Әлем назары – халалда, көшеміз қандай амалға?
Әлем назары – халалда, көшеміз қандай амалға?
178
оқылды

Қазақстан араб елдеріне ет экспорттай алмай отыр. Өйткені, біздің елде халал индустриясы туралы заңды жүзеге асырудың шаралар жоспары қабылданбаған. 2015 жылы Органикалық өнімдер өндірісі туралы заң қабылданғанымен, әлі күнге оны жүзеге асыру жоспары түзілмеген. Айтқандай, Қазақстан қайбір жылдары Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құруды ұсынған. Осындай ұтымды ұсыныс жасаған елде халал өнімдерін өндіру саласына қатысты заңнама жоқ – парадокс! Заң қабылданар, халықаралық халал нарыққа ет те экспортталар, оған күмән жоқ. Бізді алаңдататыны – азық-түліктің сапасы, халықтың экологиялық таза өнімнен жасалған адал асты қашан тұтына бастайтыны?

Апта басында өткен Үкімет оты­рысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Organic және халал өнімдерді өндіру, қай­та өңдеу және сертификаттау жүйесін жолға қою кезек күттір­мей отырған мәселе екенін текке айтқан жоқ. Себебі, агроөнеркәсіп кешен өнімдері экспортын отан­дық өнімнің бәсекелес нарықта ар­тықшылығы арқылы ғана арт­тыра аламыз. Ол үшін эко­ло­гия­лық, органикалық және ха­лал өнімдер өндіру, өңдеу мен сертификаттау жүйе­сін жолға қою қажет. Бұл орайда, ми­нистр­лік мем­ле­кеттік орган­дар­мен ор­га­ни­калық ауыл шаруашы­лы­ғын дамытудың жол картасын қай­та келісу рәсімін аяқ­тады. Ха­лал өнім­дер өндіруді да­мытудың жол картасын ке­лісу де аяқталып қалды. Ал­дағы аптада осы бойын­ша Ақпарат және қо­ғам­дық даму минис­трлігінде кеңес өтпек. Үкімет халал индустрияға неге көңіл бөле бастады? Себебі, халал өнімдерді 2 миллиардтан асатын мұ­сылмандар ғана емес, ден­саулығын ойлайтын өзге дін өкіл­дері де тұтынып жатыр. Мәселен, Ұлыбританияда жыл сайын 6 млн адамға халал өнімдері сатылады екен. Ал бұл елде тұратын мұсыл­мандар саны екі миллион ғана. Оның үстіне, биыл халықаралық халал нарығы 3,7 триллион АҚШ дол­ларын құрайды деген болжам бар.

Халықаралық ислам бизнесі қауымдастығының төралқа тө­рағасы Болат Қасымовтың ай­туын­ша, халал өнімдер нарығына алаяқ кәсіпорындар да аяқ ба­сып­ты. Олар халал сертифи­ка­тын ал­ған соң стандарттарды бұзудан арланбайды.

– Себебі, сертификат берген ор­ганның халал өнімдерін өндіру­шілерді тұрақты тексеруге мүм­кіндігі жоқ. Арсыз өндірушілер мен сатушылар тіпті халал сер­ти­фикатын қолдан жасап алатын бол­ған. Сырттан елімізге жет­кі­зілетін азық-түлік өнімдерін тек­серуге құзырлы органдардың мүм­кіндігі бола бермейлді. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Оның үстіне, Эко­номикалық ынтымақтастық ұйы­мына мүше елдерге ет жет­кізу­шілердің басым бөлігі мұсыл­ман елдерінен емес. Мәселен, әлемдегі ең ірі ет экспорттаушы Австралия мен Канада мұсылман елі емес, – дейді ол.

Оның айтуынша, шошқа еті сиыр етінен арзан болғандықтан, шұжық жасаушылар екі малдың етін араластыруды қалыпты әдет­ке айналдырған. Ол өнімдер на­рықта халал стандартымен са­ты­лып жатыр. Осындай алаяқтардың сал­дарынан адал жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлердің ісі ілгері баспай, кері кетіп отыр. Бұл бола­шақ­та халал стандартына адал кә­сіпкерлер бизнесінің жабылуы­на әкеліп соғуы әбден мүмкін. Сал­дарынан азық-түлік қауіпсіз­дігі­не қатер төнеді.

