Осы бағдарлама аясында Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала ауданында әлеуметтік және коммуникациялық мәселелер шешімін тауып жатыр. Былтыр аудан орталығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Қ.Сәтбаев және С.Жақсығұлов атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілген. Енді биыл ауданнан ұсынылған 6 жоба аталған бағдарламаға еніп отыр. Осыған орай, Тасқала ауылындағы 28 көше мен 3 шағынауданның автомобиль жолдары, білім ордасы мен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта барлық жобалар бойынша конкурс өткізіліп, мердігер компаниялар анықталған.
Жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Айдана» ЖШС Скоробогатов көшесінде асфальт жамылғысының алғашқы қабатын салып, жұмысты бастап кетті. Осы мердігер компанияға ауылдағы 22 көшені жөндеу тапсырылған. Жөндеу жұмыстары үшін 1 млрд 263 млн 113 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ал Ахметқалиев, Саябақ, Шевченко, Панфилов, Халықтар достығы көшелерін жөндеу жұмысы «Ануш Құрылыс» ЖШС-не тапсырылды. Осы мердігермен 329 млн 146 мың теңгеге келісімшарт жасалған.
М.ХАҚНАЗАР