Жаназаға барғанның жаназасын оқыды
Жаназаға барғанның жаназасын оқыды
350
оқылды
Қазір естіртуді де, көңіл ай­ту мен жоқтауды түгелімен әлеу­меттік желіге көшірдік. «Ой, бауы­рым­дап», бір-бірін қапсыра құ­шақтап, өксігін, іштегі шерін сырт­қа шығара алмай, ішқұса бо­лып жатқан жұрт көп. Жақындап кет­кенді жалмайтын жаман ауру бұған да мұрша бермей тұр. Бұрын жақынынан айырылған жанға жоқтау да көңіліне демеу болатын еді. Қазір бұл ғұрыпты да мына індет «келмеске» кетіргендей. Амал нешік, сүйекке кіріп, бата оқып, топырақ сала алмай қалдық. Жаназаға жиылып, қайғыға ортақ­тасқысы келген жұрттың қарасын молайтпау – басты мақсат болып тұр. Қазір бізге әр адамның өмірі қымбат! Жақынынан айырылу, жана­шыр жанды жоғалту, қимас ада­мымен қоштасу – кім-кімге болса да оңай емес. Амал нешік, қазір әр аймақта, әр өңірде дерттің ке­сірінен жақынын жоғалтқандар көбейді. Әлем әлемтапырақ күй кешіп тұр. Дегенмен туғанынан айырылып, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға соңғы сапарға шығарып салма деп айта аламыз ба? Мұндай сәтте не істеген жөн? Адамның өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Шариғат бойынша, қайтыс болған мұсылмандарды жуындыру, кебіндеу, оған жаназа намазы оқу және жерлеу – па­рыз. Діни басқарма өте қауіпті жұқпалы аурулардан қайтыс болған адамдардың мәйіттерін жуын­дыруға және жерлеуге қатысты мынадай шараларды жүзеге асыру қажеттігін ескерткен еді. Олар: өте қауіпті дерттен қайтыс бол­ған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Сондай-ақ қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайда жаназа нама­зына марқұмның ең жақын туыс­тарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту керек. Қалалық жағдайда індеттің қоғамдық ортаға (көпқабатты үй тұрғындарына, көршілеріне т.б.) таралмауы үшін марқұмды «мәйітханадан тікелей» зират басына апарып, сол жерде жаназа намазы оқылып, жерлеуге шариғатта рұқсат етілген. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады дейді. Алайда біз осы нормаларға сай жаназа шығару рәсімін атқарып жатырмыз ба? Өткенде дінтанушы ұстаз Әбдіғаппар Смановтың жаназа­сына жүздеген адам қатысты. Карантинге қарамастан, елге сый­лы азаматты ақтық сапарға шығарып салуға барғандардың қарасы қалың көрінді. Оның жана­засынан түсірілген видео желіге тарап кетті. Видеодан «Сарыағаш медресе колледжі» алдында жиыл­ған топ көп. Жергілікті және өзге өңірлерден келген тұрғындар каран­тинге қарамастан, елге үлгі болған азаматты ақтық сапарға шығарып салу үшін жиылған. Дінтанушы ұстаз Смановты қадір­лейтін адамдар өте көп. Соңғы сапарға да құрметпен шығарып салғаны дұрыс шығар. Дегенмен... Елді жаназаға жиылған жұрт­тың көптігі де алаңдатқан еді. Жұқпалы дерт жаназаға жиылған жандарға жұқпасына кепілдік бар ма? Мұндай оқиғалар еліміз­дің түкпір-түкпіріне қылаң бе­ріп қалып жатыр. Жаназаға кел­меді деп, өкпелеудің жөні бар ма? Вирусолог дәрігер Батыр Айт­жанов: «Бір-бірінің тойы мен жаназа­сына келмеді деп, халықтың өкпелер жөні жоқ. Халық 2-3 ай бұ­рын коронавирус барына сен­беп еді, қазір ауырған адам көп. Тіпті, кейбірі көз жұмып жатыр. Төтенше жағдай кезінде вирус қарқыны бәсеңдеп еді, артынша дертті қайта өршітіп алдық. Көр­ші Қытай шектеу арқылы жағ­да­йын жақсартты, ал «біз адамдар­дың құ­қын шектемейміз» деген Швеция амалсыз адамдарды шек­теу­ге мәж­бүр болып жатыр» деген еді. Діни басқарма не дейді? Дертті қалай ауыздықтай аламыз? Қиын сәтте елді сақтаудың жолы бар ма? Біздің бұл сауалымызға найб-мүфти Ершат Оңғар былай дейді: «Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы COVID-19 індеті кезінде жаназа және құдайы ас өт­кізуге қатысты арнайы мәлім­демесін жариялаған болатын. Брифинг барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ка­ран­тин талаптарын қатаң сақ­тап, жиын-тойлар мен садақа астарға мүм­кін­дігінше бармауға шақырды. Әрине, біздің халық торқалы той мен топырақты өлім­де төбе көрсетуді міндет са­най­ды. Қаншама ғасырлар бойы сал­ты­мызға сіңіп кеткен ғұрыптың бірі. Бірақ адамның ғұмыры – Алланың аманаты. Оған адал болу – адамдық борыш. Немқұрайлы қарау – қауіп пен қатерге апарады. Сондықтан елдегі барша жамағатты осы бір қиын кезеңде барынша сақтануға, жиын-тойлар мен садақа астарға мүмкіндігінше бармауға үндеймін. Өйткені бұл індеттің денемізге батпандап кіріп, әбігерге түсіріп, асқы­нып кетсе, өлімге ұласатынын ұғынатын кез жетті. Ендігі міндет – сақ­тық шараларын қатаң ұстану. Сақтансаң өзіңді ғана емес, өзгенің де өмірін сақтайсың. Жаныңызда жүрген жақынға жанашырлық танытып, қауіптің бетін сейілтуге сеп болайық. Шама келсе, мүмкін­дігінше адам көп жиналатын орын­дарға бармаған жөн. Қазалы жағдайда жиналушылардың санын 30 адамнан асырмау қажеттігін айтуымыз керек. Сонда ғана алқа секілді бір-біріне жалғасқан індет­тің алдын алуға көмектесеміз. – Жаназаға, асқа бармаңыздар деп айта аламыз ба? Қандай шешім шығарған дұрыс? – Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өз қолдарыңмен өздеріңді өлімге байламаңдар» (әл-Бақара сүресі, 195-аят) деп ескертеді. Ендігі қадам арқаны кеңге жаю емес, Алланың аманатына адалдық таныту. