келе жатқан мен­­шігі деп мойындау, тіл тазалы­ғы мен мәртебесі, мұсылман дінін ұстану еркіндігі, жергілікті ұлттың өз тілінде білім алуын өрістету се­кіл­ді өзге де талаптар қойылғанды­ғын, 1906 жылғы І Мемлекеттік Ду­­маға Қазақстаннан 9 депутат сай­ланғанын есіне алып, сол орта­да бола алмағанына іштей налыған бол­ар. Бәлки, ол Жетісу облысы Леп­сі үйезінің қазақтары дайын­да­ған петицияға 1 000 адамның бірі бо­лып қол қояр ма еді?.. Мүмкін, ол Ресей Министрлер кеңесінің тө­рағасы П.Столыпиннің орыс шаруасы Ресейдегі өз үлесін сатып, еркін түрде басқа жаққа кетуге мүмкіндік алған жарлығына қарсы амал табар ма еді?.. Өйткені осы жар­лықтан кейін қазақ даласына ке­ліп қоныстанушылар саны кө­бейіп, қазақ тұрмысы қысымға алынған болатын. Осы Жарлықтан кейін 10 жыл ішінде қазақ дала­сына 1 миллионнан астам келім­сек­­тер ресми түрде орналас­ты­рыл­ды. Ол бір миллион келімсек қазақ жерін басыбүтін иеленіп алып, қазақтарға билік жүргізе бастады. Отарлаудың осы саяси астарын тү­сінген Қапездің «шіркін сол кез­де бала болғаным-ай, егер билік жа­ғында болсам, бір амалын қарас­тырар ма едім» деген өкініші болатын. Өкініш болғанда соқа ба­сының қамын ойлаған өкініш емес, қазақ даласы мен баласының кемдік көрген күйін ойлап ашын­ған өкініш еді.

Атасы Бейбіт қажы қазақ-қыр­ғызға аты шыққан оқымысты еді. Әкесі Байғабыл өзіне, әулетіне жетерлік дәулеті бар біртоға адам болған. Пристав Жалаңашқа кел­ген орысты бала-шағасымен Бей­біт қажының қыстауына әкелді де отырғызды. Байғабыл еш қайран жасай алмай, бармағын тістеді де қал­ды. Амал жоқ онымен қоңсы бол­ды. Оның атын бұлар Уәсіл деп кетті. Шын аты Василий еді. Сол Уә­сіл 1916 жылы Байғабылдың қыс­таудағы қорасын өртеп жіберді. Бәл­ки, Қапез «әттең сол кезде 10 жас­тағы бала болдым, әйтпесе, Уә­сілге көрсетер едім» деп те ойла­ған болар. Дегенмен Уәсілдің ер­кін­суінің ар жағында Патшаның отарлау саясаты жатқандығын көзі ашық Қапез жақсы түсінді. Түсін­ген­діктен де оның өкінішінің се­бебі бір ғана Уәсілдің қысастығы емес, бүкіл Патша саясатының қы­сас­тығы болатын.

«Он бесте жолымды іздеп дала қондым...» Қазақта: «Болар бала он бесінде «баспын» дер, болмас ба­ла отызында «жаспын» дер...» де­ген мәтел бар. Осы мәтел тікелей Қа­пезге және Қапез секілділерге ар­налған сияқты. Әкесі Байғабыл еті тірі баласын қайткенде оқы­ту­дың жолын іздеді. Уәсілдің қоңсы бол­ғандығының бір пайдасы – Қа­пез орысша тілдесуді меңгеріп ал­ған еді. Тілдесу арқылы Уәсілге кел­ген өзге орыстардың әңгімесін түсі­нетін болды. Солар арқылы Ре­сей туралы там-тұмдап біліп қал­ды. Әкесі Байғабылға келіп орыс­тардан естіген әңгімесін айт­қан сайын ұлының көзінің ашы­лып келе жатқанына қуанса, бір жа­ғынан уәсілдердің басынып ке­ле жатқанынан іш тарта бас­тай­ды. Бірде Бейбіт қажының атын айтып үйге бір молда келеді. Келеді де оқуға Бейбіт қажының немере­сін әкетуге келгенін айтады. «Бұл Бейбіт қажының аманаты» дейді. Аманатты орындауға қарсылық жа­сай алмай, Байғабыл баласын ілес­тіріп жібереді. Қапез жалғыз кетпейді. Көрші қызылбөрік елі­нен Шәршікен деген бала, ұйғыр­дан Сауытақын деген бала және жолдан тағы екі баланы ертіп, әлгі мол­да кетеді. Бір жыл, екі жыл ха­бар­сыз, ұшты-қилы жоқ, із-түзсіз бол­ған соң ауыл елеңдей бастайды. Бал­шы-құшынаштар мен көріпкел құмалақшылар «тірі», «оралады» дейді. Сөйтіп жүргенде, Қапез үш жылдан соң Шәршікен, Сауыта­қын­дармен бірге оралады. Бұлар сол кеткеннен жаяу-жалпы да, кө­лікпен де, керуенмен де жүре-жү­ре кемеге отырып Түркиядан шық­қан. Стамбұлға барған. Сол жер­де медресеге қабылданып, діни оқу оқыған. Діни оқуға қосымша тарих, жағырапиядан дәріс алған. Араб, парсы тілдерін үйренген. Ел­ге оралған соң Сауытақын Ше­лек­те қалады да, Шәршікен екеуі өз ауылдарында діни сауат ашуға кіріседі. Бала оқытуға қажетті жаб­дық­тар іздеп Верныйға барғанда Са­дық Аманжолов дегенмен та­ны­сады. Соның қолынан «Қа­зақ» га­зетін алады. «Қазақ» газеті мұ­ның көңіліне көп ой салады. Осы кезде «қайтсем елге тұтқа болам», «қа­зақтың сауатын қайтсем аша­мын», «мәдениеті озық елдердің қ­атарына қалай қосамын» деген уайым Қапезді де меңдеп алады. Тө­сегінде тыныш жата алмайды. Жар­кентке барады, Қырғызсайға жол тартады. Верныйға сапар ше­ге­ді. Тройцкіге оқуға кетпек бола­ды. Уфадағы «Ғалия» медресесіне аттансам деп те ойлайды. Бір жыл­дан соң ел толқиды. Ресей мен Гер­ман соғысының дүмпуі алыс жат­қан Ақтоғайға да жетеді. 1916 жы­лы Патша жарлығы келеді.

«Жиырмамда бастадым тамам қол­ды...» Қазір әншілер сүйсіне орын­дап жүрген бұл әннің мәт­і­нінде ауызға алынбай жүрген тағы бір шумақ бар. Оның ән мәтінінен түсіп қалатын себебі мынада:

Қапез жиырма жасқа келген жы­лы әйгілі Қарқара көтерілісі бол­ған. Бұл оқиға туралы Мұхтар Әуе­зов «Қилы заман» повесін жаз­ды. Көтерілістің болуының тарихи ал­ғышарттары мен саяси-әлеу­меттік себептері бар. Қазақ жері­нен айырылды. Ата-бабасынан келе жатқан жерге салық төлейтін болды. Малы жайылатын өрісінен айырылды. Тіпті қазаққа ат мініп жүруге болмайтын да талап шық­ты. Атқа патша өкіметінің ғана өкіл­дері мініп жүруге тиіс деген жер­гілікті шолақ шенеуніктердің өктемдігі пайда болды (Ұзақ пен оның баласы Рүстембектің оқиға­сын еске алыңыз). Қазақтан тар­тып алынған шұрайлы жерге орыс­тың келімсек мұжықтары қо­ныс­тандырылды. Айдалада кетіп бара жатқан қазақты қарауыл қылып атты. Кездейсоқ текетіресіп қалған қазақты казак-орыс сұрақсыз-ақ шапты. Мұның бәрі әдеттегі іске айналып бара жатқан соң қазақ ашынбай қайтеді. Осы озбырлық туралы әңгімелерді зерек жігіт Қа­пез үлкендерден естіді. Талай ка­зак-орыстың Байғабыл ауылына келіп ойран салып кеткенін өз көзімен көрді. Көтерілістің бел ортасында жүрді де ел ішіндегі дүрбелеңді, зобалаңды, қиракезік қиын-қыстау күндерді бүкіл қа­зақпен бірге Қапез де бастан ке­шір­ді. Бұл оқиға оны ерте оятты. Оқи­ға соңы қырғынға ұласты. Пат­ша үкіметінің жазалаушы отряд­тарының атқаны, шапқаны, ас­қаны, өртегені, тонағаны, қорла­ғаны мен зорлағанына шыдамаған ел амалсыз бас сауғалауға көшті. Қырғын соңы босқындыққа жал­ғас­ты. Сол босқын елмен бірге Қа­пез де Қытай асты. Патшаның жа­залаушы отрядтарының қардай боратқан оғынан қашқан елдің Текестен өтіп бара жатып суға ақ­қанын да көрді. Текес­тен аман өткендерін арғы бетте қал­мақ­тардың тонағанының куәсі болды. Көтерілісте албан руынан сол кездегі есеп те бар (санақта жоғы қанша екенін бір Алла біледі) «69 440 адамның 35 100-i қырыл­ған». Тұзкөл деген жерде арғы бетке өте алмай қалған ауылдың 27 еркегін үш казак жарты сағатың ішінде сұрақсыз қырып тастаған. Бұл ауыл түгелімен Қапез туып өскен Ақтоғай, Кеңсу, Аралдан келе жатқан болатын. Нарын­қол­дан Қытайға асатын «Ойқорым» деген жерде 500 түтiнді патшаның жазалаушы отряды шай қайнатым уа­қытта қырып салған.

