Жедел жәрдем шақырсаңыз, ақша төлемейсіз
Жедел жәрдем шақырсаңыз, ақша төлемейсіз
123
оқылды
«Nur Otan» партиясы Түр­кі­стан облыстық филиалы Түр­кі­стан қаласында орналасқан Open­Space бөлімшесінде коро­на­вирус пен өкпе қабынуының ал­дын алу және емдеу бағытындағы жұмыстары бойынша тікелей эфирде онлайн қоғамдық қа­былдау өткізді. Ондағы мақсат – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықпен тікелей бай­ланыс орнату тапсырмасын жү­зеге асыра отырып, жұртшы­лық­қа бүгінгі ахуалды баяндау бо­латын. Қоғамдық қабылдауда Түркі­стан облыстық Қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасының бас­шысы Марат Пашимов мә­лім­деме жасап, өңір тұрғындарының сұрақтарына онлайн режимде жауап берді. Эфирді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық фи­лиалы төрағасының бірінші орын­басары Бейсен Тәжібаев жүр­гізді. Марат Пашимов әуелі індет­пен күрес кезіндегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, Түркістан об­лысы бойынша 10 шілдеге дейінгі жағ­дайға сай 2 100 науқастан коро­навирус анықталған. Оның 1 116-сы симптомды түрі болса, 990-ы симптомсыз. Десек те, нау­қастардың бүгінге дейін 819-ы жа­зылып шыққан. Өкінішке қа­рай, 20 адам коронавирус ин­фек­циясынан көз жұмған. Ал пнев­мония бойынша 5 421 науқас тір­келсе, оның ішінде 4 720 адам (87,1 пайыз) ауруханаға жатқы­зыл­ған. Бүгінде 2 993 науқастың 63,4 пайызы айығып шыққан. «Жұқпалы аурулармен күрес мақсатында облыс әкімі Өмірзақ Шө­кеевтің тікелей қадағалауымен барлық шаралар атқарылып жа­тыр. Инфекциялық госпиталь бө­лек, провизорлық бөлек бо­ла­ды. Инфекциялық госпитальда 220 төсек-орын болған. Қазір ол қо­сымша 440-қа дейін көбейді. Жан­сақтау бөліміне қосымша 21 тө­сек-орын қарастырылған. Қа­зіргі таңда инфекциялық гос­пи­тальда 202 науқас ем қабылдауда. 238 төсек-орын, яғни 45 пайызы бос тұр. Оның ішінде жасанды өк­пені желдету аппаратымен 1 нау­­қас ем қабылдауда. Осы жер­ден 1 895 провизорлық ста­цио­нар­лық орын ашылған. Жансақ­тау бөліміне қосымша 74 төсек-орын қарастырылған. Қазіргі таң­да облыс бойынша 178 жа­сан­ды өкпе желдету аппараты бар. Об­лыс көлемінде күндізгі ста­цио­­нарда алғашқы медициналық көмек көрсету базасында қосым­ша 596 орын қарастырылып отыр», – деді Марат Пашимов. Облыста 124 жедел жәрдем кө­лігі қызмет атқарады. Соның ішінде 25 автокөлікке ИВЛ ап­па­раты басқарма тарапынан сатып алынып, орнатылған. Сонымен қатар тағы 50 жасанды өкпе жел­дету аппараты сатып алынып, қа­зіргі таңда автокөліктерге ор­натылып жатыр. Және де облыс бойынша басқармаға қарасты мекемелерде 11 компьютерлік то­мография бар. Одан бөлек, об­лыста індетпен күрес кезінде 120 ме­дицина қызметкері ауру жұқ­ты­рып, оның 5-і көз жұмған. Түркістан облыстық Қо­ғам­дық денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы халық арасында «Жедел жәрдем шақыру ақылы болады. Құны 5 400 теңге» деген не­гізсіз қауесетке сенбеуге ша­қыр­ды. Ондай бұйрық мүлде ен­гі­зілмегенін жеткізді. Бұл жалған ақпарат 15 маусымнан бастап ау­руханаға науқастар көп түс­ке­ніне байланысты тараған бол­а­тын. Басқарма басшысы бұл жағ­дайды да түсіндіріп өтті. Об­лыс бойынша 15 маусымнан бас­тап ауруханаға 3 300-ге дейін нау­қас жатқызылған. Қазіргі таң­да жағдай тұрақталып келеді. Яғни, тәулігіне түсетін қоңырау 2 000-ға дейін төмендеген. 103 жедел байланыс нөмірлері тәулік бойы жұмыс атқарып, әрбір қоңырау аудиоға жазылып оты­рады. Диспетчердің де жұмысы жіті бақыланады. Ал дәрі-дәрмекке байланысты Марат Пашимов Түркістан об­лысы бойынша 923 дәріхана бар еке­нін атап өтті. Коронавирус пен пневмонияға қарсы Түркі­стан облысының әкімі Өмірзақ Шө­кеевтің бастамасымен Өзбек­стан­ның Ташкент қаласынан жал­пы құны 500 млн теңгені құ­рай­тын 2 фура жүк көлігімен дәрі-дәрмек жеткізілген. Олар ер­­теңнен бастап емдеу мекеме­ле­ріне таратыла бастайды. Сондай-ақ Түркия елінен де қажетті дәрі­лер келмек. Бұл туралы облыс бас­­шысы 9 шілде күні өткізген бри­­фингте мәлімдеген болатын. Басқарма басшысы М.Паши­мовке эфир барысында тұрғындар тарапынан 50-ден астам сауал жол­данып, оның негізгісіне жауап берді. Алдағы уақытта пар­тия алаңына бас дәрігерлер ар­найы келіп, осылай ашық фор­мат­та онлайн қоғамдық қабылдау өткізеді. Елдің сауалдарына ті­келей жауап беріп, туындаған мә­селелерді шешуге жұмылады. Со­нымен бірге індетке байланыс­ты халыққа дәрі-дәрмек пен де­меу­шілік көмектерді бірлесе ұйы­м­дастырып жүргізеді. Қоғам­дық қабылдаудың соңында бас­қар­ма басшысы тұрғындарды ка­ран­тин режимін қатаң сақтауға ша­қырды.  

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы