Қашықтан оқимыз ба, әлде..?
Қашықтан оқимыз ба, әлде..?
Артын­ша жауапты орган брифинг өткізіп, жоспарымен таныс­тырды. Президент сынынан кейін министрлік не деді? Жалпы, жаңа оқу жылына қалай дайындалу керек? Президент алқалы жиында «1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Менің министрліктің толық дайын екеніне күмәнім бар. Балалар қалай оқиды? Мектепте әлде қашықтан ба? Мұғалімдердің дайындығы қалай?» деп құзыретті органды сыбап алды. 11 мамыр күні брифинг өткізген Білім министрі жоспары барын, әу бастан үш нұсқа дайындағандарын айтты. Аталған нұсқаларға зерттеу жүргізетін жұмыс тобы да бар екен. Сонымен, министрлік жан-жақты зерттеп жатқан үш нұсқаны талдап көрелік. Алғашқысы – қашықтан оқыту. Министрдің айтуынша, бірінші нұсқаны таң­дасақ, алыстағы елді мекендерді есеп­темегенде қалғанының бәрі қа­шықтан оқиды. Екінші нұсқа – мек­тепте және қашықтан оқы­ту. Яғни, балалардың бір бөлігі мектепке барады деген сөз. Бұл нұс­қа бойынша мектепте термо­метрия, санитайзер болуы керек. Әлеуметтік қашықтық сақталып, сабақ қысқарады. Осылайша, оқушылар біршама уақыт каби­неттік жүйеде оқымайды. Ал үшінші нұсқаға келсек, балалар штаттық режимде қатаң санитарлық шектеу шараларын сақтап, мектепте білім алады. Соңғы нұсқа іске асса, қоңырау уақыты, сыныптағы бала саны, ауысым қатаң қадағаланады. Асханаға бару тәртібіне дейін санитарлық талапқа сай болады. Үшінші нұсқаға келгенде Асхат Аймағамбетов эпидемиологиялық жағдай ушығып кетпесе, осы нұсқаны ұстанатынын атап өтті. Бірақ кез келген сценарийге дайын болуға шақырды. Шартты түрде қашықтан оқытуды бастаған күнде, бұл жыл бойына жалғасатынын болжай алмайтынымызды айт­ты. Әрі білім беру бөлімдері, бас­қармалары мен мектептер аталған үш нұсқа бойынша дайындала бергені жөн екенін нұсқады. Осы тұста ата-аналар мен ұс­таздар әлеуметтік желіде Білім және ғылым министрлігінен қа­шықтан оқытуды жалғастыруын сұрап жатыр. Шешім алдағы күндері белгілі болады. Аталған үш нұсқаны Денсаулық сақтау министрлігі, жұмыс тобындағы ғалымдар мен педагогтер, мектеп директорлары мен сарапшылар ой елегінен өткізеді. Ата-ана пікірі де ескерусіз қалмайды. Басым көпшілігі қашықтан оқытуды қолдағанымен, 1- сынып оқушылары турасында қоғам пікірі екіге жарылды. Мәселен, Мақпал Шаден бәрінен қыздарымның денсаулығы маңызды деп отыр. «Қашықтан оқытуға бар жағдайын жасап, эпидемиологиялық жағдай қалпына келгенше қадағалаймын» дейді ол. Ал журналист Еркін Шә­кірұлы ұлының мектепке барып, білім алғанын қалайды. «Мектепке барғаны жөн. Даяр­лық сыныбында қашықтан сабақ алып көрдік. Бір тапсырма – бір сабақ. Баланы дамытпайды. Ол әншейін, жай нәрсе екен. Ұстаздың алдын көру керек», – дейді Еркін Шәкірұлы. Журналистің бұл пікірін Анар Нұржанқызы да қостады. Оның айтуынша, 1-сыныпта қа­­шық­тан оқу балаларға қиын болады. Ұстаздардың бір бөлігі қатаң та­лапты сақтай отыра, 1- сынып оқу­шыларын мектепте оқыту ке­регін айтады. Ал белсенді ұстаз Мейіржан Темірбек «үлкендерге ұқтыра алмай жүргенде, 1-сынып оқушылары санитарлық норманы қалай сақтайды?», – дейді. Кей мұғалім 1-сыныпқа баратын бүл­діршіндердің мектепалды даярлық сыныбын қашықтан оқығанын айтып, үйренісіп кететінін алға тартты. «Мектепалды даярлық тобы мен 1-сыныптың талабы бөлек. Олар БЖБ мен ТЖБ тапсыруы тиіс. Ә дегеннен фундаментті қашықтан оқытумен қалауға жүрексініп жүрмін. Жағдайға денсаулық саласы дайын болмағандықтан, зардабын тартып отырмыз. Ертең білім саласында осы кедергіге жо­лығамыз. Дайындық жайы біз­де де келісіп тұрған жоқ. Кері тар­тып, қашықтан оқытпайық деп отыр­ғам жоқ. Шебер ұстаздардың пра­к­тикасын көріп, ақылдассақ деймін. Нақты әдістемелік қалып керек сияқты. Әркім білгенін жасап, үн­демей жүргеннен дәрігерлер не бітірді? Қазірден барды бар, жоқты жоқ деп айтып, реттеп, қалыпқа келтіріп алғанымыз жөн», – дейді Аяужан Нұрланқызы. Ұстаз 1-сынып оқушысына әріптерді қосып оқу турасында кедергілер кездесетінін атап өтті. Ата-ана жазу мен сызуды мұғалім үйреткендей үйретіп, санасына сіңіре алатынына күмәнмен қа­райды. 