Жаркент уезiнiң халқы 1916 жыл­ға дейiн суан 6 болыс, албан 14 бо­лыс, жалпы түтiн саны 17 712 болса, көтерiлiстен соң 5 094-i қа­лып­ты.

Міне, осының бәрін көзімен көріп, бастан кешірген Қапездің Алаш қайраткерлерінің «Қазақ» газеті арқылы «соғыспайық» деп елге үндеу тастағанының шын жа­нашырлық екенін толық түсінеді. Шындығында, Патшаға қару-жа­рақсыз қарсы шығамын деп қа­зақтың бостан-босқа қырылып қал­ға­нын өз көзімен көрген Қа­пез­дің:

Жиырмамда бастадым тамам қолды,
Қырылған қазақ қырда заман болды, –

дейтіні бар. Одан басқа бұл өлең жолдарында:

Орыстарға Оразай ойран салып,
Апарды түрмесіне Қарақолдың.., – деген де сөздер бар.

Бұл – жай, баяндау стиліндегі әуен­мен айта беруге болатын өлең мәтіні. Ал енді асқақ дауыспен, кө­теріңкі леппен айтылатын әуезді әнге келе бермейтін мәтін. Сон­дық­тан ән мәтінінен түсіп қалған­дығы табиғи заңдылық деп түсін­ген жөн. Оның үстіне қазақ­тың қы­рылуы мен орыстың ойран­далуын әнмен айғайлап айту орын­даушылық әдепте жоқ.

Шындығында, Қарқара көте­рі­лісі кезінде әр ауыл өз жасақ­тарын шығарған. Ондық, жүздік, мыңдық қосындарды бастайтын қолбасылар болған. Сары, Шобал руларынан құрылған мыңдықты Оразай бастап, соның құрамын­да­ғы жүздікті Қапез басқарған. Оның «Жиырмамда бастадым тамам қол­ды» деп отырғаны сол. «Орыстарға Оразай ойран салып» дегенінің шын­дығын үлкендер былай баян­дайды: Алғашқы би болыстар жиы­нында Оразай да болып, әс­кер­ге солдат бермейміз деген серт­пен келісіп кері Торайғырға өз жі­­гіттерімен аттанып кетеді. Осы­дан кейін көп ұзамай Под­вар­ков­тың отряды Ұзақ, Жәмеңке, Әбә­кірлерді мәжіліс құрып отырған же­рінен ұстап алып, келіссөзге апар­мақ болып алдап, айдап апа­рып Қарақолдың түрмесіне қамап қоя­ды. Осыны естіген Оразай жа­сағымен Талды арқылы Қара­қолға жол тартады. Барар жолда орыс солдаттарымен ұрыс сала жүріп, Қарақолға жете бергенде алда­ры­нан зеңбірек пен пулеметі бар полк қарсы алады. Амал жоқ Ора­зайлар шегініс табады. Оразай Қа­пезді ертіп Қарқолдың түрме­сіне елшілікке барады. Онда түрме бастығы «Патша ағзамға сіздердің өті­ніштеріңізді жібереміз. Айт­қан­дарыңызды ескереді» дейді. Осы­ны естіп Оразайлар кері қайтып, елді тыныштандырады. Ел іші сәл саябырсыйды. Оразай енді Қапезді ертіп Диханбай мен Жанғабылға барады. Олар Сібірден азаттық алып келе жатқан Тайлақты қосып, «Елдігімізді білдіреміз» деп тағы да Қарақолға Ұзақтарды босатып алуға барады. Бірақ түрме бастығы бұларды елші ретінде қабылда­ға­нымен, түрмедегілерді босатпайды. Елшілерді кері қайтарады да, артынан көтерілгелі жатқан қазақ­тарды қыруға жазалаушы отрядтар жібереді. Міне, осы елшілік жолда Қапез тағы да тілмаштық міндет ат­қарады. Оның «Апарды түрме­сіне Қарақолдың» дегенінде осы тарихи шындық бар.

Отарлаудың осы саяси астарын тү сінген Қапездің «шіркін сол кез де бала болғаным-ай, егер билік жа ғында болсам, бір амалын қарас тырар ма едім» деген кініші болатын. кініш болғанда соқа ба сының қамын ойлаған кініш емес, қазақ даласы мен баласының кемдік к рген күйін ойлап ашын ған кініш еді.

