Банкрот болған брендтер
Банкрот болған брендтер
407
оқылды
Каран­тиндегі түрлі шектеу әлемдік сауданы тұралатып қойды. Табыссыз қалған азаматтар сауда-саттығын кемітті. Бұл дүкендер желісінің жабылуына, өндірістің тоқтауына, сәйкесінше жаппай жұмыссыздыққа әкеліп соғып жатыр. Кезінде атауы дүркіреген талай бренд банкрот екенін жариялай бастады. Себебі қарызы шаш етектен. Бұл дағдарыс бізге келе ме? Егер есіңізде болса, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы АҚШ-тағы Lehman Brothers атты көне әрі ірі инвестициялық банктің күйреуінен басталған еді. Осы елдегі тұрғын үй нарығы құлдырап, ол өзге салаларға, кейін басқа мемлекеттерге домино принципімен әсер етті. Себеп көп. Соның бірі – әлемдік сауданың басым бөлігі АҚШ долларында жүзеге асады. 2020 жылы да жаһанды осыған ұқсас сценарий күтіп тұрғандай. Мұндай қауіпті болжам айтуға негіз бар ма? Тек бір ғана деректі келтірейін. Биыл АҚШ-та алғашқы жартыжылдықта 3 600-ге жуық компания банкроттыққа өтініш берген. Себеп – коронавирус. Егер дүниежүзіндегі төлем операцияларының 60 пайызға жуығы әлі де доллармен жүргізілетінін ескерсек, онда 2008 жылғы жағдай 2020 жылы да қайталануы бек мүмкін секілді. Оған қосымша екі себепті келтіруге болады. Алғашқысы – коронавирус тек АҚШ-тың ғана емес, әлемдегі көптеген мемлекеттің экономикасына соққы жасап, ғаламдық дағдарысқа жақсы жағдай жасап қойды. Екіншісі – әлемдік саудада орны ерекше ірі корпорациялар, бренд иелері жабыла бастады. Мыңдаған дүкеннің есігіне қара құлып салынды. Карантинде киім керек емес. Корона­вирус ушыққан кезде көптеген мемлекет карантин енгізді. Бұл күнделікті сауданы тоқтатты. Бұдан, әсіресе киім-кешек сатушы алып компаниялар шығын көрді. Мәселен, испандық Zara брендінің қожайыны Inditex компаниясы әлемде 1 200 дүкенін жапқан, себебі сатылым 44 пайызға немесе 3,3 млрд еуроға құлаған. Компания енді шығынды өтеу үшін онлайн саудаға күш салмақ. Ағылшынның Victoria's Secret брендінің иесі L Brands (LB) компаниясы да 250 дүкенін сыртынан кілттеп қойды. Себебі биыл сауда 46 пайызға немесе 821 млн долларға азайған. Сондықтан компания кредиторлардан қорғану мақсатында банкроттыққа өтініш берді. Биыл компания брендті 1,1млрд долларға бағалап, оны сатып жібермек болған. Өйткені тек Солтүстік Америкада оның 849 дүкені бар (оның басым бөлігі әлі жабық). Дегенмен келісіп қойған жерінен Sycamore Partners компаниясы пандемия барысында ниетінен бас тартты. Осылайша, қымбат киім сататын брендтің басына қара бұлт үйірілді. Жоғарыда айтылған тек қымбат брендтер ғана емес, қолжетімді, барлығы үшін деп саналатын casual киім сататын компаниялардың да жағдайы жақсы емес. Себеп көп. Соның бірі – карантинде үйінде отырған жұрттың киімге сұранысы өте төмен. Бұл фактор АҚШ-тың атақты  Gap брендіне де соққы болған. Компанияның жағдайы былтыр да оңып тұрмаған еді, 141 дүкені жабылған тұғын. Биыл олардың саны 170-ке жетті. Gap қазір сауда орталықтарына дүкендерінің жалға алу ақысын төлемейтін компанияның қатарында. 115 млн доллар қарызы бар. Пандемия аяқталса да, киім сатушы компаниялардың жағдайының оңалуы екіталай. Өйткені McKinsey жүргізген сауалнама бойынша, клиенттердің 67 пайызы киімге азырақ ақша жұмсамақ. Оған қоса, киім қоймаларын ұстау да тиімсіз болып барады. Сауда жүрмеген соң олар лық толған. АҚШ-тың спорттық аяқкиімдерін өндіруші атақты Nike компаниясы биыл 790 млн доллар шығын көрді. Ал былтыр осы уақытта 989 млн доллар пайда тапқан болатын. Вирустың ешбір компанияны аяйтын түрі жоқ. Оның өз себептері бар. Компанияның 90 пайыз дүкендері көктемде 2 ай бойы жабық тұрды. Бұл көтерме сауданың 50 пайызға кемуіне әкелді. Есесіне, спорттық аяқкиімді интернеттегі дүкендер арқылы тапсырыс беретіндер 75 пайызға өскен. Nike жыл соңына дейін шығынын өтеп алуды жоспарлап отыр. Себебі дүкендері қайта ашыла бастаған. kolik Ұлыбритания бизнесі «ұлып» тұр. Коронавирустың салқын самалы тек АҚШ-тың ғана емес, Британияның да белді де беделді брендтеріне кесірін тигізіп жатыр. 2020 жылдың алғашқы алты айында ағылшын жерінде түрлі деңгейдегі 2 123 дүкен банкрот деп танылған. Онда 49 мың адам жұмыс істеген екен, яғни осынша азамат қол қусырып қалды деген сөз. Лондонның ең ірі әмбебап дүкені Harrods 4 800 қызметкерінің әрбір 7-шісі жұмыстан босайтынын хабарлады. Себебі сауда көлемі азайған. Оған әсер еткен фактор көп. Олардың қатарында карантин барысында әлеуметтік арақашықтықты сақтау, парфюмді иіскеп, опа-далапты қолданып көруге тыйым салу талаптары бар. Шетелдік туристер саны да күрт азайған. Arcadia сәнді киім компаниясы 2 500 қызметкерінің 500-імен қош айтысамыз деп мәлімдеді. Harveys жиһаз дүкендерінің желісі, TM Lewin ер азаматтарға арналған киім шығарушы фирма да жұмысын тоқтатты. Осылайша, 800-ден астам адам далада қалды. Сондай-ақ сарапшылар ағылшынның атақты Debenhams әмбебап дүкендер желісі мен Marks&Spencer, Next, New Look секілді киім брендтері де банкроттық белшесінен батуы мүмкін деп болжам жасап отыр. Автомобиль алуға ақша жоқ. Жұқпалы аурудың таралуы тек киім-кешек, косметика, парфюмерияның ғана емес, автоиндустрияның да «аяғынан шалып» жатқандай. Өйткені жұмыссыз қалған жұрттың көлік секілді қымбат тауар алуға мүмкіндігі жетпейді. Осы себепті Nissan Еуропада өндірісін азайтып, Жапония, АҚШ, Қытай нарығы үшін күреспек. Сондықтан Еуропада Juke және Qashqai секілді қос кроссоверге басымдық беріледі. Қалғаны Жапониядан тасымалданбақ. Бұл – Еуропадағы екі зауыт жабылуы мүмкін деген сөз. Соның бірі  – Nissan Navara, Renault Alaskan  және Mercedes X маркаларын шығаратын Барселонадағы зауыт. Renault компаниясы да дағдарысқа қарсы жоспарының аясында бірнеше модельдің өндірісін тоқтатпақ. Ол Espace, Scenic, Talisman, Megane, Koleos кроссовері және Alpine A110 спорткупесі. Сондай-ақ компания басшылығы Францияда өзінің бірнеше зауытын жабуы мүмкін. Жаппай жұмыссыздық басталмауы үшін Renault Франция үкіметінен 5 млрд еуро несие сұрауды жоспарлап отыр. Көлікті жалға беретін америкалық алып Hertz компаниясы да өзін банкрот жариялады. 1918 жылы құрылып, ұлы тоқырауды бастан кешіріп, бүгінге дейін әлемнің 12,4 мың нүктесінде жарты миллион көлік ұстап отырған компания пандемиядан аман өте алмады. «Мені елден айырған Хан Жәңгірдің екпіні» демекші, Hertz-ты көлік нарығынан ығыстырған карантиндегі шектеулер. Өйткені компания көліктерінің басым бөлігі әуежай маңында жалға беріледі. Ал әуеқатынастары тоқтап, шекара жабылған соң көлікпен саяхаттауға, бизнес-логистикаға сұраныс күрт азайған. Бұл компания акцияларының 82 пайызға арзандауына әкеп соқты. Hertz-тың қайта оңалуына 18,8 млрд доллар керек. Мұншама қаражатты ешкім бере қоймас. Сондықтан компания өзін банкрот жариялады. 2008 жылғы сценарий қайталана ма? Сонымен, АҚШ-та пандемиядан ең көп зардап шегіп, банкроттыққа өтініш берген салалар анықталыпты. Ол мейрамхана – 530, құрылыс пен жеткізу қызметі – 498, тұрғын үй саласы – 480, медицина – 466, мұнай мен газ саласынан 419 арыз түскен. Сәйкесінше, осыншама компания банктерге, басқа да кредиторларға несие қарызын бере алмайтынын жеткізеді. Яғни, өз кезегінде бизнестен қаражатын қайтара алмаған банктер ертең қиындыққа ұшырауы ғажап емес. Ал мақала басында айтылған банкрот 3 600 компания өз жұмысшыларының басым бөлігін көшеде қалдыратыны анық. Қазір әлемнің ең ірі экономикасында дағдарыстың осындай белгілері көрініс тауып жатыр. Аталған процесс өзге елдерге ықпал етуі әбден мүмкін. Себебі басқа мемлекеттердің экономикасы да пандемиядан шатқаяқтап тұр.  

Нұрмұхамед БАЙҒАРА