Карантин уақыты ұзартылады

Карантин уақыты ұзартылады

– Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға бай­ланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылып, шіл­денің соңына дейін жалғасады. Ертең үкіметтік комиссия шешім қабылдайды. Азаматтарымыз ден­саулығын сақтау үшін карантиннің негізгі та­лабы – өзіндік оқшаулану шарасын қатаң ұстануы қажет, – деді Қазақстан Президенті. Ол карантиннен зардап шеккендерге қолдау бо­латынын білдірді. – Қазіргі кезде жағдайдың реттеле бастағанының ал­ғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға Үкімет шілде айына 42,5 мың тең­­геден төлейді, – деді Қ.Тоқаев. Осы күні Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ве­домствоара­лық комиссияның отырысында еліміз­дегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақ­тандыру бойынша бірқатар маңызды шешім­дер қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Атырау облысының кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында өңірге 102 жоғары білікті медициналық маман, Маңғыстау облысына 56 маман жіберіледі. Бір рет қолданылатын үш қабатты медициналық бетперденің бөлшек саудадағы ең жоғары бағасы қазіргі 118 теңгеден 85 теңгеге дейін, яғни 28%-ға арзандатылуы тиіс. Отандық өндірістің көлемін ескере отырып, өңір­лерде дене қызуын түсіретін және бактерияға қар­сы препараттардың айлық қоры қалыптас­тырыл­ды. Қазақстанға дәрілік заттардың 3,5 мил­лион орамасы жеткізілді. Олар өңірлер арасында бөлініп таратылады. Осы аптада қажетті қосымша дәрілік заттарды жеткізу ұйымдастырылады. Белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауына байланысты Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктеріне, өңірлер әкім­деріне карантин режимінің әшкереленген бұзу­шы­лықтарын жоюға бағытталған барлық шараны қа­былдау, мобильді топтардың жұмысын күшейту тап­сырылды. Бұл ретте карантинді бұзған жеке тұл­ғаларға – 30 АЕК, заңды тұлғаларға – 230 АЕК кө­лемінде әкімшілік айыппұл салу көзделгені ескертілді. Сонымен қатар ауруханалардағы сырқаттарды оттегімен қамтамасыз ету мақсатында өңірлер әкім­діктері шұғыл түрде 2 600-ден астам оттегі кон­центраторын және медициналық газдарды сатып алуда. «Елде қатаң шектеу шаралары қабылданды. Енді қоғамдық қозғалыстардың әлеуетін жұмыл­дырып, әр аудан, ауыл мен аулада әрбір тұрғынға карантин режимін сақтау қажеті туралы ақпаратты сапалы жеткізу керек», – деп түйді ВАК жетекшісі Е.Тоғжанов.  

Елдос СЕНБАЙ