 

Не жеп жүрміз?

Қауіпсіз тағам дегеніміз не? Бұл сұрақты Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасына қарасты Halal Damu ЖШС-ның бас сарап­шы технологы Айжан Омароваға қой­дық. Оның айтуынша, қауіпсіз та­ғам қазіргі заманғы экология та­­лаптарына жауап беретін, халал стандартымен дайындалған өнім.

Мұсылмандар үшін халал тер­ми­ні бірінші кезекте ислам дәс­түрімен сабақтас, яғни экология талаптарына сай келетін, ислам нормаларымен өндірілген тағам. Бірақ бұл халал өнімді өзге ұлт пен дін өкілдері тұтынбайды дегенді білдірмейді. Себебі, бүгінгі таңда сау­лығын ойлаған адам халал тағамды пайдалануға тырысады, тұтынады.

– Халал стандарты жүйесі мал етін­дегі үрей, өсу гормондарына, ет-сүйек ұнына, ген-модифи­кация­лаушы өнімдер мен шошқа етінен, өлексе, қаннан, басқа да шариғат тыйым салған қоспаларға қатаң тыйым салады. Бүгінгі таңда Еуропа ел­дерінде мал етіндегі үрей гор­мо­ны қызу талқыланып жатыр. Малды сою кезінде мал стресс алса, ол мал­дың етінің сапасы нашар­лай­ды. Мал қандай жағдайда стресс алады? Оны басқа малдың көзін­ше бауыздаса, стресс алып, ағза­сында үрей гормоны мен адре­на­лин агрессиясы бөледі. Бұл гор­мон қанмен бірге барлық ағзаға тарайды. Адреналин қант алмасу­ды өзгертіп, салдарынан еттің қышқылдығы өзгереді, ол еттің түсіне де, сақталу мерзіміне де ық­пал етеді. Етті адреналиннен та­зарту мүмкін емес, етті қайнат­қан күннің өзінде адреналиннің 10-15 пайызы ғана төмендейді. Сондықтан бәрібір агрессия мен жеккөрушілік бойына тарап кеткен малдың етін тұтынуымызға тура келеді, – дейді ол.

Технолог айтқан тағы бір мә­селе – ет-сүйек ұнына қатысты болды. Ақуыз бен минералды мал азығы саналатын ұнның бұл түрін ет комбинаттары мен утильзауыт­тар тамаққа жарамсыз еттен, қақталған шошқа еті мен консерві кәсіпорындарының қалдықтары­нан дайындайды. Ет-сүйек ұны­ның құрамында ұнды жасауға пай­даланған шикізатқа байла­ныс­ты 30-50 пайыз протеин, аз мөл­шерде май, кальций және фос­фор болады. Ет-сүйек ұнын, не­гізінен, шошқа, құс, мамық жүн­ді аңдарға азыққа және құрама жем­ге қосып береді. Малдан жа­сал­ған жемді мал жегенде оның кан­нибалдан несі артық дейді са­рап­шы.

– Ет-сүйек ұнын жеген тауық­тың еті сапасыз болады. Мал шаруашылығында мал тез семіру үшін гормоналды препараттар пайдалану етек жайған. Ең көп тараған гормондар – инсулин, соматотропин, тиреоид гормон­дары, стероид гормондары. Син­тетикалық гормондар адам ағза­сын­дағы физиологиялық қыз­мет­ті бұзып, зат алмасуды на­шар­латады. Ал еттегі бұл препараттар несімен қауіпті? Мал етінің қал­дықтарынан жасалатын­дық­тан, оның құрамында малдың жыныс гормондары да болады. Ал малдың жыныс гормоны адамдыкіне ұқ­сас болғандықтан, адам ағзасына ықпал етуге бейім. Ол біз тұтынған ет пен сүт өнімдері, сондай-ақ тауық жұмыртқасының құрамын­да болса, оны ағзамыз өзінікіндей қабылдайды. Бұдан кейін адам ағзасында гормоналды тепе-тең­дік бұзылады, жүкті әйелдің құр­са­ғындағы сәбидің даму үдерісі өз­гереді, аллергиялық реакция пай­да болады, ер мен әйелдің ұр­пақ жаңғырту қызметі бұзылады. Сүт безі рагы, қуықасты рагы сияқты аурулар пайда болады, – дейді ол.

Осындайда гормон арқылы семіртілген мал етінің зиянды екені белгілі бола тұра, неге соған жол беріледі деген сауал туын­дай­ды. Себебі, мал семіз болған сайын табыс түсіреді. Ал малды қалай жылдам семіртуге болаты­нын ауыл баласы жақсы біледі. Малды өте тар қораға қамап, қоз­ғала ал­май­тындай етіп жемдейді. Қоз­ғалмаған мал жылдам семіреді. Қоз­ғалмаған малдың бұлшықеті се­міп қалады да, пісіргенде еті жұмсақ болады.

Көптеген елде мал шаруашы­лы­ғында гормон қолдануға тыйым са­лынған. Алайда оны ешкім тек­серіп, бақылап жатқан жоқ. Сон­дықтан ет экспорттаушылар ойы­на келгенін істеп отыр. Ең қы­зы­ғы, Америкада ондай препарат­тарға рұқсат берілген екен. Не­гізі­нен, жыныс гормондары қол­да­ны­латын көрінеді.

– Ұрғашы малдың гормоны ер­кек малға, еркек малдың гор­мо­ны ұрғашы малға пайдаланылады. Нәтижесінде, «орта жынысты» мал пайда болады. Мұндай мал жыл­дам семіреді. Қазіргі күні жы­ныс гормондарының ағзаға зияны дә­лелденіп отыр. Жыныс гормон­дары ер азаматтар мен еркек жануарлардың ұрпақ қалдыру қыз­метінің нашарлауына алып келеді, – дейді А.Омарова.

Қауіпті гормондар азғамызға сүт өнімдері арқылы да түсіп жа­тыр. Өйткені, сиырдың сүтті болуы­ның 30 пайызы ғана гене­ти­каға, қалған 70 пайызы оның ішіп-жеміне байланысты. Ешқан­дай гормонсыз, табиғи шөп жеген сиырлардың сүтімен бүгінгі адам­затты сүтпен қамтамасыз ету мүм­кін емес көрінеді. Сондықтан жа­санды қоспалары бар жоғары калориялы мал азығы міндетті түрде қолданылады. Мұндайда сөз басында айтып кеткен балық өнер­кәсібі қалдықтары мен ет-сүйек ұны пайдаланылады, бұл сиыр­дың ас қорыту жүйесін бұза­ды. Сүт өндірушілер синтетикалық гормондарды қосу арқылы сауы­латын сүт көлемін 40 пайызға кө­теруге болатынын жақсы біледі екен. Де­мек, сіз бен біздің күнде­лік­ті тұ­ты­нып жүрген та­мағы­мыз­дың қауіпсіз­ді­гіне ешкім ке­піл бола алмайды.

Айжан Омарованың сөзіне қа­ра­ғанда, Еуропада рұқсат етіл­ген тағам қоспаларын халал жүйе­сі қолдамайды. Мәселен, аспар­там, ацесульфам калий халал стан­дарты бойынша ағзаға зиянды за­т­тар саналады. Аспартам ағза­сына түскен адамның басы ауы­рып, құлағында шуыл пайда бола­ды. Адам депрессияға, ұйқысыз­дық­қа ұшырайды, буындары ауы­рып, аяғы қақсайды, жадын жо­ғалтады, себепсіз мазасыздану пай­да болады. Е951 қоспасының азық-түлікке қо­сылуынан туын­дайтын симптом­дар түрі 90-ға же­теді екен.

 

Балабақша мен мектептегі тағам рационына жылқы еті қосылса...

Histes Еуропа қауымдастығы­ның профессоры, медицина ғы­лым­дарының кандидаты Әлима Ай­кешева бүгінгі азық-түлік сапа­сының нашарлауына топырақ мен судың сапасының төмендеуі себеп дейді. Ал ондай топырақта өскен шөп­ті жеген малда қайбір дәрумен бол­сын? Ондай топырақта өскен кө­көніс пен жеміс-жидекте не қа­сиет қалды дейсіз? Сапасы бұ­зыл­ған суды ішкен малдың сүті­нен қандай сапалы өнім жасалады? Азық-түлік сапасының құлды­рауы­ның да осындай себептері анықталып отыр.

– Қазіргі уақытта экологияның нашарлауынан топырақ пен су құрамындағы қажетті элементтер азайып кетті. Бұл азық-түлік құра­мын­дағы микронут­риент­тердің жетіс­пеушілігіне ықпал етті. Қазір елімізде бала емізетін әйелдердің сүтінде А дәрумені жетіспейді. Бұл дәру­мен тиісті мөлшерден шама­лы ғана азайғанның өзінде бала бойының өсуіне кедергі келтіреді. Ал йод жетіспеушілігі баланың пси­хикалық және физикалық да­муын бұзады. Тағамтану инсти­туты жүргізген зерттеуге сүйенсек, рактың кең тараған түрлері (өңеш, асқазан, тік ішек, сүт безі рагы) мен тамақтанудың бірқатар фак­тор­лары (қою майлар, С, А және Е дәрумендері, темір жетіс­пеу­ші­лі­гі) арасында тікелей байланыс бар. Мұның барлығы азық-түлік са­пасы мен тамақтануға бейжай қа­рауға болмайтынын көрсетеді, – дейді Әлима Сәлімқызы.

Ол үшін не істеу керек немесе не істей алдық? Ә.Айкешеваның айтуынша, осыдан көп жыл бұрын 2006-2010 жылдарға арналған «Саламатты өмір салты» ұзақмер­зімді бағдарламасы қабылданған екен. Бұл бағдарламада азық-түлік қоспалары мен биологиялық белсенді қоспалар өндіру ин­дуст­риясын құру қарастырылған екен. 2003 жылы Йод жетіспеушілігі ауруларының алдын алу туралы заң да қабылданған. Екі жыл бұ­рын Денсаулық сақтау қызметі құрылыпты.

– Бұл қызметті құру кезінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Фи­нляндия, Швеция, Швей­ца­рия, Дания, Нидерланды, Норве­гия, Ирландия, Венгрия сияқты елдердің тәжірибесі негізге алын­ды. Алайда осы тұста бір нәрсені ұмыт­тық. Еуропалықтарға келетін нә­рсе бізге келмейді. Өйткені адам табиғатпен үйлесімде өмір сүреді. Өзінің туып-өскен жерінің ауа­сымен тыныстайды, суын ішіп, таби­ғатымен емделеді. Мәселен, жапондардың ағзасында спиртті ыдыратып жіберетін фермент жоқ, сондықтан олар алкоголь ішпейді. Олар үшін спирттік тағам өлімге апаратын құралмен тең. Алайда, олардың тағамдарының рационында балық өнімдері өте көп. Мұндай мысалды көптеп кел­тіруге болады. Сол сияқты біз­дің ұлттық тағамдарымыздың қасиеті, тамақтану дәстүрі бар ғой. Біз содан ажырап барамыз. Мә­се­лен, мектептер мен балабақ­ша­лар­дағы тағам рационына жылқы етін, құрт, қымыз және басқа да сүт өнімдерін қосу өте пайдалы бо­лар еді. Жылқы етінің қасиеті ту­ралы Еуропада көптеген ғы­лыми зерттеу бар, – дейді ол.

Еуропа тамсанып жатқан жыл­қы етінің қасиетін атам қазақ баяғыда-ақ білді емес пе? Себебі, жыл­қыда сиырға қарағанда орга­никалық қышқылдар өте көп. Ол қышқылдар зат алмасуды күшей­теді. Ас қорытуды, ішек микроф­лораларының құрамын жақсар­тады.


Халал бизнес қолдауға зәру

Бүгіндері ішер асына жоғары талғаммен қарайтындар, негізі­нен, халал асханаларға бас сұғады. Елор­дадағы «Мұмтаз» мейрам­ханалар желісінің бас директоры Ботагөз Сейітханқызының ай­туын­ша, талғамы жоғары тұтыну­шы­ға қызмет көрсету халал мей­рам­ханалар үшін оңайға соқпай тұр.

– Халал бизнесті жүргізу, ха­лыққа дұрыс тамақ беру бүгінгі күні зор жауапкершілік пен ты­ным­сыз еңбекті талап етеді. Әдет­те мейрамхана бизнесінің заң­ды­лығы бойынша негізгі кірісті бар қызметі кіргізеді. Ас үй шығынды ғана жабады. Мысалы, кәуап сат­саңыз, жанында сыра болмаса, биз­нес өзін ақтамайды. Бірақ мен ха­лыққа халал тамақ берсем деген үмітпен аштым бұл бизнесті. Құдайға шүкір, үмітім ақталып жатыр. Десе бе, бұл саланың да бірқатар проб­лемасы бар. Дәл қазіргі уа­қытта халал бизнеске қолдау ке­рек. Себебі, менімен бірге халал биз­нес бастағандардың көбі биз­несін тастап кетті. Кейбірі халал бизнесін жауып, алкогольді өнім сатуға ауысты. Ал мені мей­рамха­на­ны желілік жүйеге көшіру құтқарып тұр. Қазіргі уақытта ха­лықтың халал мейрамханаға деген түсінігі таяздау. Олар мұнда тек мұсылмандар тамақтанады деп түсінеді. Шындығында, бұл мейрамхана экологиялық таза өнімнен жасалған тағамды ұсы­нады. Адал қызмет көрсетеді. Ха­лал мейрамханаға деген көз­қарасты түзеу керек деп ойлаймын.

Тағы бір мәселе, бүгінгі таңда халал сертификатын берушілер көбейіп кетті. Қазақстанда алғаш рет халал сертификатын беруді Марат Сәр­сенбаев бастады. Ол кісі бізге халал стандарт туралы түсін­діріп айтты, бағыт-бағдар берді. Алайда ары қарай бақылау жа­салған жоқ. Бүгінгі таңда менің мей­рамханамда «Халал» тауар бел­гі­сінің үшеуі ілініп тұр. Серти­фи­кат бергендердің әрқайсысы өзі­нікін дұрыс көреді. Бәсекеле­сінің сертификатын алып таста дейді. Солардың бәрін біріктіріп немесе басқа жолмен сертификат беретін жалғыз мекеме қалдырмай ма? Әйтпесе, өзіміз де түсінбей қалып жүр­міз, – дейді ол.


Түйін:

Халал өнім, халал тағам, халал қызмет туралы көп айтуға болады. Оның барлығын исламмен байланыстыруға да, байланыстырмауға да болады. Себебі, шын көңілмен, ақ ниетпен жасалған істің бәрі – адал. Сосын нағыз халал өнімдер біздің ауылдарда болатын. Ақ тамақтан бастап, бақшада піскен көкөніс нағыз таза өнім емес пе? Соның қадірін білмей отырмыз. Пойыздағы жұрттың көбі, тіпті бала-шағасы да бич-пакеттегі тағамды қайнаған суға жібітіп жеп отырады. Қаланың жайы белгілі, ең болмағанда, ауылдық жерде ұлттық тағаммен тамақтануға не кедергі? Кей ауылдарда сиыр сүтін сүт зауытына өткізіп, өздері дүкеннен сүт сатып алып ішетіндер бар. Қазіргі күні балалардың асқазаны жиі ауыратын болды, себебі дұрыс тамақтанбайды. Өйткені, сатып ішетін сүт құрғақ сүттен жасалады. Шетелден келген тәттілерді құмарлана жейді. Оның құрамы да күмәнді. Қазақтың «Ауру – астан» дегені осы жерде еске түседі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, адам денсаулығының 80 пайызы тамақтануға тікелей байланысты. Ал мұны атам қазақ баяғыда-ақ «Ас – адамның арқауы» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей салған. Олай болса, қайтпек керек? Бізге тамақтану мәдениетін меңгермей ұлт саулығын сақтап қалу мүмкін болмайды. Ол үшін халықты тамақтану мәдениетіне   үйретіп, дүкен сөрелеріндегі азық-түлік сапасын тұрақты тексеріп, шетелден келетін арзан да құнарсыз тағамдарға тыйым салған жөн шығар. Ең бастысы, сөз басында айтқан Органикалық өнімдер өндірісі туралы заңды жүзеге асыру тетіктерін жасап, халал өнім өндіруді реттейтін заң қабылдауымыз керек. Заңдық негіз жасалса, бәрін жөнге қоюға болады.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