Құрметті қазақстандықтар! Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келіп отыр. Қауіпті індет біздің қалаларымыз бен ауылдарымызға тарап, өкінішке қарай, адам шығыны орын алып жатыр. Мемлекет басшысының шешімімен 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның – әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр. Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін.