Нұр-Сұлтан қаласында қазақ операсы жұлдыздарының бірі Шабал Бейсекованың есімімен аталатын көше бар. Соңғы екі айдан бері астанадағы автокөлік жүргізушілерінің аузынан осы көшенің атауы түспейтін болды. Көлік жүргізушілер Ш.Бейсековаға емес, әнші атындағы көше бойында тұрған «Сергек» камерасына өкпелі, тіпті естен танардай күйде. Неге?
Себебі, Ш.Бейсекова көшесінің Қосшығұлұлы мен Е10 көшелері аралығындағы бөлігінің жылдамдығы маусым айынан бастап сағатына 60 шақырымға төмендетілген. Алайда көше бойындағы «80» жылдамдық белгісі бірнеше күн бойы алынбай тұрған. Көлік жүргізушілер қаннен-қаперсіз үйренген жылдамдықпен жүре берген. «Сергек» те сергектігіне басып, сексенмен жүйткіген жүргізушінің бәрін фотоға түсіріп алып, айыппұл түбіртегін жөнелте берген. Жүргізушілердің дау-дамайы осы тұстан басталады.
Әлеуметтің көңіл күйі әуелі әлеуметтік желіде көрініс табады емес пе? Белгілі журналист Ғалия Шаудырбаева Facebook-тегі парақшасына «Сергек» десе шошып оянатын халге жеттік. Кеше құрбым «50 пайыздық жеңілдікпен 68000 айыппұл төледім» деп отыр. Маған да бір айда 4 айыппұл келді. Ш.Бейсекова көшесіндегі «80» деген белгіні байқатпай алып тастапты, сөйтсем. Оны құрбым айтпаса, жүре береді екенмін аңыратып» деген жазба жариялады. Сол екен, осы жазбаға пікір жазушылар өздерінің де аталған көшедегі жылдамдыққа қатысты айыппұл ала бастағанын баяндаған. Анау-мынау аз сома емес. Кемі 50 мың теңгенің үстінде. Ал астаналық АвтоЦОН-да жасы жетпістер шамасындағы ақсақал өзіне 220 мың теңге айыппұл келгенін айтып мұңын шақты. Ол да «Сергектің» бейнекамерасына білместіктен түскендердің бірі. Баяғы сол Бейсековадағы бейнекамера ғой.
Атышулы көшемен жүретін жүргізушілер Ішкі істер департаменті жылдамдықты төмендеткен екен, «80-нің» орнына «60» деген белгіні іліп қоюы керек еді дейді. Ал Ішкі істер департаментінің көлік жүргізушілердің бұл талабына айтар өз уәжі бар. Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі істер департаментіне қарасты Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің аға инспекторы Нұржан Лекеров «60» деген белгіні қоюдың қажеті жоқ дейді.
– Себебі, жол-көлік ережесінде қала ішіндегі қозғалыс сағатына 60 шақырым екені анық жазылған. Сондықтан біз жылдамдығы сағатына 60 шақырым болатын көшелерге ешқандай белгі қоймаймыз. Өйткені, қала көшелеріндегі жылдамдық өзі сағатына 60 шақырым деп ережеде бекітілген. Ол көшелердің бәріне белгі орнату мүмкін емес. Егер қала ішіндегі қозғалыс жылдамдығын сағатына 40 немесе 80 шақырымға өзгертсек, онда міндетті түрде жол белгісін орнатамыз. Жалпы, қозғалыс жылдамдығын бірде көтеріп, бірде төмендету – қалыпты жұмыс. Жолдағы көлік тасқынына қарай жылдамдықты өзгертуге заң рұқсат береді. Ал Ш.Бейсекова көшесіндегі жылдамдықты неге төмендеттік? Себебі соңғы уақытта бұл жолда жол-көлік оқиғасы көбейіп кетті, – дейді Н.Лекеров.
Аға инспектордың айтуынша, Ш.Бейсекова көшесі бойындағы көлік жылдамдығының өзгергені туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Біз жылдамдықтың өзгергенін хабарлаған ақпарат құралдарын іздеп көрдік. Google-дің іздеу қызметі аға инспектор айтқан хабарландыру орыстілді сайттарда жарияланғанын көрсетті. Аталған хабарландыруды жариялауға жауапты Әкімшілік полиция басқармасының бөлімше бастығы Нұржан Әділов «Еуразия» бірінші арнасы, Tengrinews.kz, Zakon.kz, Nur.kz сайттары арқылы халықты құлағдар еткендерін жеткізді.
