Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық шаруашылығы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Барлық балық шаруашылығы саласының қызметкерлерін, сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, адал еңбектері мен жоғары кәсіби шеберліктері үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Мықты денсаулық пен күш-қуат тілеймін», - деп жазды министр Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасына. Оның айтуынша, мемлекет балық шаруашылығы саласының дамуына көптеп көңіл бөлуде. Заңнамалық база тұрақты түрде жетілдіріліп, мемлекеттік қолдау шаралары қамтамасыз етіліп жатыр. «Сондай-ақ, тауарлық балық өсіруді дамытуға ерекше назар аударып жатырмыз. Бүгін балық шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтуде.12 мыңнан астам адам осы салада еліміздегі мыңға жуық кәсіпорындарында еңбек етеді. Азық-түлік пен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елдің экспорттық әлеуетін арттыруда балықшылар жұмысшыларының еңбегі зор», - дейді министр.