Вакцинаны алдымен ерікті адамдарға жасап, сынап көруде. Ресейде Сеченовский университеті жексенбі күні коронавирусқа қарсы вакцинаға жасалып жатқан клиникалық зерттеу сәтті аяқталғанын қуана жеткізді. Зерттеу жұмысы өз еркімен барған адамдарға жасалған. Олардың алғашқы тобы вакцинаның бір, екінші тобы екі дозасын алған. Алғашқы күні дене қызуы көтерілгені болмаса, зерттеуге қатысқан адамдарда басқа жағымсыз әсер болмаған, қазір өздерін жақсы сезінеді. Қалай болғанда да, әлем халқы қазір жақсы жаңалықтан үмітті. Ресей Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдегендей, адамдарға вакцинаның екінші компоненті біріншісінен 21 күн өткеннен кейін жасалған. Мамандардың айтуынша, вакцинаны зерттеу жұмысы заңнамаға және ғылыми әдістемеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Н.Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиологияны зерттеуге арналған ұлттық орталық директоры Александр Гинцбург екінші кезең 28 шілдеде аяқталуы тиіс екенін айтты. Осыдан кейін құжаттар тіркеуге жіберіледі. Сонымен, коронавирусқа қарсы вакцина тамыз айының ортасында дайын болуы мүмкін.