Атырау және Маңғыстау облыстарындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін аймаққа медицина қызметкерлері барады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен денсаулық сақтау министрлігі Атырау және Маңғыстау облыстарындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін өңірлерге вирусолог, дәрігер-инфекционист, реаниматолог, пульмонолог сынды мамандардан тұратын бірнеше топ медицина қызметкерін жібереді, сондай-ақ, ресейлік дәрігерлер де көмектеседі. Атырау облысына 108 маман барады. Делегация құрамында бас мемлекеттік санитар дәрігердің басшылығымен тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің 5 маманы, клиникалық кафедралардан - 10 ғалым, «Батыс Қазақстан медицина университеті» КЕАҚ клиникасынан - 9 резидент, сондай-ақ, құрамында пульмонолог, реаниматолог және инфекционист бар Ресей Федерациясынан - 6 дәрігер болады. Маңғыстау облысына 56 маман аттанды. 42 дәрігер-интерн, Ресейден 9 маман және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінен 5 ғалым жіберіледі. Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter аккаунтында Атырау облысы халқының үндеуіне жауап берген еді.
«Азаматтардың Атырау облысындағы жағдайға қатысты өтінішімен таныстым. Аймаққа Премьер-министрдің орынбасары бастаған комиссия барды. Үкімет облысқа медицина қызметкерлерін жібереді, дәрі-дәрмек жеткізіледі», - деп жазды Тоқаев.