«Отызымда ағайын ашыққан соң...» Қапездің Ұлт-азаттық көте­рілістен кейін елді сауаттандыруға бел­сене кірісуіне жаңа үкіметтің келуі, теңдік ұранын тастауы се­беп­кер болады. Бірақ Қапездің осы Кеңес үкіметінің ісіне белсене ара­ласып кеткен кезде өкінген кез­дері көп болғанға ұқсайды. Оның:

«Өкінді жаным, өкінді,
Өкінгеннен не тынды.
Жұртқа күле қараймын
Нықаппен бүркеп бетімді.., – дегені, сондай-ақ:

Кеңес деген бел шықты
Белден сасық жел шықты,

– дейтіні Қапездің «коммунистігіне» күмәнмен қаратады. Әу баста діни оқуды оқып, құран жолымен жүру­ді таңдаған ол адамдардың бірін-бірі қырып жатқанына кәпір мен мұ­сылман арасындағы соғыс деп қа­раса керек. Ал теңдік ұранын кө­тере келген Кеңес үкіметінің сөзі мен ісінің қабыспайтынын көзі­мен көріп іштей күйзелісте, күңі­реністе болғаны шындық. Оның елге келген Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровтермен сырлас, сұх­баттас болғаны, Алматыға бар­ғанда өзге зиялылармен кездескені, кә­дімгідей рухани қуат алуына ық­пал етеді. Ол біржола ағар­тушы­лық жолға түседі. Мүмкіндігінше қо­лына суық қару ұстамауға тыры­са­ды. Ол айналасындағы болып жат­қан өзгерістерді сол қалпында қа­былдап, сол күйінде суреттеді. Кәм­песке кезінде елдің Қытай ауып кетуін қаламаған ол бай, ба­ғыландар арасында үгіт жүргізді. Ко­мотряд құрамына кірді. Осы кез­де оның қылығын ағайын арасы жақтырмады да. «Кеңес үкіметінің сойылын соғып жүрсің» деп кінә­лады. Шын мәнінде, Қапез елдің іші екі жарылмаса екен деп жан­та­ласты. Жат жерге барамыз деп тағы да қырылып қалмаса екен деп әре­кет етті. Елден салық жинау ке­зінде де Қапез елдің аштыққа ұрын­бауына қатты көңіл бөлді. Оқу-ағарту жұмыстарымен Алма­тыға барып, аш-жалаңаштарды көзімен көріп, кері қайтқанда аш­тық­тан босып кеткен босқындар­дың тірлігіне налып, ауыр ойға қа­лады.

Аналары айрылған баласынан,
Айрылған балалары анасынан.
Жетім, жесір, жетімек ашыққан соң
Сабанның дән іздейді арасынан,
Айхай!
Ауыр күн-ай,жазатын күн бар ма екен бауырыңды-ай, – деген әні осы жолда туса керек.

Қайтар жолда Ақтоғайды бой­лап келе жатқанда бір шалдың өлген кішкентай баласының аяғын кеміріп жатқанын көріп жаны түршігеді. Өз ауылым да осындай болып, босып кете ме деп қауіп­тенді. Келе сала елді аштықтан құт­қару жасағын құрып, сай-са­лада, жылға-жырада бірінен-бірі қа­шып босып жүрген аш-жа­лаңаш­тарды жинайды. Қапездің бұл бастамасын естігендер жан-жақ­тан әп сәтте жиналады. Бұлар­дың барлығы сонау Қарағанды, Семей жақтан ауып келе жатқандар бо­лып шығады. Солардың бәрін бір жерге тоғыстырып, ашына та­мақ, жалаңашына киім үлестіреді. Оның бұл ісін үкімет те қолдайды. Сөйтіп, «Облатком» деген ауыл құ­­­рылады. Соған Қапездің өзі уәкіл болып тағайындалады. Оның бұл еңбегі елеусіз қалмайды. КСРО Жоғары кеңесінің Құрмет гра­мо­тасымен марапатталады. Қапездің беделі бұрынғыдан да биіктейді. Оның атын атамай, үлкен-кішінің бәрі «Қапем» деп кетеді. Қапездің осы әніндегі:

«Отызымда ағайын ашыққан соң
Бір өзім алпыс үйге пана болдым»,

– дейтіні жоғарыдағы тарихи шын­дықтан келіп туған.

Мінеки, Қапездің бір ғана әні­нің мәтінінде айтылған шындық­тың бәрі қазақ тарихында тайға таңба басқандай айқын. Сондық­тан да ол ән өміршең, ән авторы да халықпен бірге жасай береді.

 

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеуші,
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ,
Т.Жүргенов атындағы
Ұлттық өнер академиясының профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, музыкатанушыя