«Мектепке жол» басталды
«Мектепке жол» басталды
169
оқылды

Nur Otan партиясы жыл сайын белсенді түрде өткізілетін «Мектепке жол» республикалық акциясын биыл да қолға алды. Акция қалалық партия филиалының қолдауымен Алматыда 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтпек.

Акция аясында қала бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан оқушыларға көмек көрсетілмек. Сондай-ақ түрлі әлеуметтік себеп бойынша мектепке бармай қалып жатқан оқушылар проблемасының да алдын алу жүйелі түрде жүргізіледі.

Бұл акцияны бизнес өкілдері, қоғам белсенділері және ұлттық компаниялар мен банктер де, қалалық мәслихат депутаттары да қолдап отыр. Көпбалалы ата-аналардың оқу маусымы қарсаңында балаларының керек-жарақтарын түген­деу оңайға соқпайды. Сондықтан акция соларға аз да болса көмек беруді, оларды мектепке қажетті құрал-жаб­дықтар және киім-кешектермен қам­тамасыз етуді мақсат етеді. Елба­сының да Бес әлеу­меттік бастамасында, ең ал­дымен, көпбалалы отбасыларға көмек беру қарастырылған. Соның аясында партия да осынау игілікті жобаны жал­ғастыруда.

Былтыр партия шаһар бойынша 3 000 балаға көмек қолын созған еді. Биыл да сол межеге жеткізіп, тіпті одан асыру көзделіп отыр. Осыған орай, Әуезов аудандық партия филиалында ата-аналардың қатысуымен арнайы жиын өтіп, оларға қажетті жабдықтар түгелімен табысталды. Шараға келген Роза Новаева да мектеп жасындағы балалары үшін көмек алып, ризашылығын білдірді.

– Өзім алты баланың анасымын. Үлкенім – студент. Төрт балам мектепке барады. Ал кішкентайым әлі мектеп жасына жетпеген. Жолдасым қарапайым жұмыс істейді. Өзім бала тәрбиесімен үйдемін. Сондықтан жыл сайын ба­лаларға мектеп формасын, кітап-дәп­терін алу үшін біраз қиналатынымыз рас. Әр жаңа оқу жылы алдында кем дегенде 200 мың теңгеге шығындаламыз. Бұл – біз сияқты көпбалалы отбасы үшін қалтаға салмақ түсірерлік қаражат. Осы ретте партияның бізге көмек қолын созуы қуантып отыр. Біраз уақыт бұрын Ерболат Болатұлына хабарласып, көмек сұраған едім. Олар өтінішімді ескерусіз қалдырмай, тиісті көмек көрсетуде. Сондай-ақ партияның тікелей қол­дауымен үйде отырып жүзеге асыратын өзімнің кішігірім кәсібімді де ашу ойда бар, – дейді Роза Новаева.

Қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымовтың айтуынша, бүгінгі жиын аясында 36 оқушыға көмек көрсетілмек.

– Біз көпбалалы отбасындағы бала­лардың еш қиналмай мектеп табалды­рығын аттауы үшін мүмкіндіктер ұсын­ғымыз келеді. Сол бағытта біраз жұмыс атқардық. Түрлі мекемелер мен жекелеген азаматтар да көмектесті. Бүгінгі берекелі жиын – соның нәтижесі. Ондай отбасы­ларды анықтау, шынымен көмекке мұқтаж жандарды білу үшін арнайы мо­ниторинг жасадық. Соның қоры­тындысы бойынша арнайы тізім бекіттік, – дейді Ерболат Болатұлы.

Акция енді ғана басталды. Сондықтан қыркүйек айының соңына дейін көмек қажетсінетін барлық баланы анықтап, көмек беруді қарастырып отырмыз дейді ұйымдастырушылар.


Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