Есірткіге неге елітті екен?
Есірткіге неге елітті екен?
2019 жылы сақшылар Ақтау қа­ла­сына синтетикалық есірткіні жеткізуді және өткізуді ұйымдас­тырғысы келген топты құрықтаған болатын. Осындай қылмысы үшін Жамбыл облысының 3 тұрғыны да ұсталды. Сәуір айында Степногорск қаласында ҰҚК қызметкерлерімен бірге жасырын есірткі зертханасы жойылды. 3 азамат ұсталды, олардан 4,5 келі дайын синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Мамыр айында Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ла­рында екі есірткі зертханасы жо­йыл­ды. Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев: – Синтетикалық есірткінің 1 грамынан 50 реттік доза жасалады. Яғни 1 келі тыйым салынған дәрі-дәрмек – 50 мың өмірді тұншық­тыруға жететін есірткі. Синтети­каның таралуына коммуника­ция­лық технологиялар – шетелде тіркелген әлеуметтік желілер, мес­сенд­жерлер мен жасырын төлем жүйелері ықпалын тигізуде. Қазір бақылаудағы тізімдерге жаңа препараттар мен формулаларды енгізу тетігі жеңілдетілді, бұл процесс 1-2 айда атқарылады, – дейді. Жақында нақтырақ айтсақ, 10 шіл­деде Батыс Қазақстан облы­сының полицейлері Ұлттық қауіп­сіздік органдарымен бірлесіп, «тех­никаның соңғы үлгісі» бойынша жабдықталған есірткі жасайтын жасырын зертхананы анықтады. Есірткі өндірушілер Теректі ауданында гараж және ауладағы құрылысты сатып алып, оны жа­сырын есірткі зертханасы етіп ыңғайластырылған. Зертхананың ерекшелігі – оның жабдықталуы мен тазалығы, ол өнеркәсіптік ауқымда синтетикалық есірткі шығаруға есептелген. Қайта жаб­дықталған жасырын зертханадан полиция қызметкерлері шыны ыдысы бар екі конструкцияны, сондай-ақ мұздатқыш камераны тапты. Бұл жерде жасанды жел­деткіш те болған. Ауланың артқы жағына әрқайсысы 1 000 литрден үш бөшке көмілген. Үйді және зертхананы тінту барысында ұнтақ тәрізді заттар, қоспалар, химиялық заттардың концентраттары, сондай-ақ химия­лық реагенттері бар канистрлер, қорғаныш костюмдері, респира­торлар мен зертханалық жабдықтар табылды. Сонымен қатар оқиға орнында 11,4 кг мефедрон син­тети­калық есірткісі және 8,1 кг пи­ровалерон алынды. Бұл Қазақстандағы ең ірі син­тетикалық есірткі жасап, тарату­шыларды ұстау операциясы екен. Белгілі болғандай, есірткіні өн­дірумен біздің елімізге көктемде келген Украина азаматтары бірнеше жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, оларды синте­тикалық есірткі өндіру бойынша қылмыстық іс-әрекетке қатыс­тырған. Құрылысы бар үй сатып алу, оларды жөндеу және басқа да жұмыстар таңқурай бұталарын өсіруге жағдай жасау үшін бүр­кемеленген. Айлакер топ ЖШС-ті тіркеген, ұсталғандар оған кент үйі мен автокөлікті рәсімдеген. Ұс­талғандар бірнеше рет сынаудан кейін 2020 жылдың маусым айының соңында синтетикалық есірткі өндіре бастағанын мойындады. Ұсталғандарға қатысты Қыл­мыс­тық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі «Есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау немесе адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен өткізу» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Жаза мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Есірткіге елітіп, синтетикалық психотропты дайындаушылар, ләз­зат аламын деп, өз үйін өртегендер де бар. Дәл осындай жағдай 2018 жы­лы маусымда болған еді. Семейде Иртышская көшесіндегі 10 қабатты тұрғын үйдің иесі пәтеріндегі газ плитасына есірткі затын дайын­даған. Мамандардың болжамы бойынша, азамат жанғыш сұйықтық (ацетон) және дәрі-дәрмектердің көмегімен қатты әсер ететін есірткі жасамақшы болған. Бірақ жанғыш сұйықтықтың салдарынан от шы­ғып, ол материалдар мен асүй жи­һазына тараған. Қызыл жалынды өзі сөндірмекші болған азаматтың ол ойы жүзеге аспаған. Сөйтіп, көк түтінге уланып қалған. 2020 жылдың 10 шілде күні Алматы облысында Есірткі биз­несіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бір тәуліктің ішінде есірткі өсімдіктерін өсірудің екі бірдей фактісін анықтады. Еңбекшіқазақ ауданының 26 жастағы тұрғынынан тәртіп сақ­шылары қара сора өсімдігін тәркіледі. Жалпы салмағы – 51 келі. Екінші жағдайда, заңсыз өсімдік «бағы» Іле ауданының 54 жастағы тұрғынының үйінің ауласынан табылды. Полицейлер 54 түп ма­рихуана өсімдігін тәркіледі. Екі күдікті қазіргі уақытта уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.  

АдебиетӘдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