Велобарымташылар «құтырып» тұр
Велобарымташылар «құтырып» тұр
194
оқылды

Діттеген жеріне вело­си­педпен қатынайтын орал­дықтардың саны жыл санап артып келеді. Бұл, әрине, құптарлық құбы­лыс. Өйткені дәрігерлер­дің айтуынша, велосипед тепкеннің денсаулыққа пайдасы көп көрі­неді. Тек бір әттеген-айы, Орал қалалық полиция бөлімінің баспасөз қыз­меті таратқан мәліметке қарағанда, велосипед ұрлау жиілей түскен көрінеді.

Әсіресе, бұл келеңсіздік ел-жұрт «шайтанарбаға» жиі аяқ ар­­татын жаз айларында өрши түседі екен. Мұның бір себебі, велосипед иелері көп ретте қос дөңгелекті кө­ліктерін кез кел­ген жерге қа­раусыз қалдыруды дағ­дыға ай­налдырған. Өздері үшін осындай қолайлы сәтті қалт жі­бермейтін суыққолды әккілер ұрланған велосипедті жалма-жан арзанға сатып үл­гереді деседі, яғни «Іс бітті, қу кетті»! Міне, осын­дай заң­ға қай­шы әрекет­тердің «мо­йнына су құю» мақса­тында биыл­ғы 22-25 шілде ара­лығында Орал қаласы аумағында «Велосипед» атты жедел алдын алу шарасы ұйым­дастырылды. Шара бары­сында Орал қалалық полиция бөліміне қарасты кри­миналдық полиция бөлімінің жедел уәкіл­дері ұрланған вело­си­педтердің кейбіреуін тауып, иесіне қай­тарды.

Мысалы, 19 шілде күні сағат 11.30 бен 13.30 аралығында За­шаған кентіндегі Мұрат Мөң­кеұлы көшесінің бойындағы көппәтерлі бір үйдің төртінші кіреберісінен қаңқасының түсі ақ-жасыл «Стелс-710» вело­си­педі қолды болған. Иесінің ай­туынша, ол ұрланған мүлкін 27 мың теңгеге сатып алған. Ұрлық «Велосипед» операциясы кезінде ашылып, ақ-жасыл түсті «Стелс-710» иесіне қайтарыл­ды. Біреудің заңды мүлкін заңсыз иеленген Зашаған кен­тінің 1992 жылғы тұрғыны болып шықты.

18 шілдеде орын алған тағы бір велосипед ұрлығы аталған іс-шара аясында ашылып, кү­дікті ұрлық жасағанын мойын­дады. Ол да жымысқы әрекетін Зашаған кентінің аумағында жасап, Қамбар батыр көшесіндегі көппәтерлі үйлердің бірінің кіреберісінен қызыл түсті вело­сипед ұрлаған. Полиция қыз­мет­керлерінің қырағылығының нә­тижесінде қолды болған «шай­­танарба» иесіне қайтарылды.

Осы жылдың алғашқы алты айында облыс аумағында 142 ве­лосипед ұрлығы тіркеліп, соның 39-ы әшкереленген. Ал был­тырғы бірінші жарты­жыл­дықта 84 велоұрлық тіркеліп, со­лардың 14-і ашылып, яғни 14 ве­лосипед иелеріне кері қайта­рыл­ған. Өз кезегінде Орал қала­лық поли­ция бөлімінің қызмет­керлері жұрт­шылықтан велоси­педтеріне мұқият болып, қос дөңгелекті көліктерін қараусыз қалдырмау қажетін ескертеді.

 

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ, 
Орал қаласы