– Қазақтілді ақпарат құралдарына бердіңіздер ме?Айта кетейік, биыл жылдамдықты 10-20 км/сағ арттырғандар 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл – 12 625 теңге. Ал жылдамдықты 20-40 км/сағ көтеріп жіберсе, 10 АЕК, яғни 25 250 теңге төлеуі тиіс. Ал жылдамдықты 40 км/сағ-қа арттырса, 20 АЕК көрсеткіш 50 500 теңге айыппұл салынады.
– Қазақша болған жоқ.
– Неге?
– Көбі орысша оқиды ғой
– Бізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі емес пе? Бәлкім, қалалық әкімдіктің ресми сайтына, қалалық басылымдарға берген боларсыздар?
– Бердік қой деймін, қазір анықтайыншы...
Демек, мемлекеттік тілде хабарландыру жасалмаған. Қазақтілді жүргізушілер құлағдар болмаған. Оның үстіне, Ш.Бейсекова көшесіндегі жылдамдыққа қатысты айыппұл төлеуге келгендердің көбі жылдамдықтың төмендетілгені туралы ақпараттан бейхабар болғанын айтып отыр.
– Қалалық ішкі істер департаменті жылдамдықтың төмендетілгені туралы халыққа хабарладық дейді. Тексеріп көрдім, хабарлапты. Бірақ, ақпараттың ортасында жүрген менің өзім оны сол мамыр айында көрмедім де естімедім. Әлеуметтік желі белсендісі болсам да, бейхабар болып шықтым. Нәпақа табамын деп көлігімен шапқылап жүргеннің бәрі телміріп теледидар мен сайт қарап отырмайды. Оған уақыты да жоқ. Жүргізушілердің көбі жылдамдық азайтылғанын әлі білмейді. Себебі, мен қазір ол жермен 60-пен өтіп жүрмін. Жанымнан 80-мен зыр етіп өтіп жатқандар өте көп. Демек, жұртшылық әлі бейхабар. Сондықтан, әлеуметтік желіде «Сақ болыңыздар!» деген жазба жарияладым. Оны да жүргізушінің бәрі оқиды деп ойламаймын. Ең тиімді жолы – «60» деген белгі орнату, – дейді әлеуметтік желі белсендісі Азамат Кеңесұлы.
Оның пікірінше, қалалық полиция басқармасы «Сергек» камераларын қоюға жұмсалған қаржыны қайтарып алу үшін осындай амалға барып отыр.
– Басқа ой жоқ менде. Бұл жол учаскесінен зардап шеккендер жүздеп саналады. Олардың бәрі наразы. Сондықтан даулы учаскеде зардап шеккендерге рақымшылық жасалуы тиіс деп санаймын. Ал өзім айыппұлымды түгел төлеп тастадым. Себебі, ІІД-мен дауласып жүргенде іс сотқа өтіп кетуі мүмкін. Ал сот бәрібір мені кінәлі етіп шығарады. Сосын соттың комиссиясы, сот орындаушының комиссиясы бар, тағы сонша қаражат шығуы мүмкін. Ендігі мақсатым – зардап шеккендерді жинап, сотқа шағымдану. Жалпы, астанада мұндай (жылдамдығы ауыспалы) учаскелер бар. Мәселен, Тұран даңғылында Керей-Жәнібек хандардан басталатын жол учаскесі. Ол жерде де жүргізушілер шатасады. Сосын айыппұлға ұрынады. Мұны да оңай олжа табу үшін арнайы қойған деген ойға келесің. Айыппұл көлемі де тым көп. Айыппұл саларда халықтың күнкөріс деңгейі есепке алынбайды. Айыппұлдың жоғарылығын заңды қатайтумен байланыстыратын шығар. Бірақ, өзім – заң сақтап жүретін адаммын. Тәртіпті адамды дүбәра күйге түсіріп отырған – құқық қорғау орындарының өзі, – дейді ол.
Жүргізушілер жылдамдық асырушыларға салынатын айыппұлдың құны тым жоғары деп санайды. Айта кетейік, биыл жылдамдықты 10-20 км/сағ арттырғандар 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл – 12 625 теңге. Ал жылдамдықты 20-40 км/сағ көтеріп жіберсе, 10 АЕК, яғни 25 250 теңге төлеуі тиіс. Ал жылдамдықты 40 км/сағ-қа арттырса, 20 АЕК көрсеткіш 50 500 теңге айыппұл салынады.
2018 жылы күшіне енген Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл 7 күннің ішінде төленсе, 50 пайыз жеңілдік жасалады. Айыппұлды уақытында төлемесе, іс сотқа жіберіледі. Онда қаулы шыққаннан кейін 30 күн ішінде төлеу қажет. Өйтпеген жағдайда жеке сот орындаушылары сот үкімін орындату үшін көлік иесінің есеп-шоттарын жаптыруға құқылы. Айыппұл көлемі 20 АЕК-тен асқандар шетелге шыға алмайды.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