Қанша адам сенатор болуға ынтық?
Қанша адам сенатор болуға ынтық?
159
оқылды
Жиында об­лыс­тардың және үш ме­гапо­листің аумақ­тық сайлау ко­мис­­сиялары есептерін ұсынды. Қазақстанда сена­торларды тікелей сайлау­шылар сайламайды, сайлау кезінде оларды халық атынан өкілдік ететін мәслихат де­путаттары таңдайды. – 2020 жылғы 13 маусым мен 12 шілде аралығында республика бойынша Сенат депутаттығына барлығы 94 кандидат ұсынылды. Салыстыра кетсек, мысалы 2017 жылы Сенатқа кезекті сайлауда – 89, оның алдында 2014 жылы – 88, 2011 жылы 96 кандидат ұсынылған болатын, – деді Ортсайлауком төрағасы Берік Имашев. Яғни, жыл өткен сайын көп өзгеріс байқалмайды. Осы­лай­ша, Парламенттің жоғарғы пала­тасының 4 сайлауында да 1 сенатор орнына орташа есеппен 5-тен аса үміткерден келуде. Биыл үміткерлердің көбі Алматы облысына (9 адам), Нұр-Сұлтан (8) және Алматы қаласына (7) тиесілі. Ал Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында сенатор мандатына таласушылар аз: орташа есеппен 4 үміткерден ұсынылған. Бұл жолы өзін-өзі ұсынушылар саны – 82 кандидат немесе 87%-ы. Бұл көрсеткіш 2017 жылы – 92,1%, 2014 жылы – 82,9%, 2011 жылы – 82,7% болған. Өз кезегінде биыл мәслихаттар арқылы 12 кандидат ұсынылды (2017 жылы 7 немесе 7,9% болды). Сондай-ақ Б.Имашев Сенат сайлауындағы әйелдердің саяси белсенділігін атап өтті: ұсынылған үміткерлердің ішінде 19 әйел жүр, бұл бұрынғы жылдардағыдан жоғары: 2017 жылы – 13, 2014 жылы – 5, 2011 жылы 6 нәзік болмыс иесі бәйгеге түскен-тін. Үміткерлердің орташа жасы – 51,1 жас (2017 жылы – 51,9, 2014 жылы – 54,1, 2011 жылы – 53,3 жас). Ең жас үміткер 30-да. Ең егдесі – 69-ға толып, 70-ке шық­қан қария. Мамандықтар бойынша 29 ин­женер, 20 экономист, 12 пе­дагог, 10 заңгер, 10 аграрлық сала қызметкерлері, 7 дәрігер, 3 жур­налист, 1 саясаттанушы және 1 басқа мамандық иесі қам­тыл­ған. Ұсы­нылған кандидат­тардың ішінде коммерциялық құрылымдардың 38 қызметкері, мемкәсіпорындар мен мекеме­лердің 23 қызметкері, 18 ше­неунік, 9 қоғамдық ұйым өкіл­дері, 2 жұмыссыз адам бар. Сон­дай-ақ қазіргі іс басындағы 4 сенатор Сенатта қалу үшін өз канди­дату­раларын ұсынды. Енді елде Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу процесі жүріп жатыр: ол биыл 23 шілдеге дейін жалғасады. Өйткені сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлау комиссиялары мемлекеттік ор­ган­дармен, соның ішінде салық органымен бірлесіп, кандидаттар ұсынған құжаттардың, табыс декларациясының дұрыстығын тексеруі тиіс. 13 шілдедегі жағдай бойынша әзірге тек 62 кандидат тіркеле алды.  

Елдос СЕНБАЙ