1-сыныптағы дәстүрлі оқу форматы қашықтан оқытуға жара­майтынын айтады. «Егер қашықтан оқытатын болсақ, әсіресе 1-сыныптағы бағдарлама өзгеруі керек. Ата-ана мен баланы шулатпайық деп тапсырманы жеңілдетеміз. Ал бұл стандарт бойынша білім-білік дағдысына қойылатын талапқа сай келмейді. Интернеті жоқ немесе әлсіз жердегі оқу мен жазуға икемі жоқ 1-сынып оқушысы не істейді? Ата-анасына тәуелді болады. Бұл процеске ата-ана дайын ба? Кейін оқушы басқа тапсырманы орындай алмаса ұстаз кінәлі дейміз. Менің айтпағым – осы. Басқа сыныптар қашықтан оқысын, оған қарсылығым жоқ. Тек 1-сыныпта қашықтан оқыту жайы мені ойландырып отыр», – дейді бастауыш сынып мұғалімі. Аяужан Нұрланқызы нұсқаған интернет мәселесінің шешілгенін Президент те қалайды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында жыл соңына дейін 250 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды. Әрі IV тоқсанда мұғалімдердің 20 %-дан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмағанын атап өтті. Білім ордалары база­сындағы 400 мыңнан астам ком­­пью­тердің тек 40%-ы іске жараға­нын «бетке» басты. Мұның бәрі әкім­діктер мен министрлік жұмы­сы­ның нәтижесі екенін ашық айтқан еді. Аймағамбетов онлайн бри­финг­те мұғалімдердің дайынды­ғына қатысты сұраққа жауап берді. «Оқытудың қандай нұсқасын таңдасақ та, педагогтерге жаңа дағды керек. Мұны IV тоқсанда айқын байқадық. Сондықтан бес модульден тұратын курс IT-дағды, цифрлы педагогика мә­селесін қамтиды. Сонымен бірге компьютер мен сервер, интернет мәселесі бар. Қашықтан оқысақ та, қалыпты оқысақ та, мектепке компьютер керек. Әкімдіктер осы мәселеге жіті назар аударып отыр. Егер мектепте бір компьютерге 20-25 баладан келсе, IT-дағдысын дамытамыз деу бекер», – деді Білім министрі. Иә, әкімдіктер дереу іске кіріспеске амалы жоқ. Өйткені Президент жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекеленген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға пәрмен берді. Осыған сай Білім және ғылым министрлігі де шара қолданып, жаңа оқу жылында оқушыларға мектеп формасын киюге міндеттемейтінін мәлім­деді. Жауапты орган мектеп фор­масы туралы бұйрығына ар­найы тармақ енгізеді. Оқу жы­лы қандай форматта өтсе де, атал­ған шешім күшін жоймайды. Осыған байланысты министр жауапкершілікті өз мойнына алатынын хабарлады. Мұндай шешім қабылдауға бір жағынан ата-аналардың экономикалық жағдайы себеп болған екен. Айта кетерлігі, жаңа оқу жылында Zoom платформасының балама түрі болмайды. Асхат Аймағамбетов мемлекет есебінен интернет-алаң мен платформа құруға қарсы екенін жеткізді. «Отандық білім беру жүйесінде жеке мәліметтер сақталған Ұлттық білім беру дерекқоры бар. Бұл – мемлекеттік негізгі база. Соны пайдаланып, дамытамыз. Kundelik, Daryn online, Bilimland секілді көптеген жүйені мемлекеттік жүйемен ауыстырудың қажеті жоқ. Нарықта бәсекелестік болу керек», – деді министр. Бас мұғалім платформа жайына тоқталғасын, оқулық мәселесі туралы да бірер сөз айтты. Оның айтуынша, оқу форматы қандай болса да оқушыларға оқулықтың қағаз нұсқасы керек. Министрлік оқулықтарға сәуір-мамыр айында тапсырыс беріп қойған. Өйткені биыл белгілі бір сыныптарға жаңа оқулық беріледі. Мәселен, 11-сынып түлектері толығымен жаңар­тылған бағдарламаға көшеді. Баспалар оқулықтарды өңірлерге жеткізу ісін бастап кеткен. Оған қоса министрлік оқулықтардың электронды нұсқасы болуын қамтамасыз етеді.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