Адамнан сақтан, итбалық!
Адамнан сақтан, итбалық!
368
оқылды
Жыл са­йын саны азайып бара жат­қан су жануарына адамның жаны ашымай тұр. халықаралық табиғатты қорғау одағы Каспий итба­лығын 1996 жылы «қорғал­ма­ғандар» санатына енгізген. 2008 жылы «қауіп-қатер төн­ген» деген мәртебе берген.  

Иттің күнін кешкен итбалық

Итбалықтың басына төнген қауіп сейілер емес. Мәселен, күні кеше ғана әлеуметтік желіде Каспий жағалауында демалып жатқан адамдардың итбалыққа тас лақтырған видеосы тарап кетті. Онда су жануары адамдарға шабуыл жасау ниетінсіз жағаға жақындаған. Өкінішке қарай, отандастарымыз қауіп тудырмайтын аңға жабайы­лықпен тас лақтырып, қатыгездік танытты. Қоғамда осындай жағ­дайлар жиіліп кетті. Осы жайтты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көргенін айтып, алаң­даушылық білдірді. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке балаларды қоршаған ортаны қорғауда тәр­биелеу ісіне баса мән беру қа­жетін айтып тапсырма да берді. «Адам­дарға жылдар бойы табиғатты ластамау керегі түсіндірілмеген. Бұл – бір. Екіншіден, жануарлар әлемі туралы. Жақында Маңғыстау облысының Ақтау қаласында бір оқиға болды. Онда адамдар итба­лықтарды таяқпен, таспен ұрып жүр. Екінші жағынан балалар мен жасөспірімдерді бұл қылықтары үшін тағы кінәлай алмайсың. Себебі үйде болсын, мектепте бол­сын, оларға бұл әрекеттің дұрыс емес екенін ешкім де түсіндірмеген. Мен итті қылқындырып, күшікті өртеп жіберетін «қатардағы» жағ­дайларды айтып тұрған жоқпын. Менің ойымша, Аймағамбетов бұл мәселеге байланысты ойлануы тиіс», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Әсел Баймұқанова – Каспий итбалығын бірнеше жылдан бері зерттеп келе жатқан эколог. Оның сөзінше, итбалықтарды теңізде ғана емес, құрлықта да адамдардан қорғау қажеттігі туды. Мәселен, бұған дейін мекен етіп келген Кендірлі шығанағына итбалықтар мүлде келмейтін болған. «2016 жыл­дың күз мезгілінде онда 400 бас итбалықтар мекендеген, 2018-2019 жылдары бірде-бір мұндай жануар кездеспеді. Бұл сұмдық. Біз итбалықтар қалаған жерде еркін өмір сүруі үшін табиғи ау­мақтардың статусын көтеріп, теңіз жануар­ларының құрлыққа шығып жататын жерін адамдардан қорғауымыз керек. Онымен қоса, жергілікті тұрғындармен де жұ­мыс жүргізу қажет. Себебі Кас­пий теңізінің жағалауын мекен ететін халық бұл түрдің ерек­ше екенін түсіне бермейді», – деді Әсел Баймұқанова. Ол итба­лық трансшекаралық жануар бол­ған­дықтан, оны қорғауда мем­лекетаралық зерттеу ұйымдастыру қажет екенін айтты. Осы уақытқа дейін Каспий итбалықтары туралы үш фильм дайындап үлгерген Әсел теңіз сүтқоректісінің басында туып отырған проблемаларды көпшілікке осылай жеткізуге тырысып жүр.  