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне болмайтынын қатаң ескерткенін білеміз. Бұл – зәрулік жағдайы. Өйткені сол жиынға барып, ауырып қайтып, кейін Алла сақтасын арты қиындыққа ұласса, кімнен көреміз? Сондықтан Мемлекет бас­шысы мен Бас санитар қанша айдан бері айтып келе жатқан талап пен тәр­тіп­ке бағынуға тиіспіз. Ша­ри­ғатта қандай да жұқпалы ауру­дың белгісі тараған кезде ауру­­дың етек алуын тоқтатуда ка­рантин қажет екені атап ай­тыл­ған. Сондықтан қазіргідей көз­ге көрін­бейтін зиянды дерт тара­­ған кезде, оның алдын алу – әрбір мұ­сыл­ман баласы үшін мін­дет. Осынау жұқпалы дерттің бел­гі­лері анық­талып, өзіңізді жай­сыз сезін­сеңіз, бірден ем алуға кө­шіңіз. Осы ретте ауырмай тұрып, ден­саулықтың қадірін білу аса маңызды. Ғалымдарымыз дінді сақтау жолында жүрсе, дәрігерлер олардың тәнін сақтау жолында қызмет етуде. Сондықтан өз өмірін қатерге тігіп, адам жанының ара­шашысы атанған ақ халатты аб­зал жандарға алғыстан басқа айтары­мыз жоқ. Қазір жасыратыны жоқ, халық арасында өлім-жітім көбейді. Имам­дарымыз қаралы үйге көңіл айтып, қамыққандардың қасы­нан табылады. Алайда «жалғыз­дың үні шықпас» деген, жал­ғыз имам­ның даусы қайда жетсін?! «Жа­назаға әрі кетсе, 30 адам жи­налсын, санитарлық норма­ларды сақтаңыздар, маска тақ, мы­рыш табытты ашпа, мәйітті жума» де­геніне халық құлақ аса қой­май­ды. Бәрі де жақын-жуығымен қош­тасып, бір уыс топырақ салғысы ке­леді емес пе?! Әсіресе, індеттен қайт­қан адамның жаназасында санитарлық талаптар сақталмай, ақыр аяғында имамдарымыздың өздері де сырқаттанып қалып жат­қаны жасырын емес. Міне, осы Бас санитар дәрігердің нұсқауын бүгінгі күні Бас қолбасшының бұй­рығын орындағандай амал етуіміз керек. Осыған басқа да атқарушы органдар ықпал етсе дейміз. Осы орайда, Қазақстан Мұсыл­мандары діни басқармасы еліміздің мұсылман қауымын жаназа намазы мен құдайы астарға қатысудың ке­лесідей ережесін сақтауға үндейді: 1. Жаназа намазына қатысты талаптарды орындауға: – Жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуына; – Жаназа намазына тек от­басы және жақын тумаларының қатысуына; – Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауға; – Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауына; – Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нор­маларды (бетперде тағу, меди­циналық қолғап кию және екі метр­ден кем емес арақашықтық) сақтауға; Індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жууға; – Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асыр­мауға; – Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспауға; – Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашық­тықты сақтауға; – Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтаруға; – Жасы үлкен кісілер, денсау­лығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспауға; – Қонақ асын өткізбеуге; Жаназадан кейінгі асты өткіз­беуге немесе отбасы мүшелерімен шектелуге. 2. Құдайы астарға (жетісі, қыр­қы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптарды орындауға: – Астарды өткізбеуге немесе отба­сы мүшелері, жақын туыста­рымен шектелуге; – Бір ғана діни қызметкердің қатысуына; – Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтауға. Сонымен қатар осы уақытта берілетін құдайы астарға қатысты мынадай талаптарды ескерген жөн; – Қайтқан кісіге арнайы дас­тарқан жаймауға; – Жаназадан кейінгі астарды мүлде тоқтатуға; – Марқұмның еске алу күн­дерін, яғни жетісі, қырқы, жүзі және жылдығы сынды астар­ды еліміздегі эпидемия жағдайы тұрақталғаннан кейін де өткізуге болатынын ескерген жөн. Алла Тағала елімізді, халқымызды түрлі ауру-сырқаудан сақтағай!   P.S.

«Мен өліп қалсам да, жа­на­­зама келмеңдер». Әріптесіміз Айдос Жұқанұлы туыстарына осылай деп жазып еді. Қазір елді сақтаудың жалғыз жолы – осы. Ешкімді де жоғалтқымыз кел­мейді. Біз үшін маңыздысы – айна­ламыздағылардың амандығы. Мен, сен, ол – бәрі де аман болсын! Сақ­танайықшы!

 

Гүлзина БЕКТАС