Қызылордада дәрі жоқ, кезек көп

Қызылордада дәрі жоқ, кезек көп

Өйткені дүниежүзі елдерінің тұрғындары мен экономикасын қоса жұтып жатқан пандемия  сәт сайын құбылып, шырмауына түскендерді шыр айналдыруда.  Тіпті, карантин талаптарына күле қарап, жымысқы әрекетке барғандардың өзі жұқпалы індеттен басын алып қаша алмай отыр. Күдігі басым, сенімі аз адамдардың қағидасы қатаңдана түсті. Індеттің індеп бара жатқаны айқын көрінсе де, халық жаппай жұмысқа кірісіп, той-томалақ қуалап кетті. Нәтижесін сіз де, біз де көріп отырмыз. Көз алдымызда  күліп  жүрген адамдарды батпандап кірген  кесел  келместің  кемесіне  әкетіп  жатыр. Төтенше жағдай енгізілген наурыз, сәуір, мамыр айларына қарағанда дәл қазіргі кезде жедел респираторлы вирустық инфекциямен ауырдым деп шағым  айтатындар  күрт  көбейді. Тіпті, аурудың симптомы болмаса да, өздігінен тест тапсырушылар қатары артқан. Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың мәлімдеуінше, елімізде жұмыс істеп тұрған 56 лаборатория күніне 30 мың тест жасайды. Пандемия басталғалы 1,4 миллион адам тест тапсырған, оның 80 пайызы ақысыз түрде өткізілген. Одан қалды, дертіне шипа іздеген жұрт үй жағдайында емделу үшін дәріханалардан рецептісіз босатылатын препараттар арқылы емделуде. Соның салдарынан дәріхана кезегінде адам көп, қажетті дәрі-дәрмек, дәрумен атаулы жеткіліксіз. Бұл жағдай өзге өңірлермен қатар Қызылорда облысы тұрғындарын да алаңдатып отыр. Қайбір күні осы дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мен бағасы туралы әлеу­меттік желіге жазба қалдырған едік. Облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен: – Қызылорда облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа­сы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таменті парацетамол дәрілік затына қатысты келесіні түсіндіреді. 23.06.2020 жылғы жағдай бойынша департаментпен мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде парацетамол дәрілік заты дәріханаларда жеткілікті мөлшерде бар екені анық­талды. Егер дәрілік заттың бір саудалық атауы болмаған жағдайда, құрамы бірдей басқа саудалық атаудағы дәрілік затты алуға болады. Атап айтқанда, парацетамол дәрісі нарықта құрамы бірдей эффералган, панадол және тағы басқа саудалық атаулармен өткізіледі. Сонымен қатар барлық дәрілерге шекті бағалармен «DARI.KZ» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы танысуға болады. Дәріханалық ұйымдармен дәрілік заттарды өткізу бағасы бекітілген шекті бағадан асқан жағдайда департаментке жазбаша түрде немесе «DARI.KZ» мобильді қосымшасы арқылы шағымдануға болатынын хабар­лаймыз, – деген  жауап  келді. Араға екі күн салып, қала тұрғындары арасында дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі туралы теріс пікір қалыптасқан соң облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғалия Бәйменова өңірлік комму­никациялар қызметінде арнайы брифинг  өткізді. – Соңғы 3-4 күн ішінде халық тарапы­нан ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды, иммуномодуляциялық препараттарға сұраныс күрт артты. Мысалы, бір дәріханадан бір мезетте бұрын бір айлық қор саналатын 2 000 конвалюта аспирин (ацетилсалицил қышқылы – ред.) дәрілік затын сатып алу фактісі болған. Осындай жағдай наурыз-сәуір айларында халықтың жеке қорғаныш құралдарын жаппай сатып алуы салдарынан дәріханаларда жасанды жетіспеушіліктің туындауына әкелген болатын. Бүгінгі күні барлық дәріхана ұйымында жеке қорғану құралдары жеткілікті мөлшерде бар. Қазіргі уақытта дәріхана  ұйымдары  халықтың қажеттіліктері мен сұ­ранысына