Дәрі адамның дертіне дауа болар дәрумен болса, адамның жанын ажалдан арашалап қалатын, ол – дәрігерлер. Десе де, қазір еліміз бойынша инфекционист дәрігерлер былай тұрсын, қарапайым медбикелерге дейін сұраныс артқан. Осыған орай, Жамбыл облысы алғашқылардың бірі болып дәрігер тапшылығын жою бағытында ауқымды жобаны жандандырды. Жалпы, бұл жайында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бір жеті бұрын хабардар еткен болатын. Облыс әкімдігінде өткен жиында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың «жатын орындар жеткілікті, тек науқастарды қабылдайтын медицина мамандары жеткіліксіз болып отыр» деген баяндамасынан кейін аймақ басшысы зейнеттегі ақ халатты абзал жандар мен оқу орындарының түлектерін тарту туралы тапсырмасын берген. Кейіннен бұл бастамасына тағы «жан» үрлеп Бердібек Машбекұлы облыстан 400 дәрігерге арналып қонақүйден орын дайындалып жатқанын да құлағдар етті. Осыған орай, облыстық Денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, қосалқы құрамдағы қанша дәрігер Гиппократ алдындағы антын орындауға дайын екенін білген едік. – Облыста 3 051 дәрігер жұмыс істесе, оның 2 426-сы мемлекеттік секторда. 42 инфекционист дәрігер бар. Бөлінісіне қарай айтсақ, Тараз қаласында – 26, Байзақ ауданында – 1, Жамбылда – 1, Жуалыда – 2, Қордайда – 3, Меркіде – 2, Мойынқұмда – 1, Т.Рысқұлов ауданында – 1, Сарысуда – 3, Таласта – 1 және Шу ауданында – 1 инфекционист дәрігер еңбек етуде. Қазақстан халқы арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және болдырмау шараларын ұйымдастыру мақсатында коронавирус індетін емдеу және оқшаулау шараларын ұйымдастыру үшін жалпы 1 855 төсек қоры жасақталды. Нормативке сәйкес, 2 251 медициналық қызметкер (дәрігер – 451, орта медициналық персонал – 900, кіші медициналық персонал – 900) тартылып, бүгінгі күнге 1 072 медицина қызметкері (дәрігер – 184, орта медициналық персонал – 489, кіші медициналық персонал – 399) жұмылдырылды. Оның ішінде инфекциялық стационар бойынша 390 (дәрігер – 67, орта медициналық персонал – 186, кіші медициналық персонал – 137), провизорлық стационар бойынша 645 (дәрігер – 110, орта медициналық персонал – 288, кіші медициналық персонал – 247) және карантин стационары бойынша 37 (дәрігер – 7, орта медициналық персонал – 15, кіші медициналық персонал – 15) медицина маманы халық үшін қалтқысыз қызмет етіп жатыр, – дейді Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Лаура Отарбай. Бұл – жан жадырататын көрсеткіш. Десе де, жоспарланған төсек қоры бойынша стационарларға 264 дәрігер әлі жетіспеуде. Сондай-ақ орта және кіші медициналық персонал бойынша да резерв жасақтаудың қажеттілігі туындауда. Одан бөлек, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген жас мамандарды жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның 2020 жылғы медициналық білім және ғылым ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған бітірушілерді алдын ала бөлу қорытындысымен өңірге бөлінген 27 дәрігер-резиденттердің 15-ін, жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада оқитын 12 дәрігердің 5-уін, зейнет жасына шыққан 215 дәрігердің 80-нін емдеу шараларына жұмылдыру жүргізілуде. Әлеуметтік желілерде дәрігерлер қажеттілігі туралы хабарландыру бойынша 5 дәрігер тамыз айында жұмысқа кіріседі деп күтілуде. Анестезиология және реаниматология, соның ішінде балалар анестезиологиясы және реаниматологиясы, инфекционист мамандықтары бойынша 30-дан аса дәрігерлерді қайта даярлау ұйымдастырылмақ. – Емдеу шараларына жұмылдырылған медицина қызметкерлерінің демалыс орындарын да жасақтаудамыз. Қазіргі таңда «Жамбыл», «Жасмин», «АркМС», «Салтанат», «Сұлутөр» және «Бархат» сынды 6 қонақүйден жалпы 409 медицина маманына орын дайындалып отыр. Дәрігерлер үйлеріне бармай-ақ осы жерде тынығып, қайта жұмыстарына кірісуге бар мүмкіндік жасалған, – дейді басқарманың бөлім басшысы Лаура Отарбай. Осылайша, Жамбыл облысында 215 дәрігер зейнетінің бейнетін көріп жатқан болса, оның 80-і қайта қызметке шығуға құлық танытыпты. Сондай-ақ дәрігер-резиденттердің 20-сы өңірге келетіні – үлкен қуаныш. Ал 30 маман қайта даярлаудан өтетіні қолдауға тұрарлық. Негізі, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус кеселінің жаңа толқыны келе жатқанын сәт сайын еске салуда. Егер қазіргіден де қиын жағдай болатын болса, оған қаншалықты дайынбыз? Қолда бар жатын орындарымыз бен медицина мамандары жеткілікті бола ма? Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің айтуынша, кейбір жекеменшік медициналық мекемелер өңірдегі нысандарды сенімгерлік басқаруға алып, енді оны кәдеге жаратпай отыр екен. Сол себепті Бекболат Серікбекұлы жекеменшік секторды алған нысандарды қайта жабдықтап, қажет болған жағдайда науқастарды қабылдауға беретінін қазірден ескертуде. Шынында, мемлекет болашағы таразы басында тұрғанда жекеменшік медициналық мекемелер ортақ мүдделі істен шет қалмайды деп сенеміз. Қазір өзге өңірлерде науқастарды спорт кешендеріне, тіптеп келгенде мешіттерге жатқызу ұсыныстары айтылып жатқанда, бізде Құдайға шүкір «Мейірім», «Жасұлан», «Үміт», «Эскулап» сияқты жекеменшік емдеу мекемелері баршылық.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы