Жылқы еті мен қымыздан асқан дәрумен жоқ
Жылқы еті мен қымыздан асқан дәрумен жоқ
фото: ашық дереккөз
196
оқылды
  Медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов коронавирус инфекциясының алдын алу, үй жағдайында емделу шаралары, бойға қуат беретін ас мәзірі туралы кеңес берді. Бұл туралы Ortalyq Qazaqstan газеті хабарлайды. Академик «иммунитетті көтеру, ауруға ағзаның қарсы тұру қабілетін арттыру деген мәселеде мен қазақтың ұлттық тағамдарын ғана айтамын» деді. «Әрине, ас мәзіріңізде балық, жеміс-жидек секілді дәруменге бай тағамдар болуы қажет. Бірақ жылқы еті мен қымыздан асқан дәрумен жоқ. Құрт қосылған сорпаның маңызы ерекше. Енді бұл жерде мынадай бір мәселе бар. Маман ретінде бір тағамның құнары, пайдасы туралы айтсаң, ертең-ақ ол тағамның бағасы шарықтап шыға келеді. Мысалы, мен жылқы етін айтып отырмын. Осы індетті жеңемін деген адамның бәрінде дәл қазір жылқы сойып алуға немесе жылқы етін сатып алуға жағдайы келмеуі мүмкін. Дәмелену бар да, оны тұтынуға дәрменнің жоқтығы бар. Бағалы нәрсеге қолы жетпеген адамның жүйкесіне салмақ түседі. Ал, жүйкенің мазасыздануы дерттің ушығуына жол ашып береді. Сондықтан, жылқы етін сатып аламын деп тыраштанудың да, сатып ала алмасаң, мазасызданудың да қажеті жоқ. Негізінен, ет тағамдарын көбірек тұтыну керек. Қанша ауыр болғанымен, қой етінің де емдік қасиеті зор», - дейді ол. Қаншама жылдан бері салауатты өмір салтын ұстанып келген академик тамақтану рационын өзгертпегенін айтты. «Кейбір жағдайда бойға қуат беретін, ағза иммунитетін көтеретін тағамдар көлемін ұлғайттым. Жылқы етін жеймін. Қымыз ішемін. Жаяу жүріп, жаттығу жасаймын. Адам әуелі өзіне жаны ашуы керек. Өзіне жаны ашыған адам, өзін жаман індеттен сақтандыра білген адам – ұлтқа жаны ашыған адам. Осыны естен шығармаған абзал», деді Төрегелді Шарманов.