Өзгеге мазақ болдық

Итбалыққа жасалған қатыгез­дікті өзімізді былай қойғанда, өзге елдің ақпарат құралдары да жазды. Мәселен, шетелдік dailymail.co.uk сайты «Қазақстандық ту­ристер итбалықты аяусыз ұрып тастады» деген тақырыпта ма­териал жариялады. Онда «Жантүр­шігерлік оқиға Каспий теңізінің шығыс жағалауында түсірілген. Видеода жағаға жақындаған жануарға таяқпен және таспен шабуыл жасағаны көрінеді. Қа­тыгездікті көру үшін көп адам жиналған, зорлық-зомбылықты ешкім тоқтатқан жоқ. Куәгердің айтуынша, олар итбалықты есінен танғанша ұрған. Содан кейін олар көңіл көтеру үшін оны судан шығарып, суретке түсірген. Ал одан кейін қимылсыз жануарды қайтадан теңізге лақтырды» деп жазды. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде таралған соң, мыңдаған шетелдік пікір қалдырып, қызу талқыға салды. Олар «осындай әдемі жануарды қалай қорлауға болады?», «адамдар қатыгез болып барады», «болашақ ұрпақ­қа қоршаған ортаға деген құр­меттің мәнін үйретуіміз қажет», «жануарларға осындай қатыгездік танытқан қандай ел?», «табиғатқа деген құрмет жоқ, өкінішті», «өзге адамдар неге қарсылық көр­сетпеген?» деген секілді пікір­лерімен қатаң сынға алды. Зерттеуші Халида Әжіжұлова жануар­ларға жасалған қиянат тәр­биеге барып тірелетінін айтады, қор­шаған ортаны қорғау мәселесін бала санасынан ертеден сіңіру қажеттігін айтады. Оның сөзінше, мәселе бүгін қолға алынбаса, ертең кеш болады. «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қозғаған мәселелерінің ішінде ерекше әсер қалдырғаны жан-жануар­ларға деген қарым-қатынас пен оларды қорғау керегін баса айтқаны. Бұл расымен біздің қоғам үшін түйткілді мәселе. Себебі азаматтардың жан-жануарларға деген теріс әрекеттерін әр кезде әлеуметтік желіден көріп жүрміз. Сондай-ақ балаларға қоршаған ортаны қорғау, оған зиянын тигізбеу туралы ерте жастан айтып, тәрбиелеген жөн. Осы орайда Мемлекет басшысының жаңа пән енгізуді тапсыруы – құптарлық іс. Одан бөлек, бастауыш сыныптарда адам және жаһандық құқық деген пәнді жүргізу қажет», – деді. Ба­лалардың жануарларға көр­сеткен зәбірі балалық дейік, ал үлкен­дердің әрекетін қалай ақтап аламыз?  

 Кешенді зерттеу жоқ

Қазіргі таңда Каспий теңізінде қанша итбалық бары белгісіз. Өткен ғасырдың 20-жылдары 1 миллиондай итбалық болса, қазір ол 90 пайызға дейін азайып кеткен деген деректер бар. Мамандар қазір Каспий теңізінде 100 мыңға жетер-жетпес қана итбалық қалғанын айтады. Бірақ бұл нақты мәлімет емес. Тиісті министрліктен жауап ала алмадық. Бұл кешенді зерттеудің жоғын көрсетсе керек. Маңғыстау аумағының өзін­де жыл сайын мыңдаған итбалық қырылады. Былтыр Қа­зақстан мен Ресей Каспий теңізі­нің экологиясын зерттейтін бір­лескен бағдарлама әзірлеген. Оған сәйкес, итбалықтардың санағы да жүргізілетіні айтылған еді. Алайда нәтиже көрінбейді. Елдегі итбалықтарды қорғауға арналған арнайы аумақ құру туралы ұсыныс болған. Бұл қорық немесе резерват болуы мүмкін. Ал экологтар арнайы аймақ құрумен мәселе шешілмейтінін айтып, итбалықтар нақты бір жерді мекен етпейтіндіктен, тұтас теңізді қорғауға алу қажеттігін бірнеше мәрте көтерген еді. Бізде жыл сайын су жануарларының азаю себебін жұқпалы аурудың кесірі деп түсіндіреді. Алайда бұл жерде техногендік сипаттың да бар екенін ескерген жөн секілді. Каспий өңірін­дегі мұнай барлау және пайда­ланудың да теріс әсерлері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Жалпы, әлемде итбалықтың 22 түрі бар болса, Халықаралық та­биғат қорғау одағының «Қы­зыл кітабына» оның 4 түрі енген. Ма­мандардың айуынша, итбалықтардың түйсік қабілеті жақсы дамыған. Олар денесіне қатты соққы тисе, көзінен жас шығарып жылайды, ал жақсы әуен болса тапжылмай тыңдайды екен. Осы қасиеттеріне қарап оны дельфинмен теңестіруге болатын секілді. Ал осындай сезімтал жара­тылысқа қалайша қиянат жасауға болады?!  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=