Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы жуырдағы Жолдауында мәлімдеген болатын. Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12:00-де бүкіл ел бойынша бір минуттық үнсіздік жарияланады. Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстанда аза тұту күні осымен 9 рет жарияланып отыр. Иә, амал не? Бұл індет дүниені дүрбелеңге салды. Елімізде коронавирустың кесірінен қимасы өмірден өтіп, қиналып отырған отбасы көп. Мемлекет басшысы «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», – деді. Аза тұту күні кісі өлімі көп тіркелген жағдайда, аса көрнекті қайраткерлер өмірден озғанда, басқа да қайғылы жағдай кезінде жарияланады. Қазақстанда коронавирус инфекциясы алғаш рет 2020 жылдың 13 наурызында Германиядан келген екі азаматтан анықталды. Бүгінде коронавирустың кесірінен 375 адам көз жұмды. 58 мыңнан астам адам індетпен күресіп жатыр. Бұл – баршамыздың қабырғамызды қайыстырған ортақ үйіміздегі қайғы. Біз оны бірге көтерудеміз. Президент айтқандай, бар күш-жігерімізді жинап, індетпен күресе бермекпіз. Отанымызда бұдан былай азалы күн болмасын, Туымыз төмен түспесін деп тілейміз.