ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп Қазақ ұлттық университетінің студенттеріне онлайн дәріс өткізіп, болашақ тілшілердің сауалдарына жауап берді. «Әдебиет - ардың ісі дейміз. Журналист те адал, әділ болуы керек. Олар майданда жүрген жауынгерлер іспеттес. Сондықтан журналист болу - жүректі адамның ісі. Бұл саланың маманы болуы үшін ой мен тіл парасаттылығы керек. Журналист амбебап болуы тиіс. Абай атамыз айтқандай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ». Журналисттің бойында осы айтылған қасиеттердің барлығы болуы қажет», - деді ол. Нұртөре Жүсіп жарқын болашақ рухы өр, ойы еркін жастардың қолында екенін айтты. Тікелей эфирдегі дәріс ҚазҰУ-дың инстаграм парақшасында (@journalism_kaznu) өтті. Естеріңізге сала кетсек, Нұртөре Жүсіп - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі, қаламы қарымды журналист. Бар қажыр-қайратын қазақ журналистикасына, оның өсіп-өркендеуіне арнап келеді. Ол әр жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары, «Жас Алаш» газетінің Бас редакторы. «Ақ жол, Қазақстан» газетінің Бас редакторы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ бас директоры, «Астана хабары» газетінің Бас редакторы, «Айқын» газетінің бас редакторы секілді жауапты қызметтерді атқарды. Қазіргі таңда ҚР Парланті Сенатының депутаты. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2000) медальдарымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының Б. Бұлқышев атындағы сыйлығының (1995), БАҚ саласындағы Президенттік сыйлықтың (1998), «Алтын Адам» сыйлығының (2000) иегері.