сәйкес дәрілік заттарды са­тып алуды жүзеге асырады. Дәрілік заттарға өтінімдердің ұлғаюына бай­ла­нысты дистрибьютор дәрілік зат­тарды кешіктіріп жіберуде. Қазіргі кездегі елімізде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты барлық фармацевтикалық ұйым қыз­меткерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеуде. Кейбір дистрибьюторлық ұйымдарда қызметкерлер коронавирус инфекциясымен ауырып жатыр және қазіргі уақытта ем қабылдауда. Осындай дәрі-дәрмек тапшылығы республика  бойынша  барлық аумақта байқалады, – деді  Ғ.Бәйменова. Сала мамандарының айтуынша, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес дәріханада дәрігер жазып берген дәрілік зат болмаған жағдайда, дәріхана маманы дәрігердің келісімінсіз пациентке халықаралық патенттелмеген атауымен дәрілік заттың ең төменгі бағасынан бастап бар дәрілік заттың аналогтарын ұсынады немесе емдеуші дәрігермен келісім  бойынша  оны  фармакологиялық аналогпен ауыстыруды жүзеге асырады. Мысалы, азитромицин, таблеткалар 500 мг дәрілік заты әртүрлі сауда атауларымен сатылады, атап айтқанда азибиот, азитро, азитромицин-Сандоз, зинфект, зиромин, сумамед, зитрокс, сол секілді парацетамол 500 мг таблеткалар дәрілік заты эффералган, панадол, парацетамол сауда атауларымен  сатылады. – Әлеуметтік  желілерде Қызыл­орда қаласы дәріханаларында ыс­тықты түсіретін, вирусқа қарсы, анти­бактериалды дәрілік заттардың болмауына, сондай-ақ бағаның қымбаттауына байланысты шағымның көбеюіне байланысты департамент Қызылорда қаласы дә­ріханаларының дәрілік заттармен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ аталған дәрілік заттардың бөлшек саудада шекті бағаларының сақталуына мониторинг жүргізді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде дәріханалардың көпшілігінде дәрілік препараттардың жеткілікті мөлшері бар екені, кейбір ұсақ дәріханалық ұйымдарда кейбір антибиотик, ыстықты түсіретін және вирусқа қарсы дәрілік заттар жоқ екені анықталды. Қазіргі таңда жоқ дәрілік заттарға дистрибьюторлық қоймалардан алуға тапсырыстар жолданған, – деп әлеуметтің әлеуметтік желі арқылы айтқан жанайқайына да жауап берді облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау  департаменті  басшысы. Жауап бергені жөн болды. Бірақ «ұсақ дәріханалық ұйым» дегеніне жалғыз мен емес, бүкіл халық келісер ме екен? Әй, қайдам?! Өйткені орталық көшелерде орналасқан ірі дәріханалардың өзінде парацетамол, цитромон, ацетилсалицил қышқылы секілді дәрілермен қатар вирусқа қарсы препараттар, кейбір антибиотиктер де тапшы. Бар болған күннің өзінде қымбат бағамен ала аласыз. Онсыз да көпшілікті коронавирус инфекциясы туралы сан қырлы ақпарат  қажытып тұрғанда дәрінің тапшылығы жығылғанға жұдырық болғаны рас. Мұның барлығы адам қолымен жасалған жасанды тапшылық, әрине. Десек те, құзырлы орындар мен сала мамандары тарапынан халық арасында өздігінен ем қабылдамау туралы насихаттың жеткіліксіздігі және бар. Өйткені ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) белгілері бар кез келген науқас, «дәрігерге қаралсам немесе жедел жәрдем шақырсам, «скафандр» киген дәрігерлер ауруханаға алып кетеді» деген оймен үйінде басын ауыртып, балтырын сыздатып, инфекцияны жақындарына таратып жата бергенді жөн көреді. Ал антибиотиктерді дәрігердің нұсқауынсыз пайдалану аурудың асқыну қаупі мен жанама әсерлерінің пайда болуына себепкер болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша барлық уланудың ішінде дәрілік заттардан улану екінші орында тұр екен.  

     

Миуа БАЙНАЗАРОВА, Қызылорда облысы