Алыпсатарлар жазаланады
Алыпсатарлар жазаланады
Әсіресе, өз бойында вирус бар ма, жоқ па деген күдікті сейілту үшін тест тапсырғысы келетіндердің талабын өз мақсатына пайдаланғысы келіп, заңсыз әрекеттерге барғандардың тірлігі көпшіліктің жағасын ұстатты. Әйтсе де, ПТР-тестін заңсыз сатқандар дер кезінде ұсталды. Алма­ты қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері қалалық Полиция департаменті мен Мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерлері бірлесіп жедел-іздестіру шараларын өткізіп, коронавирусқа ПТР-тестілерді сатқан адамдарды қолға түсірді. Олардың кәсіпкерлік қызметпен айналысуға рұқсат құжаттары болмаған. Ұсталған тұлғалар жалпы сомасы 32 900 000 теңгеге 7000 ПТР-тестіні заңсыз сатпақ болғаны анықталды. Тексеріс барысында автокөліктен ҚХР-да өндірілген тағы 2 225 ПТР-тесті анықталып, тәркіленді. Қазіргі таңда аталған факті бойынша  Қылмыстық кодекстің 214-бабы 1-бөлігіне (заңсыз кәсіпкерлік) сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі қозғалды. Шаһарда Полиция де­партаменті дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз көтеріп жіберудің алдын алу, олардың заңсыз сатылуын болдырмау мақсатында арнайы мобильді топтар құрғанын бұдан бұрын да хабарлағанбыз. Алайда қалыптасқан қиын жағдайды өз бас пайдасына жаратқысы келетіндердің кездесіп жатқанын несіне жасырайық?! «3 күн ішінде дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды заңсыз сату бойынша 11 фактінің жолы кесілді. Тінту кезінде 24 000 дәрі-дәрмек құралдары бар 1 200 пакет, сондай-ақ жалпы сомасы 2,5 миллион теңгені құрайтын COVID-19-ды анықтайтын 9 000 экспресс-тест алынды.  Тәркіленген заттардың арасында қытайлық парацетамол да болды. Қазіргі уақытта бұл препаратты Қазақстанға жеткізу арнасы анықталуда. Барлық  фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қанат Таймерденов. Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сондай-ақ Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп опа-далап сататын дүкенде жерасты дәріханасын ашқан екі азаматты ұстады. Дүкеннің қызметтің осы түріне лицензиясы болған жоқ. Тергеу барысында аталған мекемеде әртүрлі 11 мыңнан астам дәрі-дәрмек және жалпы сомасы 1 миллион 119 мың 200 теңгені құрайтын 100-ден астам ампула тәркіленді. Қазір қалада дәрі-дәрмек нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша бірқатар шара қабылданған. Қаладағы 105 дәріханаға күнделікті қажетті препараттар жеткізіліп тұр. Дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қоры құрылған. Яғни, өте қажет дәрі-дәрмектердің жартыжылдық қоры жасалады. Егер дәрі тапшылығы орын алса, олар бірден қаланың дәріхана желісінен алынады. 1 шілдеден бастап қала билігі медициналық препараттарды дәріханаларға шұғыл жеткізу ісін қолға алды. Бүгінде қаладағы дәріханалар қажетті дәрілермен үздіксіз толықтырылуда. Дәріхана басшыларының айтуынша, кез келген қоймаларда дәрі қоры жеткілікті. Бірақ сұраныстың артуынан 2 сағат ішінде сатылып кетіп жатыр. Қала аумағында дәрілер бағасының шарықтап кетпеуі мен жеткілікті болуын қадағалайтын мониторингілеу топтары да жұмыс істеуде. Медициналық препараттарды заңсыз сатқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы өкілдері дәріханаларда санитарлық талаптардың сақталуын қадағалайды. Қазіргі уақытта дәріхана қоймаларында жалпы саны 1 миллионнан астам дәрі-дәрмек бар. Соның ішінде сұранысқа ие 170 мыңнан астам аспирин мен 84 мың кардиомагнил және ибупрофен, амоксиклав, парацетамол секілді маңызды препараттар қоры дайын тұр. Жасыратыны жоқ, тұтынушылар қатары күн санап көбеюде. Қала әкімшілігі жағдайды барынша бақылауда ұстап отыр. Алматы әкімдігінің қаланы дәрі-дәрмек­термен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың айтуынша, шілде айының соңына дейін мегаполиске үш миллионнан астам өмірлік маңызды дәрі-дәрмек жеткізіледі. Шамадан тыс сұраныс дәрі тапшылығын туындатқаны рас. Мәселен, егер өткен жылы маусым айында Алматыдағы фармацевттер шамамен 50 мың қаптама парацетамол сатса, биыл өткен аптада 260 мың қаптама қызуды түсіретін дәрілер сатылған. Мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың тапсырмасымен өндірушілермен, жет­кізушілермен, дәріханалар желісімен және мамандандырылған қауымдастықпен меморандумға қол қойылды. «22 маусымнан бастап біз ірі жет­кізушілермен, отандық өндірушілермен, дистрибьюторлармен, дәріханалар желісімен және фармацевтикалық компаниялармен белсенді жұмыс істеудеміз. Олар келісімге қол қойды, онда ірі жеткізушілер, ресми дистрибьюторлар Алматы қаласындағы 105 дәріханаға әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің басым бөлігін жеткізетін болады», – деді З.Сәлімбаев. Фармацевтикалық нарық қатысушылары дәрі-дәрмектер қоры туралы және әкімдік шешуге көмектесіп жатқан қиындықтар туралы жедел түрде хабарлап отыр. Атап айтқанда, әкімшілік кедергілер жойылып, біздің нарыққа бұрын кірмеген импортталған дәрілерді жедел сертификаттау шешілуде. З.Сәлімбаевтың айтуынша, 1 шілдеден бастап қалалық дәріханаларға 475 мың маңызды дәрі-дәрмек алынды. Оның ішінде парацетамол, аспирин, ингавирин, азитромицин және кардиомагнил бар.  

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