Алайда Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы мен облыстық фтизиопульмонология орталығының алдында өткен шара көпшіліктің наразылығын туғызды. Себебі қаздай тізілген жүздеген медицина қызметкерінің дәл бұл уақытта ажалмен арпалысып жатқан науқастардың жанында болғаны ләзім дейді наразы топ. «Ел-жұрт аза тұтып, қабырғасы қайысып отырғанда мұндай көрініс ұйымдастыру көзге оғаш көрінеді, бұл – бейберекетсіздік. Бұл көрініс медициналық көмекке қолы жетпей, бір жұтым ауаға зар болып жатқан науқастарға, жақынынан қапыда айырылған халықтың психологиясына ауыр соққы», – деді әлеуметтік желідегі қоғам белсенділері. Кейбіреулер шілденің ми қайнатар ыстығында дәрігерлерді тізілтіп қойған бұл бассыздық деп есептеді.
Шымкент қаласындағы бұл көрініске жергілікті билікті кінәлаған топ та көп. Алайда Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы наразы топқа әлеуметтік желіде видеосы тараған ақ халаттылардың қатысуымен өткен шараны қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырмағаны туралы мәлімдеді. «Бейнероликтегі туберкулез диспансері Түркістан облыстық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекеме болып табылады», – деп жауап берді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ал Түркістан облыстық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, медицина қызметкерлері Ұлттық медициналық қауымдастығының президенті Айжан Садықованың дерттен қаза болған ақ халатты жандарды еске алуға арналған шарасына қолдау көрсеткен. «Ұлттық аза тұту күніне орай Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының қызметкерлері өз еріктері бойынша коронавирус індетінен қаза болған жандарды еске алып, үнсіздік сақтады. Марқұм болған жандарды еске алу шарасы жұмысқа кедергі келтірген жоқ. Үнсіздік сақтау бір минуттық шара болды. Аурухана қызметкерлері 11.53 те шығып, 12:02-де тарқады. Шара барысында барлық санитарлық талап сақталып, қадағалауға алынғанын хабарлаймыз», – делінген ресми жауапта.
Жалпы, бұл мәселе тұрғысында қоғам екіге жарылып тұр. Жоғарыда атап өткен Ұлттық медициналық қауымдастығының президенті Айжан Садықова барлық медицина қызметкеріне үндеу жариялаған. Онда көшеге шығуға мүмкіндігі бар медицина қызметкерлерін ақ халатымен сағат 11.50-де арақашықтықты 1 метрден сақтай отырып, мекеме алдына шығып, тура сағат 12.00-де қаза болған ақ халатты жандарды 1 минуттық үнсіздікпен еске алуға шақырған. Осынау шара республика көлемінде өтеді деп хабарлаған. Үндеуге аты аталған мекеме қызметкерлері қолдау көрсетіп көшеге шығып, қаза болған әріптестерін еске алған. Медицина қызметкерлері әлеуметтік желідегі наразы топқа реніштерін білдіріп те жатыр. Раушан Базарбай есімді медицина қызметкері өзінің Facebook парақшасына «Қадірменді халайық, бізді ешкім мәжбүрлеген жоқ. Медициналық қауымдастықтан ұсыныс келді, біз қолдадық. Әрқайсымыз бауырымыздан, туысымыздан, жарымыздан айырылдық. Жұмыс барысында біз олардың жаназасына да бара алмадық. Ең болмаса осылай еске алуға мүмкіндік беріңіздерші. Ешқандай науқас қараусыз қалған жоқ» деген жазба қалдырды.
Тосыннан келген індет кезінде медицина қызметкерлері мен дәрігерлер өз өмірлерін қатерге тігіп, алдыңғы шепте жүргені баршамызға мәлім. Сондықтан бұл әрекет бізге оғаш көрінгенімен, олардың бұны талқылап жатуға да, мәселенің дұрыс-бұрыстығына көңіл аударып отыруға да уақыты болмағаны белгілі. Жоғарыдан ұсыныс келді, медицина қызметкерлері көшеге шықты. Аза тұту күнінде қызмет орнында болмай, көшеге шыққаны дұрыс па? Мәселе осында.